27 Қыркүйек, 2018

Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысы өтті

1362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2018 жылғы 27 қыркүйекте Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б. М. Имашев пен Қоғамдық даму министрі Д. А. Кәлетаевтың төрағалығымен сайлау процесінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бірлескен отырыс өтті, деп хабарлайды Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысы өтті

Бірлескен отырыс жұмысына мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан ҚР ОСК басшысы Берік Имашев ағымдағы жылы болған сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Саяси партиялар мен үкіметтік емес сектордың сайлау процестеріне неғұрлым белсенді қатысуы үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтті.

"Бүгінгі бірлескен отырыс - бұл мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл, өзара түсіністік деңгейін арттыру бойынша үлкен жұмыстың бастауы", - деді Б. Имашев.

Отырыс барысында сайлау процесіндегі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды, жергілікті өкілді органдар депутаттарының сайлауын өткізу кезінде пропорционалды сайлау жүйесіне көшуге, мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Б. Имашев сондай-ақ Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың сайлау процесінің негізгі қатысушылары бола отырып, сайлау заңнамасына сәйкес, атап айтқанда, сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыруда, өз өкілдерін сайлау лауазымдарына ұсынуда, сайлауды байқауда, сайлау процесіне қатысушыларды электоралдық оқытуды ұйымдастыруда құқықтары мен өкілеттіктерінің кеңейтілген шеңберіне ие екендігіне назар аударды.

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев өз сөзінде болашақта қоғамдық-саяси процестерді басқаруда пікір плюрализмінің өсуін ескере отырып, азаматтық қоғам институттары қатысуы тиіс екенін атап өтті. Деректерге сәйкес, халықтың арасында ҮЕҰ қоғамдық өмірге, азаматтық, соның ішінде сайлауды байқауына кеңінен қатысуына деген сұраныс әлі де қанағаттанбаған. Сұралғандардың 35% - ы ҮЕҰ факторын сезінеді, ал 65% - ы олардың рөлін күшейту қажеттілігін көрсетеді. Демек, ҮЕҰ-ды сайлау процесін мониторингтеу, талдау және зерттеу процесіне кеңінен тарту қажет.

Отырыс барысында ҚР ОСК Төрағасының орынбасары К. Петров «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайлау саласындағы саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері туралы» тақырыпта баяндама жасады.

Бірлескен отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді,  ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен Қоғамдық даму министрлігі арасында хаттамаға қол қойылды.

Бірлескен отырыс қарсаңында, ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының ішкі саясат басқармаларының басшылары мен қызметкерлері үшін "Азаматтық белсенділік: дамудың жаңа процестері" тақырыбында оқыту семинар-тренингі өткізілді.

Сайлау үдерісіндегі қоғамдық бірлестіктер мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылауға арналған семинарды ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Сапарқызы Мұстафина, ҚР ҚДР Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Қайратқызы Ғалымова, ОСК электораттық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің жауапты қызметкерлері өткізді.

Семинар-тренинг шеңберінде қатысушылар Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес сайлау процесіне саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын құқықтық реттеу, сайлау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген жаңалықтар аясында сайлаушылардың сайлау-құқықтық мәдениетін арттыруда жергілікті атқарушы органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл нысандары туралы жүйелендірілген білім алды.

Осыған байланысты пропорционалды сайлау жүйесі негізінде жергілікті өкілді органдарды (мәслихаттарды) қалыптастыруға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын одан әрі қамтамасыз етуге қатысты сайлау заңнамасында жақында қабылданған жаңашылдықтар, электораттық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі құқықтық нормалар талқыланды.

Өткен семинар Орталық сайлау комиссиясы, Қоғамдық даму министрлігі және үкіметтік емес сектор арасындағы тиімді үшжақты әріптестіктің өзекті үлгісі болды.