Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстан кәсіподағы гаухар той иелеріне құрмет көрсетті

962 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев бастаған топ тоқсанның төріне озған Некібаевтардың отбасына арнайы барып, гаухар той иелеріне сый-сияпат көрсетті.

Солтүстік Қазақстан кәсіподағы гаухар той иелеріне құрмет көрсетті

Отағасы Қожатай ақсақал 94-ке келсе де, әлі ширақ, мығым. Кеудесі мемлекеттік марапаттарға толы соғыс ардагері қан шайқастан оралғаннан кейінгі бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнапты. Құдай қосқан қосағы Айша әжей екеуі 10 ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере қызығын көріп отыр.

– Менің әулетімде ұстаздық жолымды қуған ұлдарым ме келіндерімнің жұмыс өтілін есептесем, 200 жылға жуықтап қалады. Немерелерімнің бәрі ыстық. Бахтиярым –елге әйгілі велошабандоз. Олимпиадаға қатысты. Қазір шетелде жаттығып жүр. Кемпірім екеуміз  Бағдаттың қолында тұрып жатырмыз. Осы күнге жеткенімізге шүкіршілік дейміз. Мереке сайын сыйлықтарын әкеліп, құрметтеп жатады. Ең бастысы, көңіл ғой.  Ұмытпағандарына  рахмет», дейді Қожатай ақсақал.

Ерік Есімұлы бір шаңырақ астында 70 жыл түтін түтетіп, мәуелі бәйтерек секілді тамырын тереңге жайған қос қарияға саулық тілеп, иықтарына шапан, қамзол жапты. Басқа да тарту-таралғылар жасады.

Білім және ғылым кәсіподағы комитетінің төрағасы Назымбек  Оразымбетов те өз сыйлықтарын ұсынды.

Соңғы жылдары облыс аумағында бірде-бір гаухар тойдың аталмағанын ескерсек, Некібаевтар әулетіне қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді.

Өмір ЕСҚАЛИ.

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.