Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры 2004 жылы халқымыздың елжанды азаматтары, еліміздің мұнай-газ саласының жанашырлары Нәсіпқали Марабаев, Асқар Құлыбаев және Орал Ақшолақовтардың құрылтайшылығымен дүниеге келген болатын. Содан бері қарай зейнеткер ардагер-мұнайшыларымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мәселесі мен проблемаларына көңіл бөліп, олардың ойдағыдай шешілуіне тыңғылықты араласып келеді. Қордың жұмысын негізінен Қамқоршылық кеңесі басқарады, оның құрамы кезінде мұнай өнеркәсібін ұйымдастыруға ерен еңбек сіңірген, өндірістік кәсіпорындарды, аудан, облыс және республика кеңістігінде басшылық қызметтер атқарып, ел басқарған ардагер-мұнайшылардан жасақталған. Қордың іс жоспарлары, қаржылық смета, бюджеттері Кеңестің мәжілісінде тыңғылықты талқыланып бекітіледі, әр жыл аяғында міндетті түрде аудит жүргізіледі.
Өткен 8 жылдай мезгіл ішінде Қор ардагер мұнайшыларымызға материалдық және рухани қайырымдылық көмек көрсетуде қыруар жұмыстар атқарды. 2005 жылы Қазақ мұнайының энциклопедиясы 2 томдық көлемді кітап болып жарық көрді. Осы анықтамалық әдебиетте жүз жылдан астам тарихы бар еліміздің мұнай-газ саласында үздіксіз еңбек еткен 2500-ден астам азаматтың қысқаша өмір жолдары үш тілде, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, тарих тізіміне мәңгілік енгізілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына арнап «Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ескерткіші» тақырыбымен соғысқа аттанған жұбайларының тума-туыстарының еңбек майданында орнын басып, майданға үзбей мұнай жөнелткен 500-ден астам апа-аналарымыздың ерен еңбектері баяндалған кітап шығарылды, Жеңістің 65 жылдығына «Қазақстан мұнай өнеркәсібі соғыс жылдарында» атты кітап жарық көрді. Қордың тындырып жатқан тағы бір ізгі ісі – ұлттық мұнай-газ өндірісімізде өшпес із, өз қолтаңбаларын қалдырған ардагерлерімізге арналған «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты сериямен шығатын кітаптар. Бұл сериядан 50 кітап шығарып үлгердік.
Қор әр мұнайлы өлкелерде мұнайшылардың Даңқ аллеяларын архитектура өнерінің жаңа талаптарына сай етіп қала тұрғындарына қызықты демалыс орны боларлықтай сәулетті кешен салуды мәселе етіп қойған болатын. Ол жерде өңірдегі мұнай-газ саласының қызметтерін дамытқан мекемелер мен ұжымдардың аттарын мұнай кен орындарын ашып, өндірістік тұрғыда игеруге атсалысып, сүбелі еңбек сіңірген ардақты ардагер-мұнайшыларымыздың аттарын айшықтап көрсетіп мәңгілік тарихи мұражай іспеттес етіп көрсету көзделген. Әзірге Даңқ аллеясы еліміздің екі облысында, Орал және Жаңаөзен қалаларында салынып, халық игілігіне тапсырылды.
Осы өтіп бара жатқан 2011 жылы Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры өзінің жарғысында анықталып көрсетілген әлеуметтік жағдайлары төмен ардагер мұнайшыларымыздың отбастарына қайырымдылық көмек көрсету жұмыстарымен қатар мұнай саласындағы бірнеше мерейтойлық шаралардың ұйымдастырылуына атсалысып, дайындығынан бастап жоғары дәрежеде өтуіне белсене араласты. 2011 жыл Қор үшін негізінен Қазақ мұнайының бағын ашқан алғашқы кен орындарының бірі – Доссордың 100 жылдығы, Маңғыстау мұнайының ашылуының 50 жылдығы және Құмкөл кен орны өндірістік игерілуінің 25 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараларды жүзеге асыруға үлес қосуымен өтті. Осы мерейтойлық шаралардың жоспарларын жасақтап, ұйымдастырып, іске асыруға бағытталған жұмыс тобы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бұйрығымен бекітілді, жұмыс тобы құрамында «Мұнайшы» қоры да қатынасып, бірлесе еңбек етті. Доссор кен орнының, жалпы Ембі мұнайлы өлкесінің дамуы, өсіп-өркендеуіне және Маңғыстауда мұнай көзінің ашылуы, оның игерілуіне еңбек сіңірген ардақты ардагерлер жайында «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен 19 кітап шығару бағдарламаға енгізілді.
Газет беттерінде, радио хабарларында ардагер мұнайшы жеке тұлғалардың өмір жолдары арқылы мұнай-газ саласының өркендеп даму жолдары туралы ақпараттық материалдар ұйымдастырылды. Қордың ұйымдастыру басшылығымен теледидардан көрсетілетін жарнамалық та, тәрбиелік те мән-мағынасы бар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының әлеуметтік 7 бейнебаяндары шығарылды.
