Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2018

СДУ әлемге танылған бүркітші Айшолпанға білім грантын ұсынды

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде ең жас құсбегі атанған қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқа СДУ университеті 100% білім грантын ұсынды.          

СДУ әлемге танылған бүркітші  Айшолпанға білім грантын ұсынды

Бұл шешімді білім ошағының басшылығы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың Айшолпанға «қалаған отандық оқу орнына түсуге қолдау көрсетіледі» деген  ұсынысына байланысты қабылдады. Қазақтың атын әлем елдеріне паш еткен қандасымызды Атамекенге оралған сәтінде ыстық ықыласпен қарсы алып, жоғары білім алуына жан-жақты жағдай жасау қажет,  деген ниетте білім ордасының басшылығы.

Қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқан үшін қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқа СДУ университетінің 100 пайыздық грантын тағайындаймыз. Әрине, қандасымызға әлемнің үздік университеттері ұсыныс білдіргені үлкен мақтаныш. Алайда, атмекенді аңсап келген дарынды жастарға қолдау көрсету, олардың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және білімін шыңдап, еліне елеулі қызмет атқаратын азамат тәрбиелеу – басты мүддеміз, - деген пікірде  СДУ ректоры Қанат Қожахмет.

Айта кеткен жөн, Айшолпан туралы ондаған фильмдер түсірілген. Бүгінгі таңда ол Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» деген маратпатқа ие. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген қазақ қызының құсбегілік өнері жайлы АҚШ режиссері Отто Белл деректі фильмінде дәріптеп, күллі әлемге паш еткен. Қазір 16 жасар бойжеткенді әлемнің белді жоғары оқу орындары - Гарвард пен Оксфорд білім алуға шақырған. Алайда, Айшолпан отандық оқу орнында білімін шыңдағысы келеді және осы сәтте бойжеткеннің болашақта журналист мамандығын таңдайтыны мәлім болды.