Жақында Қазақстанның газ саласында деректер берудің инновациялық технологияларын тәжірибеге енгізу мақсатында Қостанай қаласында газ көрсеткіштерін қашықтан жинау үшін «ақылды» газ есептегіштер орнату жөніндегі қанатқақты жоба жұмыс істей бастады. Қостанай қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 60 «ақылды» газ есептегіш қондырғылар орнатылды. Бұл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ пен «Beeline» ұялы телефон операторларының бірлескен жобасы ретінде алғаш рет Қостанай қаласында жүзеге асырылды.
Облыс орталығындағы үйлерге осындай 60 инновациялық есептегіш құрал орнатылды. Жаңа есептегіш құралдар арқылы газ есептеу мен оның шығындарын бақылау жеңіл болады, олар электронды жүйемен тіркеледі және адами факторды жоққа шығарады. Газ ауаға тараған жағдайда «ақылды» есептегіш құрал оны анықтап, жедел түрде бақылаушы компанияға хабар береді. Сонымен қатар газды тұрмыста пайдалану кезінде туындайтын қауіпті жағдайлардан қорғау деңгейі артады. Енді көрсеткіштерді қашықтан жазып алу аспаптары орнатылатын қалаларда бақылаушылар үй-жайларға барып жүрмейтін болады. Бұл өзін газ компаниясынанмын деп таныстырып, тұтынушыларды алдап соғатын алаяқтардан сақтайды. Сонымен қатар бақылаушылар да үйлерді аралау кезінде кездесетін дау-жанжалдардан аулақ болады. Дәлдігі жоғары өлшеу аспаптарын қолдану – газды тұтынушы азаматтарға да, мемлекетке де пайдалы. Бұл – қаражатты үнемдеуге, газ ысырабын болдырмауға көмектеседі, ең бастысы, газ беру сервисін жетілдіріп, қауіпсіздікті арттырады.
«Ақылды» есептегіштердің жұмысы деректерді ұялы байланыс желілері арқылы беру технологиясына негізделген. Осы инновациялық технологияның ерекшеліктері негізінде түпкілікті қондырғылардың (есептеуіштер, датчиктер) энергияның аз тұтынылуына қол жеткізіледі, аспаптар аккумуляторының жұмыс істеу мерзімін 10 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса бұл технологиялар қондырғылар мен базалық станса арасында қауіпсіз қосылудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Біз Қостанай қаласындағы газ қызметін көрсету мекемесінің жауапты қызметкерлерімен бірге «ақылды» газ есептегіштер орнатылған үйлерді араладық. Қанатқақты жоба ретінде орнатылған бұл қондырғылар ешқандай ақаусыз жұмыс істеп тұр. Газ есептегіш қондырғылар орнатылған үйлердегі тұрғындардың айтуынша, бұл жоба өте тиімді көрінеді. Оның үстіне қанатқақты жоба аясында 60 қондырғы қостанайлықтарға тегін орнатылып берілді. «Ақылды» газ есептегіштерді жекеменшік үйлерге орнату шығынын «ҚазТрансГаз Аймақ» және «Beeline» компаниясы көтеріп отыр.
Инновациялық «ақылды» газ есептегіш қондырғы орнатылған пәтер иелерінің бірі бізбен әңгімесінде: «Бұл газ есептегіш құралдардың орнатылғанына бір айдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде біз оның қарапайым механикалық газ есептегіштерден артықшылығын анық сезініп үлгердік. Енді үйімізге газ көрсеткішін тексеретін бақылаушылар келмейтін болады, қондырғы газ көрсеткіштерін қашықтан беріп отырады. Газ есептегіштің көрсеткіштерін біз де тексеріп отырамыз. Оның үстіне газ есептегіш қондырғы үйдің ішіне орнатылған. Бұл біз үшін қолайлы. Қорыта айтқанда, біз жаңа қондырғының жұмысына ризамыз», деп мән-жайды қанағаттанғандық сезіммен толық баяндады.
– Жоғары дәлдікпен газ тұтыну көлемін айқындайтын «ақылды» газ есептегіш қондырғы тұрғындар үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы. Осындай қондырғылардың есебінен біз газ құбырларының ақауын жоққа шығарамыз. Сонымен бірге рұқсатсыз газ құбырларына қосылу оқиғаларына да тосқауыл қоямыз. Осы инновациялық қондырғылардың көмегімен газ тұтыну мөлшерін дәл есептеп, оның тұтыну қауіпсіздігін де арттырамыз, – дейді бізбен әңгімесінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың Қостанай облысы бойынша тұрғындарға жедел қызмет көрсету мекемесінің бастығы Данил Сябро.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақтан»