Ел дегенде егіздей болып айтылатын ерен есімдер болады. Соның бірі Қаратай Тұрысов есімі.
Оның өз өмірін туған елінің өсу, өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткені тарих беттерінде сайрап жатыр. Әрине, барлық адамдар да өз деңгейінде елге қызмет етеді, жасампаздыққа жақсы үлесін қосуға тырысады. Бірақ солардың ішінде мойнындағы күнбе-күнгі міндетін ғана атқарып, ұзақ жыл қалыптың қасаң қағидасымен қызмет атқарғандар көп те, өзіндік дара іздерін қалдырғандары сирек болады. Өйткені, мұндай іске ақыл мен қайраттан басқа жалындаған жүрек керек. Ұлы Абай осы үшеуін бірдей ұстауды өсиет етсе, Қарекең оны бүкіл өмірінде қате қылмай, алып жүрген.
Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Талас өзенінің бойындағы қырғыздармен шекаралас «Жас өркен» деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Жастық шағы өмір үшін күрестің жансебілдік азабымен өтті. Бұлар бүйірі шығып ас ішіп көрмеген, иығы бүтін киім киіп көрмеген, көңілі толып, мәз-мейрам болып күліп көрмеген ұрпақ еді. Үнемі жоқшылық пен таршылық оларды төмен тұқыртып, еңселерін езіп тұратын.
Қолдан жасалған аштық халықтың жартысын қырып, біраз бөлігін қаңғыртып жіберген. Бұлар дүние есігін ашқанда оның зардабы әлі тарқамаған. Әлі де ашқұрсақ жүретін халық тоя тамақ жеудің не екенін білмей, азға қанағат етіп қана жүре беретін.
Аяқты апыл-тапыл басқан шақтарында халықтың еркін әбден жаншып, жігерін жасытатын жаңа тәсіл табылып, «халық жауы» деген пәле шығады. Әне шауып кетті, міне, тиіп кетті деп жаппай тиген үрей үлкендерді сыбырлап сөйлейтін, жас баланы дауысын көтеріп жылай да алмайтын халге жеткізді. Одан соғыс келді. Елдегі қара жұмыстың бар ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Сен жас екенсің, бұғанаң әлі қатпаған екен деп аяған ешкім жоқ, аяқ-қолың сау болса болды, жұдырықтай қалпымен ала таңнан қара кешке дейін соқа сүйрейтін әбден қажыған арық өгіздің басына қонжитып қоя береді. Шабан өгіздің бас жібін әлсіз қолдарымен тартқылап, күні бойы шу-шүулеумен дауыстары қарлығып, шыбық үйірумен екі қолы салдырап қалатын балалар оның үстінен түскенде, екі аяғы қалтырап, сұйық көжеге зорға жетіп, сылқ түсетін...
Өмірдің барлық қиыншылығымен тайталаса туып, жағаласып өскен солар бәрібір мықты болды. Қайсысы болсын ештеңеден қайтпайтын шетінен өжет, табанды, оның үстіне алымды да, шалымды жігіттер еді. Өжеттігі сол емес пе, Қазақстанның бір түкпірінде туып, қазақ мектеп-интернатын бітіріп, ештеңеден қорғалақтамай, анау-мынау емес жер түбі Мәскеуге оқу іздеп барғандары.
Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітірген бір топ бала, ішінде Қаратай Тұрысовтан басқа Шерхан Мұртаза мен Шота Уәлиханов бар, жері суық, алыс әрі жат Мәскеуіңнің төрінен бір-ақ шығып, бәрі де оқуға түседі. Ол кездің қиыншылығы түгіл бертін, жаймашуақ жылдар болғанда да бұлай топталып барып, Мәскеудің оқуына тоғытылып түсу деген сирек оқиға болатын. Ал қайсар ұрпақ соғыстан кейінгі қиыншылықтарды, жоқшылықты көзге ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де астананың төрінен бір-ақ шығады. Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпірлерінен «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов та болып, ол астананың Түсті металл және алтын институтынан бір-ақ шығыпты. Ал Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына түседі.
Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды. Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді. «Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты» деп өзінің бір сұхбатында Қарекең геологияға келу себебін ашумен қатар, Сәтбаевтың өлшеусіз еңбегіне де бас иетіндігін айтып кетеді. («Арай» журналы, №№3-4, 1994 жыл). Осы сұхбатында әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаракең: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минералдар бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып» зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек... Арқаңда дорбаң... қолыңда балға-қайлаң... дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», дейді Қарекең.
Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Осы еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын да алды. Геофизикалық экспедицияның партия бастығы болған ол осы жылдары басқару жұмысына икемді, халықпен тіл табыса алатын қабілеті де зор екенін көрсетті. Қызығы мен қиыны көп бұл жылдарды артынан ол үнемі сағынышпен еске алатын.
Хрущевтің тұсында партияның басқару құрылымын өнеркәсіптік және ауыл шаруашылықтық деп екіге бөліп тастаған еді. Қарекеңдердің Ағадыр экспедициясы Ақшатау өнеркәсіптік аукомына қарайтын. Ұзатпай геологты аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағалығына сайлады. Бірақ оның бойына сыймаған қуаты кеңседе отырып, қағаз төңкерістіруге қанағаттанбай, қиын да күрделі істерге ұмтылатын. Осыны басқару саласындағы қызметкерлер де сезген болуы керек, көп кешіктірмей Қ.Тұрысов Қаражал қалалық парткомының әуелі екінші, 3-4 айдан кейін бірінші хатшылығына сайланды.
Осы қызметте алты жыл еңбек еткен Қаратай Тұрысов Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде қалдыруды көздейтін орталықтың әрекетіне іштей қатты қынжылатын. «Қаражал бой көтерген күннен бастап, өркен жайғанға дейін мен оның басы-қасында болдым. Оның кеніші шикізатты жан-жаққа жөнелтіп-ақ жатты. Бірақ қайтарым аз болды. Түпкілікті өнім шығаруға қол жеткізбегеннен кейін, шикізат арзанға кетіп жатты» деп артынан ол қиналып еске алатын. («Алматы ақшамы», 2 ақпан 1994 жыл).
Қарекеңнің геолог мамандығы партия қызметінде де өз пайдасын берді. Ол Қаражалдағы темір-марганец комбинатының дамуына, Жәйрем полиметалл кен орнының ашылуына білікті үлесін қосып отырды. Сонымен бірге, қаладағы балабақшалар, мәдениет үйі, мектеп, жазғы парк, бірнеше тұрғын үйлер Қарекеңнің кезінде көтерілген құрылыстар. Тұрысовтың кішіпейіл, көпшіл мінездерін қаражалдықтар күні бүгінге дейін еске алып отырады екен. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Мусиннің айтуына қарағанда, ол кейін де Жезқазған жаққа жолы түссе Қаражалға соқпай кетпеген. Ал Қаражалға келсе шахтаға да түсіп, қарапайым халықпен жолығуды ешқашан ұмытпаған.
1971 жылы Қарекең Қазақстан КП Орталық комитетіне қызметке алынады. Осының өзінен оның республикалық көлемде көзге түсіп, іскерлік қабілетін, кісілік, кішілік келбетін танытқандығын тануға болады. Қалай десе де ол кездегі билік адамның қасиеті мен қабілетіне үлкен көңіл бөлетін еді ғой.
1974 жылы Қаратай Тұрысов жаңадан ашылған Торғай облысының партком хатшыларының бірі болады. Орталық комитеттің кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп, олардың қабілеттерін орынды пайдалана білуінің бір мысалы осы Торғай облысынан көрінді. Онда барып облысты ашқан және оның экономикасын көтерген азаматтардың бәрі де артынан «Торғайдың топжарғандары» атанып, елімізге аты шыққан тұлғалар болды. Сол Сақан Құсайынов, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Евгений Башмаковтардың қатарында жарық жұлдыздай болып Қаратай Тұрысов та жүрген еді. Торғайдың сол жылдардағы өскенін тек тәуелсіздік жылдарындағы Астананың өсуімен ғана салыстыруға болатын шығар. 1970 жылы 13 мың ғана тұрғыны бар Арқалық қаласы аздаған жылда 80 мыңға жуық тұрғыны бар ірі қалаға айналды. 1971-80 жылдардағы Торғайдағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен екі есе артық болды. Ал тау-кен өндірісінде боксит қорының жаңа көздерін ашу, қоңыр көмірдің негізінде электр стансаларын салу, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыстардың ұйытқысы болып Қаратай Тұрысов жүрді.
Торғайдағы толымды еңбек қызу жүріп жатқан бір тұста, 1978 жылы Қарекеңді өкімет КСРО Министрлер Кеңесінің жанынан бұрынғы білім жетілдіру институтының негізінде жаңадан ашылған 2 жылдық Халық шаруашылығы академиясына оқуға жіберді. Бұл шаруашылық басшыларының ең жоғарғы буыны үшін арнайы ашылған оқу орны болатын. Онда нарықтық қатынастардың негізгі қағидаттары да таныстырылып, кәсіпорын басшыларының еркіндігін кеңейту мәселелері түбегейлі қарастырылатын еді. Сабақтарда жоспарлы-нарықтық экономиканың ұтымды тұстары ашып көрсетілді. Бұл артынан КСРО аумағында әлеуметтік-экономикалық үлкен дағдарысқа ұшыратқан стихиялы рынок пен мемлекеттің экономиканы басқарудан мүлде ығыстырылуына жол берген неолибералдық реформаларға қарағанда, әлдеқайда тиімді әдістер еді. Осы жолмен нарықты енгізген Қытай мен Вьетнамда ол өзінің артықшылықтарын іс жүзінде көрсетті.
Академияға теориялық экономикадан есімдері бүкіл әлемге танымал болған А.Аганбегян, Н.Мельников, Н.Некрасов секілді академиктер сабақ берді. Қарекең олармен тығыз қарым-қатынасын ешқашан үзбеген. Осында алған білімді ол артынан, Тәуелсіз Қазақстандағы Үкімет басшысының орынбасары болғандағы қызметінде орынды пайдалана білді. Осы қызметінде жүріп елді нарыққа өткізудің жолдарын жасаған Экономикалық реформалар жөніндегі республикалық комиссияны басқарғанда мәскеулік ұстаздарының ақыл-кеңесін алып отырған.
Академияны аяқтаған соң Қ.Тұрысов КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында кандидаттық диссертациясын қорғап, елге оралды. Алдын ала айта кетейік, 1993 жылы ол докторлық диссертациясын қорғағанда да академиядағы ұстаздары ғылыми жетекшілік жасаған.
Академиядан соң аз уақыт тау-кен жұмыстарындағы техникалық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі республикалық комитеттің төрағасы болып тағайындалған Қ.Тұрысов 1981 жылы Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметіне сайланды. Жаңа орын, жаңа қызмет болса да бұл сала Қарекеңе әлмисақтан таныс еді. Өйткені, ол қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғауға ежелден бейіл болатын. Бірақ партия 1984 жылы оны қайтадан өзіне тартып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына ОК өнеркәсіп саласын бақылайтын хатшысы етіп сайлайды.
Бұл – Горбачевтың өкімет басына келуімен КСРО қоластында туындаған ұлы өзгерістердің тууына дөп келген шақ болатын. Оның бір ерекшелігі – республикалардың өзін-өзі басқаруына молырақ ерік берумен қатар, биліктің барлық орталық аппараттарына республика өкілдерін жаппай тарту қолға алынып жатқан. Осы үрдістің әсерімен Кәсіподақтардың бүкілодақтық Орталық кеңесіне (КБОК) ұлттық республикалардың бірінен хатшы сайлау керек болғанда, таңдау Қаратай Тұрысовқа түседі. Сөйтіп, ол 1986 жылдың көктемінде үшінші рет Мәскеуге оралады.
Кәсіподақ қайта құрудың кезінде барлық салаға батыл араласып, бұрынғыдай партияның көлеңкесінде емес, белсенді әрекет еткен қоғамдық ұйым болды. Қарекең КСРО Министрлер Кеңесі төралқасының Н.Рыжков өткізген барлық отырыстарына қатысып, ұлы державаның үлкен саясатының қалай жасалатынын көзіммен көрдім деп еске алады. «1989 жылы мұндай отырыстар күнде өткізілетін, бірақ елдегі экономикалық жағдайды оңалту мүмкін болмады. Әлеуметтік кикілжіңдер барлық салада, соның ішінде көмір өнеркәсібінде жиі бұрқ етіп тұрды. Маған елдің барлық аймақтарында болып тұратын сондай кикілжіңдерді реттеу комиссияларына қатысуға тура келді» дейді ол. Осы қызметте жүргенде ол А.Громыко, С.Шалаев, Г.Янаев, Л.Абалкин, В.Павлов, Г.Явлинский, В.Черномырдин секілді белгілі тұлғалармен тығыз араласқан. АҚШ, Йемен, Бразилия, Куба және т.б. ондаған шетелдерде болған. 1987 жылы КСРО делегациясын бастап барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 42 сессиясының мінберіне де көтеріліп, халықаралық бейбітшілік жылының аяқталуына орай сөз сөйлегені де бар.
