Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

ХІХ ғасырға саяхат

767 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртау қаласының маңындағы Жаңғыз төбе мен Жұмақ дөң деген жерлерге жетсеңіз, қиялға қанат бітіріп, ХІХ ғасырдан бір-ақ шығасыз. Мұндай мүм­кіндік жергілікті та­ри­хи-өлкетану мұра­жайы 29 қыркүйек күні ұйымдастырғалы отыр­ған «Жауыр­тау­дағы кездесу» форум-фес­тивалі кезінде туады.

ХІХ ғасырға саяхат

Мәдени шара жоспары бойынша жоғарыда айтылған жерде қазақ көшпенділерінің қыстағы орын теппек. Ұйымд­ас­тырушылардың мәлім еткеніндей, қонақтар сол кездегі технология бо­­йынша жүн тазалап, тоқыма тоқып, шитті жә­не саман кірпіштер құю мүмкіндіктеріне ие болады. 

Ғалымдар Жаңғыз тө­бе және Жұмақ дөңде­рінің ма­ңын­дағы жерлер (қазір ол Самарқан су қоймасындағы арал мен түбек) арғын руынан шыққан Тәтіғұлдың Оразбек, Ниязбек және Тұрлы­бегінің қыстаулары болған деген дерек кел­тіреді. Ал ақсақалдар бұл жерлерде жұрт кем дегенде ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан бері қыс­тап келген дейді. 

Мұражай мамандары қыс­тақты құру барысында көп­жылдық ғылыми-зерттеу­лерді негізге алған. Мысалы, мұнда ішкі жаб­дықтары бар, төбесі шыммен жабылған үй, малға арналған қора-қоп­сы орналасады. Сондай-ақ тоқыма тоқитын станок пен жүн тазартуға арналған құ­рыл­­ғылар, ас әзірлейтін алаң: от үстін­дегі қазан және самау­рын қоятын тұрмыстық орын болмақ.

Қыстақтың тұрмыстық аумағы сол кезеңнен дерек бо­лып қалған сурет­тер­ді негіз­ге ала отыра құ­­рыл­ған. Жаб­дықтың басым бөлігі Темір­тау тари­хи-өлке­тану мұра­жайынан алынбақшы. 

Аталған фестивальға Қ­ара­ғанды, Теміртау, Абай, Саран және Шах­тинск қалаларынан жүз­­ден астам белсенді жас қаты­сатын болады. Олар­ға арналып семинар мен тренингтер, инте­рак­­тив­ті ойындар мен түр­лі вик­ториналар ұйым­дас­тырылады. 

«Жауыртаудағы кездесу» фести­валі Теміртаудың 73 жылдығына орай өткізілмек.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