29 Желтоқсан, 2011

Жұмыс сапасы жобалаудан басталады

300 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты лайықты түрде Аста­наның бас архитекторы деп атайды. Ол елорданы көшіру идеясын жүзеге асырып қана қойған жоқ, сонымен бірге еліміздің бас қаласының одан әрі даму стратегиясын да айқындап береді. Жыл сайын астана­лық архитектуралық қала құрылысы кеңесінде Президент мегаполис дамуының деңгейіне жоғары өлшемдер қоя отырып, қандай ерекше нысандардың пайда болуы тиіс екенін шешіп отырады. Астанадағы құрылыс сапасы да үнемі Мемлекет басшысының назарында. Өкінішке қарай, тапсырыс берушілер мердігерлерге барлық уақыт­та бірдей Президент міндеттеген деңгейге сәйкес келетіндей талаптар қоя бермейді. «Мемсараптама» РМК бас директоры Бірлік ЕРЕЖЕПОВПЕН әңгіме де осы төңіректе өрбіді. – Бірлік Бекмырзаұлы, көптеген құ­ры­лыс, қайта жаңғырту және күрделі жөн­деу жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Олай болса, іске қосылған нысандардың кей-кейде сараптама қуат­таған және жобаның тапсырыс берушісі бекіткен жағдайлардан алшақ жататыны неліктен? – Жобаны жүзеге асырудың жоспарлау және құрылысты жүргізу сияқты екі негізгі сатысы бар. Мемлекеттік сарапшылар жоба­ғ­а өз қорытындыларын берген кезде, ол барлық нормативтік талаптарға, қауіпсіздік шарттары мен ұзақ мерзімді пайдалану талаптарына жауап береді дегенді білдіреді. Біз жобалаудың соңғы сатысындағы сараптама барысында жобалық шешімдердің нормативтік талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етеміз. Сараптама барысында жобаларда қарастырылған жұмыс көлемі мен қаржы шығындарының шынайылығы мен негізділігі мұқият тексеріледі. Егер құ­рылысқа бюджет қаржылары салынса немесе басқа да мемлекеттік инвестициялар тар­тылса, біздің сарапшылар айрықша қа­таң көзқарас танытады. Бұл да нысанды пайдалану кезіндегі сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен бірге «Мемсараптама» РМК қызметкерлері өз жұмысында шешетін негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Мәселе құрылысқа мердігерлік жұмы­с­тар­ды сатып алу бойынша тендерлер өткізу үдерісі кезінде барлық жәйттің түбегейлі өзгеріп кететіндігінде болып отыр. Кон­­­курс­­тық ережелер бойынша саудаға қатысу­­­шылардың конкурстық өтінішінің бағалары басты рөл ойнайды, яғни неғұрлым төмен баға ұсынған біліктілігі онша емес компания ұтып шығады. Осылайша ашықтан-ашық демпингке барғандар жеңімпаз болып жатады. Конкурс қорытындысында мердігерлер нысанды салуға жұмсайтын қаржы құрылыс құнының бекітілген жобадағы ба­ғасынан 30-40 пайызға төмен болып шыға­ды. Осыдан келіп мердігерлікті ұтып алған компания құрылыс барысында тендерде бел­гіленген бюджеттен асып кетпеу үшін бекітілген жобамен өз қалаулары бойынша жұмыс істейді. Сондықтан да жобада бекітілген шешімдер мен есептеулерден ауыт­қулар байқалып жатады. Сонымен бірге құрылыс барысында төменгі сортты материалдар пайдаланылып, технологиялық үдерістерді орындаудың нормативтік мерзімдері сақталмайды. Осыдан келіп «шала туғандар» пайда болып, нысан сапасы күмәнді күйде қалады. – Мемлекеттік сатып алулар конкур­сы бюджет қаржыларын үнемдеу үшін өткізіледі. Ол жақсы емес пе? – Оларды өткізудің