Американың оқымыстысы Дэниел Ергин ағылшын тілінде шығарған «Добыча всемирная история борьбы за нефть, деньги и власть» мұнай тарихы, мұнайдың саясатқа ықпалы, басқа да мұнай төңірегіндегі мәселелер жөніндегі кітаптың Мәскеуден орыс тілінде шығарылуына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атынан демеушілік көмек көрсеттік.
Мұнай саласының, мұнайшылардың әлеуметтік жағдайларының тәуелсіздік жылдардағы өзгерістері мен қол жеткізген табыстары жөнінде материалдар дайындалып, газет беттерінде, «Шалқар» радиосының хабарларында берілді.
Мұнайшылардың кәсіби мерекелік күндерінде Алматы мен Астанада тұратын зейнеткер ардагер-мұнайшыларды Маңғыстау мен Атырау облыстарына «ҚазМұнайГаз» ӨБ» АҚ ұйымдастырған чартерлік рейспен апарып жергілікті ардагерлермен бірге мерейтойлық іс-шараларға қатыстырып қайттық. Олар облыс орталықтары Атырау мен Ақтау, мұнайшылар кенттері Жаңаөзен мен Доссорда болып, тәуелсіздік жылдардағы мұнайшылардың әлеуметтік жағдайларының өміршең өзгерістерін өз көздерімен көріп, соңғы жылдардағы жетістіктерге қуанышты, көңіл толарлықтай сезіммен оралды.
Сонымен қоса Қордың негізгі жарғыда белгіленген міндеттері орындалды. Осы үстіміздегі жылдың 11 айында 544 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді, оның ішінде 301 адамға ай сайынғы көмек берілсе, 243 адам бір реттік көмекпен қамтылды, сол ардагерлеріміз 41 562 770 теңге көлемінде қайырымдылық көмек алды. Қайырымдылық көмек ретінде зейнеттегі ардагер мұнайшылар 591 мың теңге көлемінде газетке жаздырылды.
«Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен үстіміздегі жылдың 11 айында 15 кітап баспадан шықты, жыл аяғына дейін тағы бесеуі жарық көрмекші. Осы жарық көрген кітаптардың басым көпшілігі Доссордың 100 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына арналып шығарылған туындылар. Доссордың 100 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына арналған кітаптардың жазылып, баспадан шығуына «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және Маңғыстау облыстық әкімдігі жеткілікті мөлшерде арнайы қаражат бөліп, демеушілік етті.
Қордың негізгі мақсаты мен мүддесі – әлеуметтік жағдайы өте нашар, көмектесетін ешкімі жоқ, зейнетақыдан басқа табыс көзі жоқ зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсету. Осындай тың серпінді кең көлемді кешенді бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуы мұнайшылар қауымын әсіресе ардагерлерімізді қуанышқа бөлеуде. Ұлттық дамуымыз бен мемлекеттік нығаюымызға ауадай қажет жұртшылық көңілінен шығарлық жаңа бастамалар көтеріп, ардагер мұнайшыларымыздың әл-ауқатын жақсартуда талай игілікті істер атқарылып, оның жүзеге асуын ыждағатты қадағалауда «Мұнайшы» Қоры ерекше белсенділік танытуда. Қор мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оның еншілес компанияларымен бірлесе отырып 2006-2011 жылдарға арналған өзара түсіністік Меморандумын басшылыққа ала отырып, осы компаниялар негізгі демеушілік көмек көрсетіп келеді. Жұмысты әрі қарай жалғастыруға сол «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компанияларымен 2011-2016 жылдарға арналған Меморандумға қол қойылды.
Осы газет бетін пайдаланып 2011 жылы Қорға демеушілік көмек көрсеткен компаниялардың тізімін жариялауды жөн санадық. Олар мыналар:
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ӨБ» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Өңдеу және Маркетинг» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Маңғыстау МұнайГаз» АҚ, «ЖайықМұнай» ЖШС, «Қор» Мұнай Компаниясы» АҚ, «СазанҚұрақ» ЖШС, Маңғыстау облыстық әкімшілігінің «Демеу» Әлеуметтік қолдау қоры», «ПетроҚазақстан Құмкөл Рисорсиз» АҚ», «ҚазНИГРИ» ЖШС, «Азимут» ЖШС.
Осы орайда, қамқор қолын созған компания басшыларына, олардың ұжымына еліміздегі 9 мыңдай зейнеткерлердің басын біріктіріп отырған Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің және дирекциясы атынан жүрек түбінен шыққан шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, оларға еліміздің экономикасын дамытуға, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына жемісті еңбек етулеріне, Алланың абыройына бөленіп, бақытты болуларына тілектестік білдіреміз. Бірлескен жұмысымыздың мерейі үстем болғай!
Сайлау ЖЫЛҚАЙДАРОВ, қордың атқарушы директоры.