Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Өңірлік БАҚ форумы өзекті мәселелерді көтерді

1022 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордадағы «Қазмедиа» орталығында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан медиа апталықтың алғашқы күні телевизия саласын қамтыса, екінші күні аймақтық БАҚ өкілдерінің форумына арналды. Апталық аясында Өңірлік БАҚ альянсы ұйымдастырған шарада масс-медиа жұмысына қатысты заңдарды өзгерту, медиа сауаттылықты дамыту, медианы сандық трансформациялау мәселелері талқыға салынды.

Өңірлік БАҚ форумы өзекті мәселелерді көтерді

Өңірлік БАҚ форумын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. «Өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отыр­ған форум «Astana Media Weeк-2018» аясында өтіп жатқаны бар­шаңызға белгілі. Журналистер үшін, баспасөз қызметі мен ақпарат сала­сының басқа да мамандары үшін көптеген семинар-тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жет­кізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда ай­мақ­тық медианың маңызы зор. Осы орай­да қазіргі күні өңірлік ақпа­рат құралдарының алдында үлкен мақ­сат-міндеттер тұр. Ол – Мемле­кет басшысының тапсырмасымен жү­зеге асырылып жатқан саяси, эко­но­ми­калық және рухани жаңғыру жөнін­дегі кешенді реформаларға жұрт­шылықты жұмылдыру», деді министр.

«Өңірлік БАҚ форумы биыл үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Аталған форумда жыл сайын өңірлік ақпарат құралдары тарапынан түрлі мәселелер айтылып келеді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі форумда айтылған ұсыныс-пікірлерді зерделеп, өңірлік медиа сапасын арттыру бойынша шешім табуда. Соған сәйкес министрлік қазіргі күні эфирлік-цифрлық ақпарат, телерадио­хабарларды таратуды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы орайда министр: «Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір. Министрлік жиі жүргізетін зерттеу­лер нәтижесінде қоғамымыздың күн­нің локальды ақпаратын оқығысы келе­тінін анықтап отыр. Бұл сіздердің дамуларыңыз үшін таптырмас жағдай. Оның үстіне, жыл сайын аймақтық ақпарат өкілдерінің жаңа технология­ны игеріп, сапалы да сауатты жур­на­листік жұмыс пен менеджмент ар­қы­­лы республикалық деңгейдегі үздік­­тер қатарынан жиі көрінуі қуан­тады. Біз кез келген ұсынысты қарас­ты­руға, қолдауға әзірміз», деді Д.Абаев. 

Биылғы Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары форумына еліміздің барлық аймағынан өкілдер келді. Бір қызығы, 2018 жыл көптеген өңірлік масс-медиалардың мерейтойына толы болған екен. Дәстүрлі өңірлік БАҚ-тардың кейбіреулері  85-90 жылдық немесе ширек ғасырлық тойын тойласа, екінші бірі 20-30 жылдық асуын атап өткен. Сол себепті Өңірлік БАҚ форумының ашылу салтанаты барысында оларға құрмет көрсетіліп, министрлік тарапынан алғыс хаттар тапсырылды. Олардың қатарында «Рудный Алтай», «Атырау», «То­қы­рауын тынысы», «Есіл-Нұра», «Жа­ңақорған тынысы», «Заман жаршысы», «Ақжол», «Халық радиосы», «Жаңаарқа», «Вечерняя Алматы», «Маңғыстау», «Сарыарқа», «Алматы ақшамы» газеттері бар.

Марапаттау шарасы кезінде сөз алған «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай аймақтық БАҚ өкілдерінің басын қосқан шараның маңыздылығына мән беріп, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ризашылығын білдірді. «Үшінші рет өткізіліп жат­қан Өңірлік БАҚ форумы шын мәнінде үлкен ақпарат алаңына айналды. Мемлекет басшысының қолдауымен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бас болып ұйымдастыруымен еліміздің медиа кеңістігін дамытуда үлкен қа­дамдар жасалып жатыр. Мұндай форумдардың халқымыздың медиа мәдениетін қалыптастыруда ық­палы өте зор. Әсіресе жергілікті жер­дегі БАҚ-тың жұмысын дамытуға зор серпін беретініне сенімдіміз. Тәуел­сіздіктің елең-алаң жылдарында үлкен тартыспен шыққан, зиялы қауым өкіл­дерінің қолдауымен өмірге келген «Алматы ақшамы» мен «Вечерняя Ал­маты» газеттеріне форум аясында көр­сеткен құрметтеріңізге рахмет. Бұл құр­меттің астарында газеттің мың­даған авторларына, жанашырларына, жал­пы Алматыға деген ыстық ықылас жатыр деп ұғамыз», деді Қали Сәрсенбай.

