29 Желтоқсан, 2011

Қазақтың қайсар ұлын ұлықтады

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үш ғасырға жуық уақыт бо­йы бодандықтың бұғауында бо­­лып, осыдан 20 жыл бұрын егемендігін алған еліміздің әр аза­маты үшін Тәуелсіздік күні ме­рекесінің орны айрықша. Бұл күн – ата-бабаларымыз аңсаған арманның жүзеге асқан, кеудесін мақтаныш кернеп мерейі тасқан, елімізге еркіндік сый­ла­ған Ұлы күн. Міне, кең байтақ қазақ даласында аспанкөк туы­мыз­дың желбірегеніне 20 жыл толды. Жиырма жылда еліміз жүз жылға татитын жұмыс жа­сады. Әлеуметтік-экономикалық реформалар, индустриялық-инновациялық даму қарқыны өз нәтижесін берді. 46 конфессия мен 130-дан астам этностың ор­тақ ордасы болып отырған елімізде береке-бірлік, татулық қа­лыптасқан. Тәуелсіздіктің туын биік көтеріп келе жатқан Ел­ба­сы халқымызды қыспаққа ұрын­дырмай, ұлы жолға бастап келеді. Ол елімізді баянды бақытқа жетелейтін азаттық жолы.

Аудан жұртшылығы жыл сайын Тәуелсіздік күнін үлкен қуанышпен мерекелейді. Аудан орталығындағы мерекелік іс-ша­ралар Мойынқұм ауданының әкімі Сәкен Арубаев пен Жел­тоқсан оқиғасының құрбаны, ««Халық Қаһарманы»» Қ.Рыс­­­­құл­бе­ковтың анасы Дәметкен Асан­бае­ваның мекеме-ұйым бас­шы­ларының Желтоқсан көтері­­лісі ерлерінің бірі, ««Халық Қаһарманы»» Қ.Рысқұлбековтің Жастар саябағындағы ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады. Көп­шілік қатысқан митингіде аудан әкімі Сәкен Арубаев сөз сөйледі.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кемерінен асып тұрған шовинистік отар­шыл саясатқа қазақ халқының қарсылығынан туындаған еді. Біздің жерлесіміз, «Халық Қа­һарманы» Қайрат Рысқұлбеков қата­рында болған бұл көтеріліс Кремль билеушілеріне қарсы үн қатқан жастарымыздың жалын­ды дауысы жаңа заманға жол ашты. Қайрат Рысқұлбеков Жел­тоқсан оқиғасының бас қаһар­маны ғана емес, ауыртпалығын арқалаған бас құрбаны, қыршын жас Қайраттың есімін бүгінде бүкіл қазақстандықтар құрмет­тей­ді. Қашанда зұлымдықты әд­ілдік жеңумен келеді. Бұл жолы да әділдік салтанат құрып, тарих таразысы бәрін өз орнына қойды.

Елбасымыз Н.Ә. Назар­баев­тың кемеңгерлігі мен сарабдал саясатының арқасында біз бүгін тек тәуелсіз ел болып қана қой­май, әлем елдері мойындаған іргелі мемлекетке айналып отыр­мыз. Тәуелсіздікке қол жеткізуден гөрі, оны сақтап тұру ба­ғасы қымбат. Сондықтан біздер кешегі тәуелсіздік жолында жа­нын қиған ардаларымыздың ас­ыл армандарын ақиқатқа айнал­дырып қана қоймай, баянды етуге тиіспіз.

Біздің алдымызда тұрған Қайраттың өжет бейнесі бүкіл жастарымызды Тәуелсіздік жо­лын­да ерлік істерге шақырып тұрғандай сезінеміз. Ол барша қазақ жастарының аяулы тұл­ғасына айналарын тіршілігінде біле алған жоқ. Ол азаматтық іс атқарды, намыс пен ар-ождан­ның тапталуына жол берген жоқ. Қайрат біз үшін мәңгі тірі, мәңгі жасай береді, – деп түй­індеді сөзін аудан басшысы.

Ал аудандық ардагерлер ке­ңесінің төрағасы, ауданның Құр­метті азаматы Жашаралы Қой­гелдиев Желтоқсан оқиғасы, ел бірлігі, өрімдей жас жігіттер мен қыздардың шовинистік көз­қарастағы тоталитарлық жүйеге қарсылығы жайында айтса, Қай­раттың анасы Дәметкен Асанбаева жастарға Қайраттың ержү­ректігін, намысшылдығын берсін, еліміздің айтулы азаматтары болыңдар, деген ізгі аналық тілегін жеткізді.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара Абылайхан ала­ңында жалғасты. Шара бары­сын­да аудан басшысы Тәуелсіз­діктің 20 құрдасына естелік сый­лық, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 отбасыға қайы­рым­дылық пакетін тапсырды. Әрі қарай мерекелік іс-шара ау­дандық мәдениет үйі өнерпаз­да­рының концертіне ұласты.

Сол күні түс қайта аудан әкімі Сәкен Арубаев бастаған аудан басшылары Желтоқсан оқи­ғасының құрбаны, «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұл­бе­ков­тың туған ауылы Бірлікте болып, Қайраттың ескерткішіне гүл шоғын қойды және мерекеге жиналған қауымды өзге мерекелерге қарағанда шоқтығы биік ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғымен құттықтады.

Жо­лдыбай ДӘМЕТОВ, журналист.

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы.