28 Желтоқсан, 2011

Денсаулық сақтауға ден қойылуда

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау» мемлекеттік мекемесі өңірде медициналық, әлеуметтік ғимараттардың көп­теп салынуына ықпал жасауда. Атамыз қазақ «дені саудың, жа­ны сау» деп қалай орынды айт­қан. Ел­басы Н.Назарбаев Қа­зақ­стан хал­қы­­на Жолдауында адам­дар­дың бос уа­қыттарын мәнді де сәнді өт­кі­зіп, өз­дерінің денсау­лық­тарын шың­­дау­ла­рына көңіл бө­лу­лері қажет­ті­лігін айтқан. Шығыс Қазақстан облыстық ден­­саулық сақтау басқармасын өз ісінің білгір маманы Ерлан Масалимов басқарады. Ерлан Тоқтар­ұлы шаруа­мыз­дың барысымен таныс­қан соң ат­қа­рып жатқан істерінен мағ­лұмат берді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау сала­сын күнделікті назарда ұстап отырады. Соңғы екі-үш жылда облыста бірнеше емхана мен ауруханалар іске қосылды. Бұрын аудан орталығы болған Катонқа­ра­ғай ауылында күн талабына сай жаңа аурухана пайдалануға берілді. Ол осы за­манғы медици­на­лық жабдық­тар­мен және қон­дырғылармен жаб­дық­талған. Бұ­рындары ауыл тұр­ғын­дары Үл­кен Нарындағы орта­лық ауру­ха­наға немесе шалғайда жатқан облыс орталығы Өскемен­ге емделу үшін шығынданып сапар шегетін. Облыс орталы­ғын­да­ғы ауруханада кезек көп, сон­дық­тан бірден дәрігер қабылдауына тап болу да оңай шаруа емес. Өңір басшысы бұл проблеманы жақсы білетін, сондықтан диагности­ка­лық орталыққа келіп, бас­шы­лар­мен, дәрігерлермен тілдесті, кезекті азайту туралы ойларын ортаға салды. Сөйтіп, кезек мә­селесі біртіндеп шешілді. Ал енді алыстағы ауылдар­дың тұрғындары облыс орталы­ғына немесе Астана мен Алма­ты­ға сабыл­мас үшін не істеу керек? Ең алдымен, компьютерлік томография және шағын диаг­нос­тикалық орталықтар ашу қа­жеттігі туды. Алманияның «Сименс» маркалы компьютерлік томографиясы об­лыс­тық ауруха­наға орнатылғаннан бері сырқат жандар жүрегі, өкпе-бауыры, ас­қа­зан, бүйрегін тексерту мүмкін­ді­гіне ие болды. Аса сапалы қон­дыр­ғылар сырқат жан­дар­дың ауруын тез анықтайды, сосын сол бойынша ем қолданыла бас­тай­ды. Сондай-ақ, диагнос­ти­ка­лық орталықта магнитті-тербелісті томография да іске қосылып, сырқат жандарды тексеруде. Шығыс Қазақстанның кейбір аудандары облыс орталығынан шал­ғайда. Мәселен, Үржар – 600, Зайсан – 500, Мақаншымен іргелес Бақты кедені 700 шақы­рымда жа­тыр. Қазіргі таңда адам­дардың денсаулығы, оларға жағдай жасау қажеттігі туындағаны белгілі. Сон­дықтан да, Зырян қаласында ша­ғын диагностикалық орталық ашыл­ды. Бұдан былай Катон­қа­рағай ауданының тұрғындары таяқ тастам Зыряндағы шағын орта­лық­та емделіп, денсаулық­тарын түзеуге мүмкіндік алды. Зайсан мен Аягөзде де шағын диагностикалық орталықтар ашы­луға әзір. Зайсанға көрші Тарба­ғатай, Күршім аудан­дары­ның, ал Аягөзге Жарма, Үр­жар аудан­дарының тұрғындары келіп, тексерістен өту құқығына ие болды. Облыс әкімі сонымен бірге жақында тоғыз реанимобиль кө­лік­терін сатып алуға қаржы бөл­гіз­ді. Үстіміздегі жылы «Жол кар­та­сы» бойынша 800 миллион тең­ге қаржы Күршім, Үржар, Ая­гөз ау­дан­дарындағы ауруха­на­ларға бөлі­ніп, күрделі жөндеу жүргізілді, ар­найы жабдықтар мен қондырғылар сатып алынды. Елбасының  айтқан тапсырмасы – су тарту, газ орнатып беру мә­селелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, бірнеше аудан­дар­дағы ауруханалар мен емханалар сумен қамтамасыз етіліп, дәрі­гер­лердің балалары балабақшаға орналастырылды. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп қалай орынды айтылған. Соңғы бір жылда ғана облысқа 138 дәрі­гер қызметке келді. Қазір білімді де білікті дәрігерлерді ауыл­дарға шақыру оңай емес. Ең ал­ды­мен, олардың тұрмыстық жағ­дай­ларын шешіп беру керек. Пәтер болмаса, дәрігерлер ауыл­дан ат-тондарын ала қашады. Семей, Ал­маты және Астана­да­ғы дәрігер­лік білім беретін жоға­ры оқу орын­дарын­да өзім бірнеше рет болып, еңбекке орн­а­лас­тыру жөніндегі жәр­меңкеге қа­тыс­тым, нәтижесі жаман бол­ма­ды, келсе өкін­бей­тін­дерін айтуға тура келді. Шы­нында да, бірер жылда жас ма­ман­дарға 86 пәтер кілті бе­рілді. Қызметке орна­лас­қан кезде көтер­ме­леу сый­лық­тары жасалды. Тек Өс­кеменнің өзінде дәрігер­лер­ге 48 пәтер  берілді, дейді бас­қарма басшысы. Ана мен бала бағдарламасы бойынша сәбилердің өлімін азайту жөнінде өңірде арнайы бағдар­лама қабылданған. Семейдегі пе­ри­на­тал­ды орталықта, Зай­сан, Ая­гөз, Зырян аудан­дарын­дағы ем­ха­на­лар­ға 500 миллион тең­ге­нің жаб­дық­тары мен қондыр­ғы­лары сатып әперілді. Қа­зір УЗИ барлық жерде орнатылған, қажет кезінде көмек көрсетіледі. Біздің мекеменің араласуы­мен бұл күндері Семейде 300 орындық жедел жәрдем көмегі ауруха­на­сының кұрылысы бас­тал­ды. Соны­мен бірге, 80 орын­дық балаларды туберкулез ауруы­нан емдейтін аурухана құрылысы да қанат жайды. Өскемен жібек-мата комбинаты қалашығын­да жаңа­дан қан тап­сыру орталығы құрылысы бас­тал­ды. Қазір Семейде магнитті-тербелісті томограф жұмыс істеп тұр, ал Өскеменде аталмыш қондыр­ғы жақын арада қойылмақ, дейді сала басшысы. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.