Ауыл • 28 Қыркүйек, 2018

Сабыр Қасымов: «Отанды сүю – иманнан»

170 реткөрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында өңір ғалым­дарының, тарих­шыларының, өлке­тану­шыларының, зия­лы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысы қоғамдық өмірімізде орны айрықша, маңыздылығы басым, жаңа көз­қарастар мен талдауларды қажет ететін, мемлекет қолдауына зәру келелі тақырыпты қозғауымен ерекшеленді. Жұртшылықты бейжай қалдырмайтын толғақты мәселенің жан-жақты талқыланып, әрқилы ой-пікірлердің өріс алуына белгілі заңгер, қоғам қайраткері Сабыр ҚАСЫМОВ қозғау салды. Біздің «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының төрағасымен сұхбатымыз ел үшін сіңірген ерен еңбектері мен ерлік істері ұшан-теңіз тұлғаларды қадірлеу, қастерлеу, ұлықтау, есімдерін жаңғырту, есте қалдыру, жас ұрпаққа үлгі ету төңірегінде өрбіді.

Сабыр Ахметжанұлы, қоғам­дық қор жайлы көп­шілік жете біле бермей­тін секілді.

– Олай болатын жөні бар. Қордың тұсаукесер рәсімі биыл мамыр айын­да Астана қала­сында өтті. Десек те, оған дейін бірқы­дыру дайын­дық, ұйым­дас­­тыру жұмыстары ат­қа­рылды. Оның бір мысалына «Қазақ­стандағы Желтоқсан/1986/ көтері­лісінің тарихи және халық­аралық маңызы» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-прак­ти­калық кон­ференцияның өтуін, он­да жасалған баяндамалар мен сөй­леген сөздердің жинақ болып жарық көруін айтар едік. Бүгінде бірнеше облыс­тарда бөлімшелер ашылды. Жергілікті билік орындарымен ынтымақтаса отырып, отарлық саясат пен құлдық езгіге қарсы шыққан ұлттық батырларды іздестіру, табу, олар жайлы әділеттілікті қал­пына келтіру, жаңаша көзқарасты орнық­тыру, та­рихтың «ақтаңдақ» бет­терін ашу басты бағдар болып қала береді.

Қордың «Қаһар­ман­дар» аталу себебі неде? Ат­қаратын қыз­­меті мен алға қойған мақса­ты қан­дай?

– Азаттық жолындағы күрестің, ұлттық саяси бас көтерулердің маңыздылығын Елбасы талай рет атап көр­сет­кен болатын. Бос­тандық халқымыздың ғасыр­лар бойғы арманы еді. Оған жету оңай болған жоқ. Қазақ халқы небір тар жол, тайғақ кешулерді, ауыр қасіреттерді бас­тан кешіріп, «елім-айлап» өткеніне ұлт тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Атамекенін сыртқы жаудан қорғау үшін атқа қонған ата-бабаларымыздың әр күні қас дұшпандармен арыстанша алысқан, жолбарысша жұлқысқан небір арпалыстарға, ерен ерліктерге толы. Өкінішке қарай, қа­сиетті де қастерлі ұғым са­на­латын ел тәуел­сіздігі үшін күрес­кен, азап шеккен, жанын пида еткен, солай бола тұра әлі күн­ге дейін аттары аталмай ұмыт қалған арыстарымыз қан­шама! Бұл жағынан Ресей, Балтық жаға­лауы елдері жақсы үлгі көрсетіп отыр.­ Оларда ондаған заң­ акті­ле­рі қабыл­данып, жазық­сыз жазаланған жандарды ұлттық батыр деңгейі­не дейін көтеріп, ақтау миссия­сын жүйелі түрде жалғас­тырып келеді. Біз­де ондай тұлғаларды ақтау көбіне бірреттік шаралармен ға­на шектеледі, жүйелілік, біріз­ділік жетіс­пейді. Қор осындай олқы­лықтың орнын толтыруды діттейді. Өз тарапымыз­дан жаппай қу­ғын-сүр­гінге ұшыраған отан­даста­рымыздың мәртебесін анық­­тайтын заң жо­басын әзір­леп, Парл­амент қа­рауына ұсындық. Сола­қай сая­сат есімдерін қанша өшіруге тырысса да, халық санасында жатталып, ұлттық рухтың символы іспет­тес ардақ­тыларымыздың қай-қайсы­сы болсын «қаһарман» деген атқа әбден лайық. 

Дөңгелек үстел барысында ұтым­ды ойлар, ұғынықты пікір­лер айтылды ма?

– Бірталай аймақтарды ара­лаға­нымда әкімдік басшылары жан-жақты қол­дау көрсетті. Мұ­ның өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­­ғыру» бағдарламалық мақала­сында айтылғандай мақ­сатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс деген талапты терең түсінгендіктің бел­гісі. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен кез­десу де осы тұрғыдан өрбіп, біздің тара­пымыздан көтеріліп жатқан бастамалар шынайы патриотизмді жастар бойына орнықтырудың маңызды көрінісі ретінде ба­ғаланды. Ал дөңгелек үстелге тоқ­талатын бол­­сақ, оған қа­тысушылардың бел­сен­ділігі, келелі тақырыптың бейжай қалдырмайтыны ұнады. Қытай мен Ресей архивтерінде XVIII-XIX ғасырларда болған толқулар мен көтерілістер кезінде нақақтан нақақ қорлық көрген боздақтар жайлы құжаттардың аз еместігіне назар аударылды. Көбіне соңында іздеушісі бар тұл­ғалар ғана ақталып жататыны, қалғандарының тағдыры беймәлім күйде қалатыны, із­дес­тіру жұмыс­тары негі­зінен ста­лин­дік репрессия төңірегінен ұза­май­тыны, үркіншілік, аштық жылдары шетелге ауған қалың жұрт жайлы білеріміз мардымсыз екені, өткен ғасырдың 20-шы жылдары кеңес өкіметіне қарсы бағытталған Сібір тол­­қулары Қа­зақ­станның теріскейін де қам­тығаны, қор­дың бұл бағыттағы ғылыми-танымдық іс-ша­раларын кеңінен өрістету қажеттігі ортаға салынды.

Қордың бір бағыты – 1986 жылғы желтоқсанның ыз­ғарлы күндерінің шынайы тарихын ашу, оған қа­тысушылардың ер­лі­гіне лайықты бағасын бе­­­ру. Кеңес империясын­ тұң­­­­ғыш рет дүр сілкін­дір­ген қа­зақ жас­тарының жап­­­пай батыр­лығы мен отан­сүйгіштік сезіміне «оқи­­ға», «толқу», «қақты­ғыс», «қоз­­ғалыс» деген сияқ­­ты­ әр­түр­лі атау тағы­лып жүр.­ Сіз осы мәселемен 35­ жылға жуық жүйе­­лі түр­­­де шұғылданып келе­сіз. Парламентте арнайы ко­мис­­сияға жетекшілік ет­­тіңіз. Қай тұжырым қи­сын­ды?

– Санаға әбден сіңіріліп, таптаурын қағидаға айнал­дырылған «Желтоқсан оқи­ғасы» секілді қате түсі­ніктен арылуымыз қажет. «Оқиға» ұғы­мы тәулік ішінде өтіп жатқан талай шараның, әре­кеттің т.б. форматын, ата­уын ғана бере алады. Ал би­ік мақсат көзделіп, сол жолда халық біріккен, осы үшін әскер, милиция, сот күшімен қу­да­ланған, азапталған, өлті­рілген айрықша бас кө­те­ру мәртебесі – «көтері­ліс» болатыны сөзсіз. Біз осы ойды қоғамға үнемі айтып, дәлелдеп келеміз. Тарихи құбылысқа 1996 жылы өткен бірінші ғылыми-прак­­тикалық конференция­ мінбесінен «көтеріліс» де­ген анықтама берілген бо­латын. Отандық және шетел­дік ғалымдар осы тоқ­тамның байыптылығына ұйып, әлемге әсер берген Жел­тоқ­сан көтерілісіне ден қоя бас­тағаны байқалады. Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында заманға да, ұр­паққа да ой саларлық зерттеулер жүргізілді. Алаш арыс­тарының азаттықты аң­саған арманын ұран етіп шыққан қазақтың өрімдей ұл-қыздарының ерлігі мен өрлігі ұлт тарихымен терең сабақтастығында. 

Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Кеше

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар