Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Astana Media Week: «Egemen Qazaqstan» газетінің тәжірибесі таныстырылды

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан Astana Media Week апталығының аясында өңірлерден келген тілшілермен кездескен «Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі бас басылымды заман талабына сай жаңғырту тәжірибелерімен бөлісті.  

Astana Media Week: «Egemen Qazaqstan» газетінің тәжірибесі таныстырылды

Қазіргі ақпарат айдынында дәстүрлі баспасөз бәсекеге қабілетті болуы үшін оқырман талғамына сай сапалы материалдар беруге икемделу, әлемдік медиа кеңістіктегі озық тәжірибелер мен ізденістерді елеп-екшеу және қолданысқа енгізе білу аса маңызды. «Egemen Qazaqstan» газетінде жүзеге асырылған дизайндық-форматтық және мазмұндық өзгерістер осы бағыттағы ізденістердің көрінісі.  Басылым басшысы атап өткендей, бұл қадамдар өз жемісін берді.

Материалдар көлемін мейлінше ықшамдау, оқырмандардың сапалық құрамы мен олардың талғамдарын ескеру, соған орай арнаулы беттер ашып, өзекті мақалалар, сапалы сараптамалар мен сарапшылар пікірін, инфографикалық материалдарды көптеп ұсынудың нәтижесінде газеттің тартымдылығы артты. Сәйкесінше, аудиториясы кеңейіп, таралымы көбейді. Бұл ретте,  әйгілі  New York Times-пен жасалған келісім негізінде америкалық алпауыт газет бетіндегі айтулы сараптамалар мен шолулардың «Егеменде» жариялана бастауы да отандық баспасөз тарихындағы елеулі жаңалық болғаны анық.  

Сонымен қатар, газеттің интернет-сайтына да айрықша көңіл бөлініп, контент сапасы күшейтілді. Нәтижесінде, сайт оқырмандарының қатары айтарлықтай ұлғайып, қолданушылар географиясы кеңейді. 

«Егеменнің» осындай елеулі жаңалықтарымен бөліскен Д.Қыдырәлі өңірлік БАҚ өкілдерін қызықтыратын бірқатар сұрақтарға жауап берді. Жиын соңында аймақтық медиа өкілдері басылым редакциясына келіп, тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін білдірді.