Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Ержүрек ұлын ұлықтаған ел

753 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсетіп, ең жоғары марапатқа ие болған Михаил (Бимағамбет) Абдоловтың 100 жылдық мерейтойы батырдың туған жері Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Жамбыл ауылында кең көлемде аталып өтті. 

Ержүрек ұлын ұлықтаған ел

Қазақ батырының қайсарлығы мен көзсіз ерлігі кезінде аңызға айналған. Барлаушылар бөлімінің командирі аға сержант Михаил Абдолов Совет армия­сы қатарына 1938 жылы алынған екен. Ұлы Отан соғысын бастан-аяқ өткерген. «Қызыл жұлдыз», Қызыл ту ордендерімен наградталған. Ал 1944 жылдың қараша айында барлаушылар тобымен бірге Дунай өзенінен жасырын өтіп, жау тылынан «тіл» алуы, кеңес әскерінің өзеннен шығынсыз өтуін қамтамасыз еткен ерлігі Совет Одағының Батыры деген ең жоғары марапатқа лайық болған.

«Сүйген құлдың аты көп» деген ғой. Құжатта «Михаил» деп түскенімен, батырдың шын есімі Бимағамбет екен. Ауылдастары мен ағайындары «Биеш ақа» деп атайтын. Шынымен ізіне аңыз ерген адам еді.

«Биеш ақа батыр атағын екі мәрте алған екен. Бірде сөзге келіп қалып, өз командирін атып тастаған. Сөйтіп бір атағын қайтып алыпты-мыс». «Биеш ақа өз есімі жазылған тапаншасын тастамайды. Батырдың кез келген бір адамды сотсыз атып тастауға рұқсаты бар екен. Ол үшін батырға ештеңе болмайды екен...» – Бейбіт күннің өзінде батыр тұлғасы осылайша аңызға айналып кеткен еді.

Михаил Абдоловтың есімі кезінде ерекше ұлықталған. Венгрияның Секешфехервар қаласында батырдың атына мектеп, мәдениет үйі беріліп, ескерткіші орнатылған еді. Ал бүгінде оның туған жеріндегі мектеп, Орал қаласының №9 шағын ауданындағы бір көше батырдың атымен аталады.

2006 жылдың 9 мамыр – Жеңіс мерекесін өткізіп, екі күннен кейін дүние салған батырдың арамыздан кеткеніне бір мүшел уақыт өтсе де, жерлестері ұмытпай, оның есімін жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне тиімді пайдаланып келеді. Биылғы 100 жылдық шара да негізінен жастарды батырлыққа, отансүйгіштікке, спортқа, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Дәл осы күні қаламгер Айтқали Нәріковтің Ақжайық ауданы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Барлаушы» атты кітабы халыққа таныстырылды. Сонымен бірге Жамбыл ауылындағы батыр атындағы мектепте М.Абдолов мұражайы ашылды. Мұнда батырдың соғыс кезінде тұтынған заттары, құнды дүниелері, фотосуреттер, құжаттар қойылған. 

Батыр тойының ең қызық, ең ерекше сәті  «Ақжайық марафоны-2018» эстафетасы болды. Ақжайық ауданының 18 ауылдық округінен шыққан команда аудан орталығы Чапаев селосынан Жамбыл ауылына дейін 64 шақырымды эстафеталық әдіспен жүгіріп өтті. Коман­да құрамында ардагерлер де, ерлер мен әйелдер де болды. Жарты күнге созылған желаяқтар бәйгесінде өзгеден оқ бойы озып келген Сарытоғай ауылдық округінің командасы – 1 млн. теңге тұратын спорттық тауарлардың сертификатын жеңіп алды. Екінші орын алған чапаевтықтар – 500 мың теңге, сөреге үшінші болып жеткен тайпақтықтар 300 мың теңгенің сыйлығын алды.

Ауылдағы тойдың сәні – ат бәйгесі, күрес пен айтыс қой. Батырдың ғасыр­лық асында оқушылар арасында өт­кен айтыстан есенсайлық Айнагүл Ес­қақ жеңіп шықты. 15 шақырымдық тоқ бәйгеде Сырым ауданынан келген М.Төреғалидің «Хантөре» атты сәй­гүлігі оза шауып, 300 мың теңгені қан­жы­ғаға байлады. 30 шақырымдық аламан бәйгенің байрағы (500 мың теңге) Жаңақала ауданынан келген Т.Қарабалинның «Нұртөбеліне» бұйырды. Қазақ күресінен 80 келіге дейін жамбылдық Нұрбол Серіков, абсолютті салмақта базаршоландық Нұрымжан Ғаббасов «Түйе балуан» атанды. Тағы бір базаршоландық Темірлан Ғаббасов қол күресінде де, қой көтеруден де қарсылас шақ келтірмеді.

– Даңқты жерлесіміз Михаил Абдолов­тың 100 жылдығын мерекелеу – біздің аудан үшін осы жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі. Өйткені ел басына күн туғанда өшпес ерлік көр­сет­кен атамыздың өмір жолы бар­ша­мызға өнеге. Бұл – елдіктің тойы, ата-баба аманатына адалдықтың тойы. Мерейтойға орайластырған шаралар­дың дені дене шынықтыру мен спорт­қа арналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасына орай бүгін­де әр қазақстандықтың спортпен шұғыл­дануына жағдай жасаудамыз. Мұның бәрі саламатты өмір салтына жол салады. Батыр атамыздың тойына атсалысқан барша спортсүйер қауымға алғыс айтамын, – дейді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы