Парламент • 27 Қыркүйек, 2018

Сенат отырысында бірнеше заң жобалары талқыланды

138 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат отырысында бірнеше заң жобалары талқыланды

Палата Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялады.

Бұл құжатта ЕурАзЭҚ-қа мүше бір мемлекеттің азаматтары ЕурАзЭҚ-қа мүше екінші мемлекеттің аумағында уақытша еңбек ету кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды жұмысқа орналастырған мемлекеттің заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру тәртібі белгіленген.

Келісімді іске асыру жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде өндірістегі жазатайым оқиға туралы бірыңғай сипаттағы актіні пайдалануға мүмкіндік береді, онда жұмыскер, жұмыс беруші және жазатайым оқиға туралы барлық қажетті ақпарат қамтылады.

Жазатайым оқиғаның тергеп-тексерілуіне байланысты берілген, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдің бірінің аумағында ресімделген құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа елдер заңдастырмай қабылдайды.

Өндірістегі жазатайым оқиғадан зардап шеккен жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу еңбекке орналастырған мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді де ратификациялады.

Құжатта төтенше жағдайларды жою кезіндегі өзара көмек көрсету,  ынтымақтастықтың сипаттары, көмектің түрлері, мемлекеттік шекарадан өту шарттары мен барған мемлекеттің аумағында болу тәртібі, құралдар мен құтқару жабдықтарын әкелу мен алып шығу, сондай-ақ шығынды өтеу тәртібі айқындалған.

Ынтымақтастық, атап айтқанда, қоршаған ортаны болжау, ескерту және бағалау туралы ақпарат алмасу, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жөнінде тәжірибе алмасу, бірлескен конференциялар, семинарлар мен жұмыс бабындағы кеңестер өткізу, сондай-ақ азаматтық қорғаныс саласында мамандар даярлау, қайта даярлау және біліктілігін артыру арқылы жүзеге асады.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын егжей-тегжейлі қарады.

Заң жобасымен еліміздің бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүргені; діни бірлестік басшысының, мүшелерінің немесе діни бірлестіктің осы діни бірлестіктің жарғысында айқындалған мақсаттар мен міндеттердің шегінен шығып кететін әрекеттер жасағаны; азаматтардың шет мемлекеттерде рухани (діни) білім алуы бойынша еліміз заңнамасының талаптарын бұзғаны; діни радикализм көріністерін танытқаны; деструктивті діни ағымдарға жататындығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдаланғаны, киіп жүргені және таратқаны үшін әкімшілік жауаптылық көздейтін түзетулер енгізіледі.

Осы заң жобасымен енгізілетін жекелеген түзетулер діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тағайындалатын әкімшілік айыппұлдар мөлшерін азайтуға бағытталған.

Қылмыстық-атқару кодексіне түзетулер Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі сотталғандармен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту жөнінде құзырет беруді көздейді.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға «деструктивті діни ағым», «діни радикализм», «діни бірлестіктің қатысушысы (мүшесі)» деген жаңа ұғымдар енгізіледі.

Заң жобасында сонымен қатар мемлекет пен дін арасындағы өзара қатынастарды реттейтін, өңірлік діни бірлестіктердің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі құзыретін айқындайтын түзетулер көзделіп отыр.

Талқылау барысында Мәжілісте мақұлданған заң жобасына бірқатар негізгі бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажеттігі туындады.

Заң жобасымен «Жарнама туралы» заңға түзету енгізу көзделіп отыр, оған сәйкес жарнама деструктивті діни ағымдарды, оның ішінде деструктивті діни ағымдарға жататынын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті насихаттау үшін пайдаланылмауы тиіс. Сонымен қатар, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне осы тыйым салуды бұзғаны үшін жауаптылық көзделмегенін ескере отырып, құқық қолдану тәжірибесінде іске асыру қиындығына байланысты оны алып тастау ұсынылып отыр. Азаматтардың шет елдерде жоғары рухани білім алу құқығын шектеуді болдырмау мақсатында және еліміз Конституциясының 21-бабындағы әркімнің республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар екенін, ал республика азаматтарының елімізге кедергісіз оралуына құқығы бар екенін көздейтін 2-тармағына сәйкес, заң жобасының Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде рухани (діни) жоғары білім алуына Қазақстанда жоғары рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана жол берілетінін көздейтін ережесін алып тастау ұсынылады.  

Заң жобасы сенаторлар енгізген түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Отырыста «Стандарттау туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасының мақсаты өнімнің сапасын арттыруды, оның бәсекеге қабілеттілігін және импортты алмастыруды қамтамасыз ететін ұлттық стандарттау жүйесін реформалау аясында стандарттау саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Құжат техникалық регламенттерді орындаудың міндетті саласы ретінде техникалық реттеу жүйесі мен ұлттық стандарттау жүйесінің стандарттарды таңдау салалары ретінде аражігін ажыратуға бағытталған.

Заң жобасымен мемлекет, тұтынушы және бизнес мүдделерінің консенсусы негізінде жария талқылау арқылы ұлттық стандарттарды қабылдау, сондай-ақ пайдаланушылар мен мүдделі адамдар үшін стандарттау жөніндегі құжаттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделеді.

