Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі

2028 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі

БЖТ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі

Елімізде азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алайда әлеуметтік және еңбек құқығының толық пакетін ұсыну үшін өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажет. 2010 жылдан бері өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі азайып келеді. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін формалды емес жұмыспен қамтылған халыққа, яғни қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етушілерге ұйымдастырушылық, құқықтық мүмкіндік беруге бағытталған арнайы механизм жасалу үстінде.

Ол – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) механизмі. БЖТ өзін өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жаңа салық түрі емес, бұл төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырған болатын. Президент өз сөзінде ең маңызды мәселелердің бірі – өзін өзі жұмыспен қамтушыларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту екенін атап өтті. «Табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар және тиісінше, олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Өзін өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылады. Оны төлеу өзін өзі жұмыспен қамтушылардың медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысуға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент бұл өзгерістер­дің жыл соңына дейін қабылдануы керек екенін мәлімдеген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, аталған жаңашылдық 2019 жылдың 
1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 
31 желтоқсанына дейін енгізілмек.

Бүгінгі таңда еліміздің заңнамасына сәйкес, бұл аударымдар  барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады. Алайда халық арасында қызметін тіркемеген, еңбек келісімшарты жоқ немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер бар. Олар бүгінде әлеуметтік, зейнетақылық қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандырудан қалыс қалып отыр.  Ведомство басшының айтуынша, бұл бірыңғай жиынтық төлем, ең алдымен, түрлі себеппен қорғансыз қалып отырған азаматтарымызды әлеуметтік қорғауды көздейді.

Министрлік нақтылағандай, жаңа режімнің бірнеше артықшылықтарын атап кетуге болады. Мұнда салық сомасы азырақ, салық пен әлеуметтік төлемдерден тұратын бірыңғай төлем жасауға болады, салық бойынша есеп беру, салықтық тексерулер және әкімшілік жазалар болмайды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде өмір сүретін халықтың жүктемесін азайту мақсатында, бұл төлемді ауыл тұрғындары үшін айлық есептік көрсеткіштің жартысына дейін қысқарту ұсынылған. БЖТ төлеу қызметті автоматты түрде тіркеуге және медициналық әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.   

«БЖТ енгізу нәтижесінде формалды емес жұмыспен қамтылғандардан 500 мың адамның жұмысын формализациялау қарастырылған және патент пен жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режім­дерінен 65,4 мың төлем­ші­лердің ағы­мы күтіліп отыр», дейді М.Әбіл­қасы­мова.

Халықтың 60%-тен астамы мүлдем салық төлемейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 8,6 млн адамды құрады, оның ішінде 6,5 млн адам жалдамалы жұмыскер, ал 2 063 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар.

Қазіргі жағдай көрсетіп отыр­ғандай, формалды емес жұ­мыс­пен қамты­лу­ға салық органдарына тір­келу мен есептен алу­дың про­цедураларының күрделілігі, көп­теген төлем жүйелерінің болуы және салық режімін ай­қындаудың қиындығы тәрізді факторлар ықпалын тигізеді.
Мәселен, Бірыңғай жиын­тық төлемді енгізу салық ор­ган­дарында тіркелу­дің жеңіл­детілген тәртібін қарас­ты­рады, бұл формалды емес жұ­мыс­пен қамтылғандарды заң­дастыруды жылдамдатады.

CSI аға серіктесі Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, Қазақстан халқының бір бөлігі есепке алудан тыс қалған. Басында 5,5 млн адам болса, одан кейін аула-ауланы аралау және басқа да әдістердің нәтижесінде бұл сан 1,5 млн адамға дейін азайған. «Елімізде халықтың 60%-тен сәл астамы мүлдем салық төлемейді. Біздің негізгі міндетіміз – адамдарды есепке алуға шығару. БЖТ-ның үш оң сипаты бар. Біріншіден, ол ерікті түрде жүргізіледі, екіншіден, жеңіл әрі қолжетімді, тіпті есеп беруден мүлдем хабары жоқ адамдарға да лайықталған. Сонымен қатар БЖТ тек жеке тұлғаларға ғана қатысты қолданылады, заңды тұлғалар бұл механизмді пайдалана алмайды және ол мүлдем ештеңе төлемейтін адамдар санатына бағытталады», дейді О.Құдайбергенов.

Сарапшы Т.Әбілдаев болса, төлем жасау арқылы ер­теңгі күні қымбат тұра­тын қызметтерді алуға бо­ла­­тын­дығын айтады. «Азаматтарды формализациялау оларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен, сондай-ақ меди­ци­налық сақтандырудың мін­детті жүйесі арқылы мед­иц­и­налық қызметтермен қам­тамасыз етуге жол ашады», дейді ол.  

Министр Мәдина Әбіл­қасымова айтып бергендей, зейнетақымен қамтамасыз етудің мүмкіндіктері кеңей­тіліп келеді. «Өздеріңіз бі­ле­тін­дей, біз 2018 жылғы шіл­деден бастап базалық зей­нет­ақыны еңбек өтіліне бай­ланысты сараланған түрде төлеуге көштік. Осыған дейін күнкөріс минимумының 54% болса, енді – егер еңбек өтілі 10 жылдан жоғары болса, онда жоғарылатылған көлем­де сараланған түрде таға­йын­далады. Максимал­ды түрде – күнкөріс мини­мумының 100%», дейді ведомство басшысы.

Осылайша, БЖТ енгізу азаматтардың өздерінің еңбек қызметін тіркеуіне ық­пал етеді. Жалпы алғанда, БЖТ аза­­мат­тардың әлеу­мет­тік қорғалу деңгейін арт­тыруға, сон­дай-ақ, олардың кіріс­тері­нің деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Бұдан өзге, жүктілігі мен бала тууы, бір жылға де­­йін­­гі бала күтімі бойынша Әлеу­меттік сақтандыру қоры­­нан берілетін әлеуметтік төлем­дер мем­лекеттік бюджеттен бө­лін­ген аударымдарға қара­­­ған­да жоғарылатылған көлем­­де болады. Мәселен, бүгін­­гі таңда мемлекеттік бюд­­жет­тен 1 жылға дейінгі бала кү­тіміне байланыс­ты бері­ле­тін жәрдемақы қарас­тырыл­ған. Оған қоса, жүктілік пен тууға байланысты төлем тек Әлеумет­тік сақтандыру қорынан беріледі.

«Біздің есептеуіміз бо­йынша, әйелдер жүктілігі мен бала тууына байланысты 124 732 теңге мөлшерінде төлем ала алады. Сондай-ақ 1 жылға дейінгі бала күтіміне байланысты төлем алады. Осылайша, БЖТ төлеген әйел Әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерге үміткер бола алады», дейді министр.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»