Қостанай облыстық «Алау-тв» телерадиокомпаниясының басшысы Алмат Сүлейменов те өңірлік масс-медиаға үнемі көрсетіп жатқан қолдауы үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне алғыс айтты. «Басқарып отырған телеарна компаниясының жұмысының нәтижесі бойынша айтарым, ми­нис­трлік көрсетіп отырған жан-жақты қолдауының арқасында біз «Отау-тв» пакетіне ендік. Дер кезінде сіз қа­былдаған көптеген шешімдер өңір­л­ік БАҚ-та орын алып отырған кедер­гілерді жойды деп нақты айта аламын. Бұл орайда бізге келешекте мемлекеттік тапсырыс бойынша да қолдау көрсетіледі деген үмітіміз бар», деді А.Сүлейменов.

«Astana Media Week» аясында Өңір­лік БАҚ альянсы ұйымдастырып жатқан Өңірлік БАҚ форумының алғаш­қы сессиясы «Медианың сан­дық трансформациясы: нарық, өнді­ріс және контент дистрибуциясы қан­дай болмақ?» тақырыбына арналды. Жиынға «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Өңірлік БАҚ альянсының президенті Ержан Сейт­қазинов, TNS Central Asia бас ди­ректоры Татьяна Старцева, «Оты­рар» телеарнасының басшысы Жанар Нұр­сейітова, «Nur.kz» ақпарат пор­талының бас директоры Қуат Бах­ридинов қатысты. Сессия барысында қазақстандық медианарыққа шолу жасалып, түйткілді мәселелер көтерілді. 

«Кез келген контент табысты болуы үшін аудиторияның ығына жығылуы, ыңғайына бұрылуы белгілі нәрсе. Осы орайда мен қалалық жерде тұратын ақпарат тұтынушылардың бағыты, олардың қаншалықты жылдам өзгеріске түсіп жатқаны туралы сөз қозғағым келеді», – деп бас­тады өз сөзін Т.Старцева. Оның кел­тірген деректері бойынша, Қазақ­стан­дағы қала тұрғындарының 76 про­центі күніне кемінде бір рет теле­дидар көреді екен. Ал олардың 51%-і ғаламторды қолданып, 36 про­центі радио тыңдаса, басылым оқи­тын­дар көлемі – 10%. Дегенмен соң­ғы үш жылда бұл көрсеткіштер бір­ша­ма өзгеріске ұшыраған. Мәселен, ғалам­торды күнделікті қолданушылар саны артып, 14 процентке жеткен. Ал телеарналарды тамашалайтындар 5%-ке, бас­пасөз оқитын аудитория 5%-ке ке­міген. Бір қызығы, зерттеулерде радио аудиториясы тұрақты болып шыққан.

«Бүгінде ақпарат тұтынушы азаматтарымыз теледидар қарауға өзінің 200 минутын жұмсаса, ғаламторды ақтаруға 150 минутын сарп етеді. Ал ра­дио­тыңдармандар радиожиілікті қосқан соң кемі 2 сағатқа жуық тың­дайды. Сонымен бірге интернеттен ақпарат іздейтіндер саны азайған. Бұл ғаламторды қолданушылардың артуынан туындап отыр. Бұрын интернетке белсенді қолданушылар жиі кірсе, қазір қысқа уақытқа кіретіндер саны басым. Сонымен бірге дәстүрлі баспасөзді оқитындар саны мен теледидар қарайтындар саны қатты қысқарып кетті. Қорыта айтсақ, бұқа­ралық ақпарат құралдарына жұмсай­тын уақыттың 50 проценті телеарна­ларға тиесілі. Екінші орында – интернет, содан кейін радио, дәстүрлі баспасөз», деген Т.Старцева еліміздегі медиа трансформацияның жедел жүзеге асып жатқанын қуаттап өтті.

Ал «Бәсекелестік жағдайында дәс­түрлі БАҚ-тың жеңіске жетуі» тақырыбында «Aiqyn» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жаңа медиа мен дәстүрлі баспасөзді қатар дамыту керек екенін атап өтті. «Біздің дәстүрлі БАҚ нарық жағдайына төтеп бере ала ма, өмір сүре ала ма, болашағы қалай болады деген мәселе әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да көптен бері әңгіме боп келе жатыр. Оқуды қойған адамдардың қатары көбейді. Газет те, кітап та оқылмайды. Сонда не үшін шығарып жатырмыз?  Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен әлеуметтік бағдарланған қаншама кітап шығады. Соларды кім оқып жатыр? «Мәдени мұра» аясында 100 томдық «Бабалар сөзі» атты ғаламат энциклопедиялық еңбек жи­нақ­талып, сөрелерге қойылды. Қазір бетін ашатын адам бар ма? – деген ол қазақтілді басылымдардың мемле­кет­тік тілді дамытудағы рөліне айрықша тоқталды.

Ал түстен кейін медиапталық қа­ты­су­­шы­ларына Жоғарғы сот баспасөз қызметінің жетекшісі Болат Қальян­беков, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас­шысы Дархан Қыдырәлі, «Вре­мя» ақпарат агенттігінің Астана қа­ла­­сын­­дағы тілшілер қосынының же­тек­­шісі Асқар Жалдинов салалық та­қы­­рып­тарда шеберлік сабақтарын өткізді. 

Astana Media Week апталығының аясында өңірлерден келген тіл­ші­лермен кездескен «Egemen Qazaqstan» га­зе­тінің басшысы Дархан Қыдырәлі бас басылымды заман талабына сай жаң­ғырту тәжірибелерімен бөлісті.  

Қазіргі ақпарат айдынында дәс­түрлі баспасөз бәсекеге қабілетті бо­луы үшін оқырман талғамына сай сапа­лы материалдар беруге икемделу, әлемдік медиа кеңістіктегі озық тә­жірибелер мен ізденістерді елеп-екшеу және қолданысқа енгізе білу аса маңызды. «Egemen Qazaqstan» газетінде жүзеге асырылған ди­зайн­дық-форматтық және мазмұндық өзгерістер осы бағыттағы ізденістердің көрінісі.  Басылым басшысы атап өткендей, бұл қадамдар өз жемісін берді. Материалдар көлемін мейлінше ықшамдау, оқырмандардың сапалық құрамы мен олардың талғамдарын ескеру, соған орай арнаулы беттер ашып, өзекті мақалалар, сапалы сараптамалар мен сарапшылар пікі­рін, инфографикалық материалдарды көптеп ұсынудың нәтижесінде газет­тің тартымдылығы артты. Сәйке­сін­ше, аудиториясы кеңейіп, таралы­мы көбейді. Бұл ретте, әйгілі New York Times-пен жасалған келісім негі­зінде  америкалық алпауыт газет бетін­дегі айтулы сараптамалар мен шо­лулардың «Егеменде» жарияла­на бас­тауы да отандық баспасөз тари­хын­дағы елеулі жаңалық болғаны анық.  

Сонымен қатар, газеттің интер­нет-сайтына да айрықша көңіл бөлініп, кон­тент сапасы күшейтілді. Нәти­же­сінде, сайт оқырмандарының қатары айтарлықтай ұлғайып, қолданушылар географиясы кеңейді. 

«Егеменнің» осындай елеулі жаңа­лықтарымен бөліскен Д.Қыдырәлі өңірлік БАҚ өкілдерін қызықтыратын бір­­қатар сұрақтарға жауап берді. Жиын соңында аймақтық медиа өкіл­дері басылым редакциясына келіп, тә­жі­­ри­бе алмасуға ниетті екендіктерін білдірді.

Жалпы, медиа апталықтың екінші күнінің еншісіндегі Өңірлік БАҚ фо­ру­мында бұдан басқа көтерген тақы­рыбы өзекті бірқатар панельдік сес­сиялар өтті. Мәселен, олар «Қазақ­стан­дағы медиа сауаттылық пен медиа білімді дамытудың келешегі мен кедергілері», «Дилемма: журналис­тика саласындағы кәсіби стандарттар қажеттілігі» және «Қазақстанда медиа этика бар ма?», «Отандық масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформалар» тақырыптарына арналды.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»