кейбір принциптерін қайта қарау қажет. Сараң екі рет шығын­да­­нады деген халық даналығы уақыт тезінен өткен шындық. Әр тауар мен қызметтің ес­ептеулер мен сапа талаптарына негізделген өзінің уақыттық құрамдасы мен өз құны бар. Сондықтан тендерде қызмет құны емес, ма­­териалдық-техникалық базасы мен тәжі­ри­белі мамандары бар жобалау ұйымдары­­­ның рейтингі айқындаушы фактор болуға тиіс. Жобалаушыларды рейтингтік негізде іріктеу тәжірибесі бүкіл әлемде бар. Шетелдерде жобалау компанияларының рейтингтік баға жүйелерін кәсіби тәуелсіз ассоциациялар қалыптастырады. Жоғары бағаға ие болған жобалау бюроларының қызметтері сөз жоқ, қымбат болады, бірақ олардың жұмыс сапасы да мінсіз. Сондықтан бұл рынокқа қатысушылар өз беделдерін қадір тұтып, сондай жақсы атақтан айырылып қалмауға тырысады. – Сіздің ойыңызша, құрылысшы­лар­ды сапа үшін жауап беруге мәжбүрлеудің жолы қандай? Миллиондаған соманы құрайтын келісім-шарттар тұрғанда рейтинг арқылы сапаны құтқарып қалу мүмкін емес шығар деген күмән туады... – Мердігерлер өздері жіберген ақау үшін ақшамен жауап беруі керек. Бұл да бүкіл­әлемдік тәжірибе. Тендерге қатысқан компаниялар тапсырыс берушінің есеп шотына жобаның кем дегенде 20-30 пайзын аудара­ды деген талап мемлекеттік сатып алулар ере­жесінде заңды түрде көрсетілуі тиіс. Ақ­ша 2-3 жыл бойы, яғни құрылысқа кепілді қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін тапсырыс берушінің депозитінде жатып, егер пайдалану кезеңінде ақаулар анық­та­лар болса, соларды жоюға жұмсалатын шы­ғын­дарды жауып отыратын болады. Осы­лай­ша күтілетін пайданы арттыру үшін құ­ры­лыс ұйымдары сапалы құрылыс жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге субмердігерлерді мұқият іріктеуге, сондай-ақ сапалы құ­р­ы­лыс өнімдерін пайдалануға мәжбүр болады. – Біздің еліміздегі жобалау жұмыс­тарының сапасына қандай баға берер едіңіз? – Бүкіл Қазақстан сияқты Астана құры­лыс технологиялары үшін сынақ полигоны болып табылады. Құрылыс қарқынына байланысты отандық құрылыс индустриясы дамуға үлкен серпін алды. Көптеген шетелдік компаниялар өздерінің технологиялары мен тәжірибелерін бізге әкелуде. Көптеген құрылыс материалдары мен бұйымдары сынақтан өтуде. Соңғы жылдары деңгей көтеріліп келеді. Жақсы жобалаусыз сапалы нысанның бол­майтындығы белгілі бола түсті. Бүгінде жобалау мен құрылысқа деген көзқарас кө­біне-көп тапсырыс берушінің кәсібилігімен және біліктілігімен айқындалады. Сөйте тұрса да идеалға жетуге біз үшін әлі ертерек. Үстіміздегі жылдың 11 айында «Мемсараптама» РМК мен оның аумақтық бөлім­­шелері 8 мыңнан астам жобаны қарап, олардан 350 мыңнан астам бұрмалаулар тапты. Осы жылдың өзінде ғана біздің ескертулеріміз бойынша құрылыс нысандарының сметалық құны 650 миллиард теңгеге, оның ішінде, бюджеттік жобалар бойынша 250 миллиард теңгеге төмендетілді. – Сапасына байланысты жобалық құжаттардың қанша пайызы «Мемса­рап­­тамаға» қайтарылады? – Жыл сайын 10-15 пайызы. Бұл бізге төмен сапамен түсетін және сараптама ба­ры­сында жіберілген кемшіліктер мен нор­ма­лардан ауытқуларды қоспағандағы жобалар. – Неліктен осынша көп? – Білікті мамандар, өз жұмысын терең білетін адамдар жұмыс істейтін жобалау ұйымдары саусақпен санарлық қана. Қазіргі уақытта көптеген жобалаушылар жобалар­дың бірнеше тараулары бойынша әмбе­бап­тар ретінде жұмыс істеуге тырысуда. Осы­­дан келіп көптеген қателіктер орын алады. – Сараптама барысында қандай жәйт­­тер жиі-жиі наразылықтар туындатады? – Біріншіден, жобалық құжаттар толық құрамда ұсынылмайды. Екіншіден, талаптардан, құрылыс нормалары мен ережелерінен көптеген ауытқушылықтар орын алады. – Сіз өз персоналыңыздың рейтингтік бағасын жүргізесіз бе? Осал буындар қалай анықталады? Жобалаушылардың өздері де жобалық-сметалық құжаттар­дың жақсы сарапшылардың қолына тигенін қалайды емес пе? – Бізде ішкі рейтинг бар. Жобалар тех­никалық күрделілігі мен қызметкерлердің кәсіби деңгейіне байланысты бөлінеді. Жо­баның өтуі туралы ақпарат сайтта орналас­тырылады. Сарапшының ескертпелері мен бағалауларының қаншалықты объективті екенін баршаның да көру мүмкіндігі бар. Біздің қызметкерлерді үздіксіз оқыту принципімен сарапшыларымыздың біліктілігін арттыру тұрғысында үнемі жұмыстар жүргізіп отыратынымызды атап өту қажет. – Жобалық-сметалық құжаттарды электронды пішінде ұсыну жолдары қарас­тырылған ба? – Қазіргі уақытта жобалау ұйымдары жобалық-сметалық құжаттардың түпкілікті нұсқаларын электронды түрде тапсыра ала­ды. Ірі нысандар бойынша жобалардың қа­ғаздағы нұсқасының бір ғана флеш-картаға сыйып кететініне қарамастан, кейде жарты тоннаға жететінін де айту қажет. Ал­д­ағы жылдан бастап біз электронды жо­ба­лық-сметалық құжаттармен жұмыс жөнінен Астанада қанатқақты жоба бастаймыз. Толық­тай электронды құжат айналымын енгізу 2014 жылға дейін жалғасатын болады. Бізге электронды пішінге қатысты талаптардың нақты тізімін әзірлеу қажет. – Жаңа жыл – әр кезде де жаңа үміттер кезеңі. Алда келе жатқан 2012 жылдан қандай үміттер күтесіз? – Жобалық-сметалық құжаттарды элек­тронды нұсқада ұсынудың арқасында біздің сараптаманың өту мерзімін қысқартып, оның сапасын арттырмақ ойымыз бар. Алдағы жылдан бастап біз Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі жобалау ұйымдары үшін категория енгізеді деп күтіп отырмыз. Бұл кәсіпқойларды жоба бойынша жұмыстың бастауында-ақ «әуесқойлардан» бөліп тастау үшін қажет. Өз кезегінде біз өзіміз қарап жатқан жобалық-сметалық құжаттардың сапасы туралы Мемлекеттік архитектура­лық құрылыс кеңесіне тоқсан сайын ақпа­рат беріп отырамыз. Біліктілігі төмен жобалау компанияларына әкімшілік сипаттағы шаралар қолдану қарастырылуда. Тағы бір жаңалық – ол агенттік жобалаушыларға беретін атаулы лицензиялар. Өз міндетіне адал қарамайтын мамандар үшін кате­регорияны төмендету немесе сот арқылы лицензияны қайтарып алу сияқты шаралар қарастырылған. Мұндай жағдайда олар тендерлерге қатысу мүмкіндігінен айырылатын болады. Осының бәрі жобалаушылардың өзіне тән кәсіби тарихын жасауға, олардың ры­нок­тағы рейтингін анықтауға жағдай жа­сай­ды. Келісім-шарт міндеттемелерін кімнің, қа­шан, қайда және қалайша орындағаны мә­ліметтер базасында тіркеліп отыратын бо­лады. Өйткені жер бетінде із қалдыру үшін әрбір сәулетшінің және әрбір жобалау­шы­ның беделді нысандарда жұмыс істеуге ұмтылатыны анық.

Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.