29 Желтоқсан, 2011

Бразилия Англияны орнынан ығыстырды

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда Бразилияның экономикалық даму қар­қыны айтарлықтай деуге болады. Соңғы мәлі­мет­терге қарағанда, аталған елдің ішкі жалпы өнімі дүние жүзі бойынша алтыншы орынға көтерілді. Сөйтіп, Бразилия осыған дейін сол орында тұрған Англияны жетінші орынға ығыстырды. Қазір ІЖӨ бойынша АҚШ-тың өзге мемлекеттерден оқ бойы озық тұрғаны белгілі. Осыдан шамалы уақыт бұ­рын екінші орында тұрған Жапонияны Қытай басып оз­ға­ны мәлім. Ал төртінші және бесінші орындарда тиісінше Германия мен Франция орналасқан. Ресей – то­ғы­зыншы, Үн­діс­тан оныншы орында. Таяу болашақта Ресей үшінші, Үндістан бесінші орынға шығады деген болжам бар.

ТАЛИБТЕРМЕН БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗГЕ КЕЛІСТІ

Ауғанстан президенті Хамид Карзай талибтармен бейбіт келіссөз жүр­гізуге келісімін беріп, оларға Катарда өздерінің өкілдіктерін ашуға рұхсат етті. Бұл туралы ол кеше жасаған үн­деу­інде жариялады. Карзайдың сөзіне қарағанда, егер АҚШ әскери топпен байланыс орнатуды қажет деп тапса, онда Кабул бұл қадамға да барады. Бұған дейін Ауғанстан талибтер Катарда өз елінің атынан өкілдік ашуды жоспарлап отырғанын білген соң, сол елдегі елшісін кері шақырып алған еді. Енді Кабул бейбіт келіссөзге шет мемлекеттер араласпайтын болса, өкілдік ашуға кедергі жасамайтынын қуаттап отыр.

КИМ ЧЕН ИР ӘКЕСІНІҢ ЖАНЫНА ҚОЙЫЛДЫ

КХДР астанасы – Пхеньян қаласында 17 жел­тоқ­санда көз жұмған ел көсемі Ким Чен Ирмен 3 сағаттық қоштасу рәсімі аяқталды. Рәсім қалың жауған қарға байланысты 4 сағат кейін өткізілді. Қоштасуға көз жастарын көл еткен жүз мыңдаған адам қатысты. Қаралы рәсімде Ким Чен Ирдің «ұлы мұрагері» – кіші ұлы Ким Чен Ын мен күйеу баласы Чан Сон Тхэктің болғаны айтпаса да түсінікті. Сөз жүзінде енді елге билікті Ким Чен Ын жүргізеді делінгенімен, іс жүзінде билік Чан Сон Тхэктің тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Ал Ким Чен Ирдің бальзамдалған мәйіті мавзолейде жатқан әкесі Ким Ир Сеннің қасына қойылды.

 ЕУРОКОМИССИЯНЫҢ ЕСЕБІНЕ КҮМӘН БАР

Еуропарламент Еурокомиссияға Сербияны ЕО құ­ра­мына тезірек қабылдату үшін елде бұған дейін орын алған сот құқығына қатысты фактілер туралы үнде­местік танытты деген күдік білдірді. Сөз орайында айта кетсек, Еурокомиссия үстіміздегі жылдың шілдесінде Белградқа Сербиядағы сот жүйесіне баға беру үшін сарапшылар тобын жіберген еді. «Жасылдар» партиясынан еуродепутат Франциска Брант­нер еурокомиссарлардан Сербиядағы жағдай туралы ресми есеп сарапшылар деректерімен салыстырғанда не себепті жұмсартылғанын түсіндіруді талап етті. Еуро­депутаттың сөзіне қарағанда, есептің шындыққа сәйкестігі Сербияны ЕО-ға қабылдау туралы шешім шығаруда ма­ңыз­ды рөл атқаратын болады.

ЖЕҢІЛСЕК ЖЕР КӨТЕРЕДІ ҚАҒИДАТЫМЕН

Ресейдің Орталық сайлау комис­сиясы кеше РЛДП-ның серкесі Владимир Жириновский мен РФКП-ның басшысы Геннадий Зюгановты Ресей президенттігінен үміткерлер ретінде тір­кеді. Сөйтіп, Ресей басшысы бол­ғы­сы келетіндер саны әзірше төртеуге жетіп отыр. В.Жириновский президенттік додаға бесінші мәрте түсіп отыр. 1991 және 2008 жылдары ол сайлау нәтижелері бойынша үшінші орынға тұрақтаса, 1996 және 2000 жылдары бесінші орынды қанағат тұтқан еді. Г.Зюганов үш мәрте бағын сынап көрсе (1996, 2000 және 2008 жылдар), әркез мәреге екінші келіп отырыпты. Ал ОСК құжаттарын қабылдағандар қатарында «Яблока» серкесі Г.Явлинский, бизнесмен М.Прохоров, т.б. бар.

ҚЫЗЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕКТЕПТЕ ТҮНЕУДЕ

Шығыс Сібірде қуаты айтарлықтай жер сілкінісі тіркелді. Мәселен, алғашқы дүмпуден кейін билік Тыва астанасы – Қызыл қаласының тұрғындарына мектептер мен балалар бақшасында және спорт кешенінде түнеп шығу туралы ақыл-кеңес берген. Алдын ала деректер бойынша, қираған нысандар мен зардап шеккен адамдар жоқ. Хакасия мен Кемеров облы­сының кеншілері шахталардан дереу шығарылыпты. Ресей төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу табиғат апа­тына орай селекторлық мәжіліс өткізген. Жер сілкі­нісінің магнитудасы (жер астындағы қуаты) 6,7 баллды құраған көрінеді. Ал жер асты дүмпулерінің эпицентрі Қызылдан шамамен 100 шақырым жерде болған.

Қысқа қайырып айтқанда:

 Аргентина президенті Кристина Фернандес де Киршнер ха­ным­­ның рак ауруына шалдыққаны белгілі болды. Сырқат меди­циналық тексеру кезінде анықталған. Енді оған ісікті алып тастау бойынша операция жасалатын болады.

Қырғызстанның Ош қаласының әуежайында Ту-134 ұша­ғы апатқа ұшырады. Нақтыланған дерек бойынша, 18 адам зардап шексе, 7-еуі ауруханаға жатқызылған. Қалған­да­рымен, араларында экипаж мүшелері де бар, дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеп жатқан көрінеді.

NASA спутнигі Қызыл теңізде жаңа аралдың пайда болу үде­рісін суретке түсірген. Арал Йеменнің батыс жағалауларына жа­қын жерде пайда болыпты. Жалпы, бұл маңда вулкан туындат­қан көптеген шағын аралдар бар.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов елдегі орыс тілді жалғыз газет – «Нейтральный Туркменистан» басылымының бас редакторы Владимир Губановты от­став­каға жіберді. Отставканың себебі белгісіз.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.