Үкіметтің, стандарттау саласындағы мемлекеттік органдардың, техникалық комитеттер мен техникалық сарапшылардың құзыреті бекітіледі. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің рөлін оларға ұлттық стандарттарды талқылау функцияларын беру арқылы күшейту ұсынылып отыр.

Сондай-ақ Ұлттық органды қамтитын ұлттық стандарттау жүйесі реттеледі, оның функцияларымен стандарттау процестерін үйлестіру, салалар бойынша стандарттау құжаттарын талдау және жүйелендіру жүзеге асатын болады.

Одан басқа, заң жобасымен стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеу, бекіту және қолдану тәртібі, сондай-ақ салалардың қажеттіліктерін айқындау және қайталанатын немесе ескірген стандарттарды алып тастау үшін стандарттарға мониторинг жүргізу тетігі белгіленеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жобамен өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі қалыптастырылады, оған Үкіметі, уәкілетті орган, мемлекеттік органдар және Мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталық, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар кіреді.

Сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы Үкіметтің, өлшемдерге қойылатын метрологиялық талаптарды бекіту бөлігіндегі уәкілетті органның, өлшемдер тізбесін бекіту бөлігіндегі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің метрологиялық сараптамасын өткізу бөлігіндегі Мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталықтың құзыреті белгіленеді.

Одан басқа, заң жобасымен мемлекеттік метрологиялық бақылау және тіркеу субъектілерінің эталондары мен өлшем құралдарына бақылау реттелген және заңнамалық тұрғыдан өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары бекітілген. Салалардың маңызды стандарттарды әзірлеудегі қажеттіліктерін анықтау үшін  мемлекеттік органдар, техникалық комитеттер және Стандарттау жөніндегі ұлттық орган жүргізетін ұлттық стандарттарды қолданудың мониторингін енгізу де ұсынылып отыр. Сонымен қатар, техникалық реттеу саласындағы заңнаманың, тіркеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында техникалық реттеу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау, сондай-ақ капиталды шетелдік нарықтарға шығаруды жүзеге асыратын эмитенттерге бағалы қағаздарды орналастыру үшін алаңды таңдау құқығын беру  бөлігінде заң жобасына өзгеріс пен толықтырулар енгізу  қажеттілігі туындады.

Заң жобалары сенаторлар енгізген түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Отырыс барысында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті депутаттарының жолда жүру қауіпсіздігі мәселелері бойынша 6 қыркүйекте жария етілген депутаттық сауалына жауап тыңдалды. Депутаттар ол кезде оқыс оқиғалар туралы деректерге назар аударған болатын. 2017 жылы жолдағы көлік оқиғаларының салдарынан 24 мың адам зардап шегіп, олардың 2 мыңға жуығы қаза тапқаны, 100 мың адамға шаққанда жолдағы 11,5 оқиғада адам қаза болғаны айтылды.

Бұл мәселе сенаторлардың ерекше назарына алынды. Тек соңғы 3 жылда Сенат комитеті 3 ірі шара өткізіп, 6 депутаттық сауал жолданды. «Депутаттар әр кезде де нақты шешім қабылдауды талап ететін өткір мәселені көтеріп келеді. Дегенмен, сауалдардың басым көпшілігі уәкілетті органдар тарапының назарынан тыс қалып келеді деп айтуға болады.  Қалай болғанда да, біз әлі нәтижесін көреіп отырған жоқпыз», - деді Дулат Құсдәулетов.

Жолдағы оқиғалардан адамдардың ауыр жарақат алатыны, тіпті қаза болатыны бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Таяуда жүзеге асқан конституциялық реформаның ережелері мен жоғары өкілді органның мәртебесін негізге ала отырып, Сенаттың бүгінгі отырысына осынау өзекті мәселеге байланысты Бас прокуратураның, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктері мен басқа да мемлекеттік органдардың басшылары шақырылды. Олардың атқарған жұмыстары мен қабылданған шаралар туралы есебі тыңдалды.

Отырыста ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Уәкілетті органдардың өкілдері жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолда жүру ережесін сақтауға, зардап шеккендерге жедел дәрігерлік көмек көрсетуге, еліміздегі жолдардың жағдайына, техникалық байқаудан өтуге, қызметкерлердің құқыққа жатпайтын әрекеттеріне, қасақана тәртіп бұзушылармен жұмыс жүргізу және айып салуға қатысты сенаторлардың сауалдарына жауап берді.

«Бұл мәселе Сенаттың назарында бола береді», - деді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық саулдарын жария етті. Сенатор Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбедегі көпірдің құрылысын қаржыландыру туралы; Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысындағы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі кәріз жүйесін жаңғырту туралы; Әли Бектаев Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңарту туралы; Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы автомобиль жолдарын жаңғырту туралы; Дәурен Әділбеков білім беру сапасын бағалау жүйесі мәселелері туралы; Нұрлан Қылышбаев орман шаруашылығындағы мемлекеттік мекемелерді бір заңды тұлға ретінде біріктіру арқылы қайта құру туралы; Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы «Фомин», Бөкей орда ауданындағы «Молодость» шекарадан бақылау-өткізу бекеттерінің қызметі туралы; Сергей Плотников Семей қаласындағы Ертіс өзенінің түбімен өтетін кәріз құбырын жаңғырту туралы сауалдарын жария етті.