Бокс • 27 Қыркүйек, 2018

«Арландар» ұтылды

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайда өткен Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) алғашқы финалдық сайысында «Астана арландары» «Куба домадорес» клубынан 2:3 есебімен ұтылды.

«Арландар» ұтылды

Тұсаукесер кездесуде Теміртас Жүсіпов (49 кило) Дамиан Арсе Дуартеден айласын асырғанымен, одан кейінгі екі бәсекеде жерлестерміз жеңіліп қалды. Атап айтсақ, Ілияс Сүлейменов (56 кило) Освель Давид Кабальеро Гарсияға жол берсе, Ділмұрат Мижитов (64 кило) Энди Крусқа есе жіберді. Одан кейін Әбілхан Аманқұл (75 кило) мен Ослейс Иглесиас Эстрада шаршы алаңға көтерілді. Аса шиеленісті өткен айқаста қандасымыз қарымды көрініп, таразы басы теңесті. Ал Нұрбол Алтаев (91 кило) пен Эрисланди Савон арасында өткен жекпе-жек кубалық қабыланның пайдасына шешілді. 

Ертең қарымта кездесу өтеді. Бұл бәсекелерде Сәкен Бибосынов (52 кило) пен Хорхе Гриньян, Зәкір Сафиуллин (60 кило) Лазаро Альварес, Асланбек Шымбергенов (69 кило) Рониэль Иглесиас, Бек Нұрмағанбет (81 кило) пен Хулио Сезар Ла Круз және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) пен Хосе Лардует күш сынасады.

Қос кездесудің нәтижесі бойынша тең есеп тіркелген жағдайда қосымша бір жекпе-жек ұйымдастырылады. Бұл айқас 64 кило салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов пен Хорхе Моиран Винент арасында өтеді.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»