Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2018

Мемлекеттік қызметшінің жалақысы жаңаша төленеді

1287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізілмек. Оралда журналистермен жүздескен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов реформаның жәй-жапсары туралы кеңірек айтып берді.

Мемлекеттік қызметшінің жалақысы жаңаша төленеді

Лауазымды жұмысты атқару үшін қажетті білімі, жауапкершілік дәрежесі мен түпкі нәтижеге байланысты еңбекті бағалау жүйесі АҚШ, Сингапур, Жаңа Зеландия елдерінде қолданылады екен. Біздің елімізде 174 жеке және квазимемлекеттік компания да өз қызметкерлеріне дәл осы әдіс бойынша жалақы төлеп отырған көрінеді.

Әзірге пилоттық жүйе енгізілген мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 2 есеге өскен. Бос орынға байқауға қатысушы саны да 3 есеге көбейген, кадр кетуі 3 есе азайған.

Бұрын аймақтар пен орталық мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысындағы айырмашылық 70%-ға дейін жетсе, қазір 10%-ға дейін қысқарды.

Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің пилоттық жаңа жүйесін жүзеге асыруды тапсырған болатын. Реформаға пилотты орган ретінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі, Әділет министрлігі, Маңғыстау және Астана қалаларының әкімдіктері таңдалды. Бұл жобаны дайындауды Агенттік «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2015 жылдан бастаған екен.

Бүгінде мемлекеттік қызметкер екі параметрі – еңбек өтілі және лауазымына сәйкес қана жалақы алады. Бірақ атқарып отырған жұмысының күрделілігі мен қызметкердің тиімділігі есепке алынбай, сыйлықақы, үстемақылар бірдей өлшемде беріледі. Осылайша орталық пен аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мемлекеттік пен жеке сектордың қызметшілерінің еңбекақысында тепе-теңсіздік пайда болған.

- Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі осы кемшілікті жояды. Енді жалақы факторлы-баллдық шкала негізінде тіркелген бөлігінен және бонустар – ауыспалы бөлігінен құралады, - дейді Болат Исақов.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ведомствалық бағынысты ұйымдарды жекешелендіру мен шоғырландыруды жеделдетуді және босатылған қаражатты еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне биыл енгізуді тапсырған болатын.

- Мемлекеттік органдар басшылары қазірдің өзінде үнемделген қаражатты қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін пайдалана алады» - дейді Б.Исақов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан