Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Павел Легкий: «Апталықтан алған әсерім ерекше»

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Astana Media Weeк-2018» аясында өткізіліп жатқан шаралардың барлығы мен үшін өте құнды. Осы саланың маманы ретінде медиа апталықтың әрбір шарасы қызықты, пайдалы етіп ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Себебі біздің тарап үшін үйренер нәрсе, түртіп алар ақпараттар легі өте көп. 

Павел Легкий: «Апталықтан алған әсерім ерекше»

Рас, мұндай шаралардың баламасы Беларусь елінде де бар, түрлі ақпараттық форумдар өткізіліп тұрады. Бірақ әр елдің өз ұстанымы бар екенін ескерсек, бұл форумнан күтерім көп екенін жасырмаймын. Менің бұл форумға келгендегі негізгі мақсаттарымның бірі – қазақстандық медиа нарықтағы жаңа технологиялар мен үрдістерді көру, үйрену. Сонымен бірге осы күнге дейін өзара ынтымақтастық тұрғысында жасалған Қазақстан-Беларусь бұқаралық ақпарат саласындағы қарым-қатынасты тереңдете түсу. Соңғы жылдары екі елде де БАҚ саласындағы заңнама уақыт талабына сай жетілдіріле түскені белгілі. Бұл жалпы журналистика парадигмасының өзгерісіне де қатысты.

Медиа апталық шеңберінде біз әріп­тестерімізбен телевизия саласы мен нормативтік-құқықтық база бойынша ортақ жүзеге асырып жатқан идеяларымызды пысықтадық. Осы орайда форум аясында өзім қызыққан кейбір медиа элементтерге тоқтала кеткім келеді. Мәселен, кеше жабық питчингке қатыстым. Бұл шараны телевизиядағы идеялар жәрмеңкесі десек те болады. Питчингті медиа форумда қолдану мен үшін жаңалық болды, қатты ұнады, келешекте оны елімізде қолданысқа енгізгім келеді. Питчинг Беларусь медиа форумдарында қолданыста жоқ. Сонымен қатар Қазақстанның медиа индустриясында қолданылып жүрген жаңа технологиялар, жүйелер, техникалар, жаңа жабдықтар барлығы қызығушылығымызды арттыруда десем, артық айтпас едім.

Жалпы, Қазақстанда медиа саласын цифрландыру, жаңа техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жоғары деңгейде. Ортақ мәселелеріміз де жоқ емес. Беларусь елінде де көптеген посткеңестік елдердегі сияқты цифрландыру мәселесі, дәстүрлі БАҚ-ты сақтап қалу, байланысты дамыту өткір күйінде тұр. Бірақ Қазақстан осы тұрғыдан ауқымды жобаларды тыңнан жүзеге асырып, таза идея жүзінде қалмай, қарыштап даму жолында. Сол себепті Қазақстан медиа саласындағы әрбір үрдіс біз үшін үлкен тәжірибе болмақ. 

Осыдан бір ай бұрын Беларусь Ақпарат министрлігінің бастамасымен құрамында медиа саласының көптеген мамандары бар бір топ делегация «Қазмедиа» орталығының қызметімен арнайы келіп таныстық. Орталықтың ньюсрумдары мен студияларына экскурсия жасадық, техника түрлерін көрдік. Өкінішке қарай, елімізде мұндай ірі ақпараттық орталық жоқ. «Қазмедиа» секілді көптеген БАҚ түрін бір шаңырақ астында жинау туралы идея біз үшін тың емес, дегенмен оны қалай жүзеге асырамыз, дұрыс жолмен келе жатырмыз ба деген сұраққа жауап іздей келгеніміз шындық. Мұндай орталық экономикалық тұрғыда тиімді, сондай-ақ телехабар таратуда ортақ архивтік база болуымен құнды. Сіздер үшін мұндай объектіні салу өткен тарих болса, біз үшін үлкен тәжірибе. Орталықты салу керектігі, оның тиімділігі айқындалды, ендігі жерде мәселе қаражатқа байланысты болмақ.

Цифрландыру – әлемді қамтыған мегатренд. Жер шарының бір бөлігінде орын алып жатқан жаңалық, екінші бөлігіне ерте ме, кеш пе жететіні айқын. Осы орайда біз аудиториямыздың бағыты мен сұранысы қызметіне назар аударуға мәжбүрміз. Мен қатысқан Өңірлік БАҚ форумында осы мәселелер өте орынды көтерілді. Жалпы, медиа апталықтың алғашқы екі күнінен алған әсерім мен жаңалығым мол екенін айтқым келеді.

Павел ЛЕГКИЙ,

Беларусь Ақпарат министрінің бірінші орынбасары