28 Желтоқсан, 2011

Елге жасаған жақсылық еселеніп қайтатыны анық

600 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанда әлеуметтік салаға қамқорлық таныту аясы кеңейе түсуде

Қазақстанда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару, үздік әділ сот болуы тиіс. Жаңа әлеуметтік Стратегия – әрбір қазақстандықтың игілігі жөніндегі менің қамқорлығым. Бұл біздің еліміздегі барлық атқарушы биліктің де қамқор­лығы болуға тиіс.  Мен өзімнің Қазақстан халқы­на жаңа Жолдауымды осы мәсе­леге арнағалы отырмын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

“БЕРЕКЕ-А” – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ДОСЫ

Қалың құйқалы оңтүстікте қа­йы­рымдылық жасағанды сауап­қа балайтын жаны ізгі адам­дар көп. Шық бермес Шығайбайдай “тап­қаным өзімдікі” деп бауы­ры­на тыға бермей, пайдасының бір бө­лі­гін тұрмыс қиыншылығынан қа­жып жүретін адамдармен бөліседі. Асфальт жол салуға маман­дан­ған, оған керекті бар технология, қондырғылар, шағын зауыт, техникаларына дейін түп-түгел “Береке-А” корпорация­сы­ның президенті Рәшкүл Ос­панәлиева ханым осындай жан. Таңертеңгілік жұмысқа келгенде қабылдау бөлмесінде адам­дар кезекке тұрады. Жұмыс жағ­дайы­мен емес, бір берсе осы Рәшкүл беріп қалады-ау деп үмітін ар­қалап келгендер. – Мүмкіндігімше жағдай­ларын сұрап, барар есік, шығар тауы жоқ­тарға қаржылай көмек беруге ты­ры­самын, – дейді Рәшкүл Жә­лел­қызы. – Бірақ, ішінде әркімге қол жайып масылдық өмірге үйреніп қалғандар да болады екен. Отбасы жағдайын сұрап “шын қиналып жүрсеңіз не ері­ңізді, не балаңызды жұмысқа ала­йын” десем, “не сенен жұмыс сұрап келдім бе, берсең ақшаңды бер, бермесең өйтіп қыжыртпа” дейтіндер де кездеседі. Ал, солар менің бір салаға толық маман­да­нып, бар техникам болу үшін мил­лиондаған доллар несие ал­ғанымды білмейді, білсе де құ­лақтарына қыстырмайды. Ау, мен тәуекелдің арқасында, Елба­сы­ның кәсіпкерлерді қолдауы­ның арқасында осындай биікке жеттім ғой. Әйтсе де қайырымдылық – Рәш­күл ханымның сүйекке сің­ген әдеті. Жұрт Оспанәлиева сай­лау­ға түссе бір қуанып қалады. Үкі­мет үлкен көшелерді, даң­ғыл­дар­ды жөн­деуге қаражат бө­ле­ді, ішкі орамдар кейінге сырғытылады. Кездесу барысында сондай кө­шеде тұратындар Рәшкүлге ама­нат айтады. Сайланғанша уәдеге қарқ қылып, кейін ұстатпай кететін кейбір депутаттардан жөні, жо­сығы бөлек. Уәде берді, орын­дай­ды. Осылайша, талай қысқа орамдар Рәшкүлдің демеуші­лігі­нің арқасында тегін асфальтталды. Асфальт дайындайтын зауыт­тары толық компьютерлендірілген, жол салатын, тегістейтін тех­нологиялары жаңаланып тұ­ра­­тын, Германия, Қытай секілді мемлекеттерден арнаулы мамандар шақыртып, жаңа қондыр­ғы­лар­дың қыр-сырын жұ­мысшы­лары­на үй­ре­­тетін, кәсіби ше­бер­лігін жетілдіретін корпорация қыз­ме­ті­не бүгінде об­лыс­тан бө­лек, рес­пуб­лика­лық ауқымда да сенім үлкен. “Бере­ке-А” кор­­порациясы жұрт аузында ғасыр­лық жоба атанған “Батыс Қытай – Ба­тыс Еуропа” автомагистраліне өз үлесін қосуда. Корпорация көп салалы. Тек, асфальт салумен шектелмейді. 2008 жылы Сарыағаштың бірнеше ауылдарын су алғанда тез ара­да он үй салып берді. “Достық” ауылында аз қамтамасыз етілген отбасыларға өз қаржысы есебінен алты үй, Қазығұрт ауда­нын­да он үй салды. Корпорация қанатын жайып, үлкейгеннен кейін қайырым­ды­лық іс-шараларын да көбейткен. Облыс орталығындағы “Қамар” қайырымдылық мекемесінің тәр­биеленушілері мен ардагерлер ұйы­мына тұрақты қаржы бөліп тұрады. Аты-шулы ВИЧ оқиғасы кезінде де сырт қалмады. Бір ба­ла­ның тұрақты емделуіне бар керекті қаржысын төлеп беріп оты­ра­ды. Студенттерге грант бөл­генде де көмегін көрсетіп келеді. Шымкент шаһары Қазақ­стан­дағы үшінші қала болады деген сөз Елбасының аузынан айтыл­ды. Алайда, күннің көзі көбірек түсетін, халқы көп өңірдің та­би­ғаты осы қисынға кел­генімен, Шым­кент­тей шаһары­ңыз­да, бас­қа­сын айтпағанда, Неке сарайы жоқ бола­тын. Дүниеге сәби әкелуден Қазақстан бойынша алдыңғы орында тұрса да сәу­летті ғимарат­тары­мен де мақтана ал­май­тын. Облыс бас­шысы Асқар Мыр­захметов осы лауа­зымға та­ғайын­да­лы­сымен-ақ Шым­кент­те­гі көп жоқтың ор­нын толты­рып берді. Облыс әкі­мі­нің тікелей тапсырмасы бо­йын­ша сәу­лет­шілердің бәрінің басын қо­сып, түрлі салалар бо­йынша конкурс жариялаған. Кә­сіпк­ер­лер­мен келелі кеңес өткіз­генде осы жоба­лар­ды алдарына тартты. “Ха­лық өздеріңіздікі. Қа­ла өзде­рі­ңіздікі. Елде болса ерінге тиеді деген. Биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі аясын­да қандай үлес­теріңізді қоса­сыз­дар?” деген. Кә­сіпкерлер тосы­лып қалды. Қа­пе­лімде қал­таң­дағы ақшаға қол сұғу қиын екен. Об­лыстық депутаттар корпу­сын­дағы жалғыз ха­ным, «Береке-А» кор­пора­ция­сы­ның президенті Раш­күл Ос­панәлиева орнынан тұрып кетті. – Жігіттер, неге тосылып қал­дыңдар? Қаржыны маңдай терімізбен тапсақ та еліміздің, Отаны­мыздың арқасы. Қала көркейіп жатса, бәріміздің мерейіміз ғой. Осылай деген ол бағанадан бері көз қиығымен бағып отыр­ған сәулетті құрылыстың жоба­сы­на қолын созды. Бұл – бүгінгі күнде Шымкент шаһарының шы­­ра­йын ашып тұрған Неке сарайы еді. Қымбаттау тисе де қазақтың қайсар қызы осындай тәуекелге бар­ған. Жігіттер де қарап қал­ма­ды. Бір-бір жобаны меншіктеген. Қазір Шымкент атты кісі түсіп қарай­тындай әсем қалаға айналды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қандай ны­сан­дар салынды дегенге келсек, қыс­қа мерзім ішінде «Даңқ» мемо­риа­лы, «Шәмші әлемі» кешені, Ш.Қалдаяқов ескерткіші, дарын­ды композиторлар мен әнші­лер­дің «Жұлдыздар» аллеясы, Жастар орталығы, Неке сарайы, Даңқ­ты спортшылар және Жас жұ­бай­лар аллеясы, орталық субұр­қақ ашылды. Дендросаябақ ау­ма­ғында жаңа демалыс орны іске қосылды. Қазығұрт, Түлкібас аудандарында спорттық-мәдени сауықтыру кешені, Түркістан қа­ласында Жеңіс саябағы, Отырар ауданында «Батыр аналар» гүл­зары, «Менің Қазақстаным» ал­лея­сы халық игілігіне берілді. – Біздің бизнесіміз тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ Тұңғыш Президентіміздің қалт­қысыз қамқорлығымен көркейіп келеді. Әрине, қиындықтар, күр­де­лі жағдайлар көп кездесті. Со­лар­дың бәрін жеңуде біз Мемлекет басшысының жәрдемін сезініп, жігерленіп жүрдік. Бүгінде «Береке» бүкіл елге белгілі. Автомобиль жолдарын, көпірлер салуда, жалпы, құрылыс бизнесінде алдыңғылар сапындамыз. Маман­дары­мыздың шеберлігін ше­тел­дер­де және өзімізде шың­дай­мыз. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы бо­йынша да ел алғысына бөлену­де­міз. Қа­ра­пайым халықтың рахметі мен батасын алмай адамның көгеріп, өсіп-өнуі мүмкін емес. Сондық­тан жұмыс істеген ал­ғаш­қы күн­нен бастап мен бұған өзімнің шама-шарқыма қарай көңіл бөліп келемін, – дейді Рәшкүл ханым. Шымкент қаласы, Қазығұрт, Төле би, Сарыағаш және Бәйді­бек аудандарында “Береке-А” кор­пора­ция­сының қайы­рым­ды­лық жұ­мыстарының ізі сайрап жатыр. Мә­селен, «Корпорация «Береке- А» ЖШС Оңтүс­тік Қа­зақ­стан облысы бойынша әлеу­мет­тік жобаларды іске асы­руға 729 553 838 теңге қарас­тыр­ған, оның дені орындалды. Оңтүстіктегі депутаттар кор­пусындағы жалғыз қазақ­ қызы Мұхаммед пай­ғам­бардың хадисінде айты­ла­тындай “қайырым­ды­лық, сауап­ты істер адамды мың түрлі пәле­ден сақтайды” дегеніне осы­лай үлес қосып келе жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.