28 Желтоқсан, 2011

Жылылық шуағын шашқан зауыт

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Театр киімілгіштен басталатыны­ның» мән-мағынасын білсек те, тіршілік атаулы кәдімгі пештен баста­ла­тыны даусыз. Осынау өмірлік ғақлия тізгініндегі қарапайым әрі аса қажет іспен айналысып жатқан кәсіпорын­ның бірі – Бурабайдағы қазандық ме­ха­ника­лық зауыты. Ұжымды 30 жыл бас­қарып, зейнеткерлікке шықса да, қазіргі бас­шы­лықтың қалауымен бас конструктор қыз­метін атқаратын  Виктор Кондрашев кә­сіп­орынның қазіргі атауы «АзияЭнер­гоПроектМонтаж» ЖШС Щучье өн­ді­рістік филиалы деп шұбыртып жат­пай­тындығы да түсі­нік­ті. Жұртшылық бая­ғы­дай атайды. Мә­селе онда емес, мәселе мәнде, атқа­рыл­ған іске сай жұртшы­лық­тың жүрек қабылдауында. Бас директор Марат Ахметов те солай ойлайды. «Әрине, өндіріс орнының өз жос­пар­лары бар. Бірақ, түпкі мақсат – адамдар жүрегіне жылылық шуағын ұялату», – дейді бүгінгінің басшысы. Мұның төркіні қайырымдылық қой. Ол үшін қуат керек. Оны түпкі мақсатын түсінген мейірімді жүректер жасайды. Қуат демекші, кез келген сұраныстағы қазандықтарды дайын­дап, орналастырып беретін, құрылыс материалдары және құрылыс ісімен айналысатын кәсіпорын 2008 жылы 562,9 миллион теңгенің өнімін өндір­се, 2011 жылы көрсеткіш 1020 миллион теңгеден асқалы отыр. Кәсп­орын­ның негізгі тұтынушылары қатарында  Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Көлік және коммуникация министрлігі, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-тың барлығы біраз гәптің бетін ашқандай. Оның үстіне жыл сайын Қызылорда, Семей, Павлодар, Атбасар, Ерейментау, Қаракемер, Астраханка, Құсмұрын, Приозер, Риддер, Курчатов, Қосшы, Первомай қалалары мен Қопа стансасының, Ертіс кенішінің қазандықтарын жөндеу де Бурабай кәсіпорнының мойнында. Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Семей, Балқаш, Степногор, Ембі, Щучье, Ганюшкин  және басқа қалаларда заманалық қазан­дықтар орнатылды. Дәл қазір Ақтау қаласындағы мұнай жинақтау пункті­нің қазандығы құрастырылып жатыр. Ұжым жаңаөзендіктерге де қол ұшын беруге дайын екендігін білдіруде. Зауытта жұмыс істейтін 220 адамның орташа жалақысы биыл 105,1 мың тең­геге жеткен «АзияЭнергоПроект Мон­таж» ЖШС-ның кез келген ұсы­ныс­ты қабылдай алатыны шүбә келтірмейді. Өйткені, ол бюджетке жарты миллиард теңгеге жуық төлемдер аударып, Бурабай курортты аймағын дамытуға сүбелі үлес қосып отыр. Щучье қаласының тіршілік ауанын қалыптастырушы кәсіпорын жергілікті билік түзген сан-алуан шараларға белсене қатысады. Зауыт кәсіптік лицейге, интернационалист-жауынгерлер ода­ғы­на, күрес федерациясына, мешіт пен шіркеуге, соғыс және еңбек ардагерлеріне,  ұжымның бұрынғы жұмыс­шы­лары­на дәстүрлі көмек-қолдау шара­ларын өткізу­ді абзал парыз санайды. Есепке келсек, 2008 жылы 881895 тең­генің, 2009 жылы 910485 теңгенің, 2010 жылы 1515679 тең­генің демеушілік көмегі көрсетіліпті. Оның ішінде та­би­ғат апатынан зардап шеккен Ал­маты облысындағы Қызыл­ағаш ауылы­ның тұр­ғындарына арналған 335 мың теңге қаржы бар. Ал, биыл жергілікті мешіт құрылысына 533 мың теңге, қарт­тар ай­лы­ғын қолдауға 295 мың, ауған соғысы ардагерлерін көтер­ме­­леуге 125 мың, Ақ­мола облысы күрес федерациясын қол­дау­ға 110 мың теңге, ұжым мүшелерінің тұрмыс жағдайын көтермелеуге 250 мың теңге, тағы бас­қаларын қосқанда 3 миллион теңге­ден астам ақшалай қаржы жұмсалыпты. Іргелі кәсіпорында «Үздік цех», «Үздік маман», «Үздік өндіріс шебері», «Кәсібі бойынша үздік» байқау­лары игі дәстүрге айналғанының тә­лім­дік мәні бар. Іріктеу талаптарының қатаңдығына қарамастан, биыл жергілікті лицейдің алты түлегі ұжым қатарын толықтырды. Бұл да жүрек жылытатын үрдіс. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.