1991 жылы Қаратай Тұрысов елге оралып, Үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Мұнда ол, жоғарыда айтқанымыздай экономикалық саланы бақылап, жаңа реформалар енгізудің басында болды. Одан кейін Қарекең Туризм және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы секілді қызметтер де атқарды.
Қаратай Тұрысовтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сіңірген зор еңбегі – 1995 жылы сайланып, өмірінің соңына дейін 9 жыл бойы атқарған Мәжіліс депутаты қызметінде де айқын көрінді. Мұнда ол Бюджет және қаржы комитетінің үзіліссіз төрағасы болды. Депутаттардың алдында елімізді экономикалық тығырықтан шығаруға және одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын қабылдау міндеті тұрды. Осы жерде Қаратай Тұрысовтың биліктің барлық басқару сатыларынан өткен өмірлік мол тәжірибесі, зор білімі, сонымен қатар болашақты болжай білетін көрегендігі өзінің пайдасын көрсетті. Қарекең депутат болған тоғыз жылда Мәжіліс мыңнан астам заң қабылдаған екен, соның 60 пайыздан астамы экономика саласына қатысты болған. Бюджет экономикалық саясаттың дұрыс-бұрыстығын, орындалу тетігін қалыптастырады. «Қарекең маман әрі мемлекеттік тұрғыдан қарайтын азамат ретінде жылда қабылданатын бюджеттің мүмкіндіктерін әр саланың дамуына дұрыс пайдаланып, экономиканың шешуші бағыттарына жұмсалу керектігін қатаң қадағалаушы еді» деп еске алады әріптесі, артынан оның орнына комитет төрағасы болған академик Кенжеғали Сағадиев. Үкіметтің бір қайнауы ішінде болған заң жобалары да Қ.Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. Сондықтан «Үкімет мүшелері: «басқалары аңғармаса да Қаратай Тұрысұлы аңғарып отыр ғой» деп қобалжитындары айқын байқалып тұратын еді» дейді тағы бір әріптесі Ә.Кекілбайұлы. Бірде Парламенттің бірлескен отырысында Қарекең: «Мы и наши дети пьем воду, лечение от последствий употребления которой ни один бюджет не выдержит» деген екен. Осы сөз қамшы болып көп ұзамай «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Мұндай, бүкіл ел үшін шешуші маңызы болған мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.
2004 жылы 70-тен жаңа ғана асқан шағында Қаратай Тұрысов өмірден өткенде қайғырмаған қазақ баласы жоқ шығар. «Жаман адам кетсе – дүние кеңіп қалады, жақсы адам өтсе – дүние кеміп қалады» дегендей, исі қазақтың еңсесі бір сәт түсіп, есіл ерін өлдіге қимай езіліп тұрды. Артында қалған жары Әскергүл Жамбайқызы мен балаларына бәрі де өзегі өртенген көңілмен қайғыларына ортақтастық білдірді.
Қарекеңнің ел-жұрты оның есімін мәңгі есте қалдырудың шараларын да жасады. Тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш-тақта орнатылды. Тау-кен ғылыми-зерттеу институтына, Алматыдағы техникалық университеттің факультетіне Тұрысов есімі берілді. «Ғибратты ғұмыр» айдарымен Жандар Кәрібайұлы мен Төлен Қаупынбаев «Тұлға» атты кітап шығарды. 2009 жылы марқұмның 75 жылдығына арнап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен Сауытбек Абдрахманов замандастары, әріптестері, шәкірттері, туыстарының естеліктерінен тұратын «Азамат» атты жинақ құрастырып шығарды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сол.
Жақсыбай САМРАТ.