Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Ізгілік иіріміндегі із

636 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Зейнеткерлікке шығып, бала-шағасы мен немерелерінің қызықты думанына мерейленер сәтінде бақилыққа аттанып кете барған сыйлас-сырлас адамы жайында үлкендердің: «Жан баласына жамандығы жоқ, жақсы адам еді» деп өмір-өзеннің асау өрімі туралы әр алуан әңгімені жібектей есіп отыратын толғақты шағы енді біздің де басымызға түсе бастағанын мынадай ауыр қазадан кейін еріксіз мойындауға мәжбүр болады екенсің. Күліп-ойнап күні кеше ғана арамызда жүрген адам бүгін жоқ. Қандай суық сөз!

Ізгілік иіріміндегі із

Әлекеңнен, Әлисұлтан Құланбайдан дәл осылай қас пен көздің арасында айырылып қаламыз деп ешбіріміз ойламағанбыз. Көрінгенге елп ете қалатын, желп ете қалатын, қайғы-мұңды жүрегімен қабылдап, ашу-ызаға тез бой алдыратын  жеңіл, ұшқалақ жан болса мейлі-ау, өте сабырсыз, күйгелек адам еді ғой дейтін. Ал енді салиқалы, салмақты, тау қозғалса да отырған жерінен оңайлықпен қозғала қоймайтын, сондай байсалды жан бүгін сапымызда жоқ деген сөз санамызға сыймайды. Университетте бірге оқып жүрген кезіміздегі сыйластығы, достық қарым-қатынасы қандай болса дәл сол қалпында өзгерместен, бостекі сөзге ерместен ғұмыры Алатаудың басынан көшкен ақ шәлі бұлттай көкжиекке сіңіп кете барды... Өзінің туған топырағына (Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Үлкен диқан ауылы) апарып жерленгелі де әні-міне дегенше 40 күн толғалы тұрған қайран, уақыт неткен жылдам еді. 

Жақында Әлекеңнің осыдан төрт жыл бұрын 60 жасқа толуына орай өз қолымен жазып берген бір жазбасын тауып алдым.  Мұнда 1978 жылы журналис­тика факультетінің дайындық бөліміне түскені баяндалады. 

«Дайындық бөліміне құжат тапсыр­ған кезде 40-50 шақты мақаламды бірге өткізген едім. Қабылдау емтиханы қарашаның ортасына белгіленді. Дәл сол уақытта оқу корпусына келсем, емтихан тапсыратын кабинеттің алды өзіміз сияқты жан-жақтан келгендерге толып қалыпты. Бірі өлеңін, енді біреулері әңгімелерін мәнерлей оқып, өзара дабырласқан топты көргенде аптығып келген көңілім су сепкендей басылды. Бәрі шетінен суырылып тұрған жүйрік, жағалай ақын, жазушы. Өнерлерін ортаға салғандарға қаумалап тұрғандар екпіндете қол соғады. Мына жағдайдан кейін: «Маған оқуға түсу қайда?» деп, келген ізіммен кері зыта жөнелгім келді. Бірақ түк бітірмей қайтып кете салуға ар-намысым жібермей, әрі-сәрі күй кешіп тұрғанымда кезегім жеткені хабарланды. Кабинетке кіріп, оқытушы нұсқаған партаға барып отырдым. Сәлден соң қазақ әдебиеті, қазақ тілі және тарих пәндерінен бір-бірден сұрақ қойылды. Үшеуіне де тосылмай жауап беруің керек. Ойымды қысқа да нұсқа қағазға түсіріп, жауап беруге сақадай-сай отырмын. Кенет марқұм Темірбек Қожекеев ағамыздың шақырған дауысы саңқ етті. Білгенімді жаңылмай айтып бердім. «Қағазыңды қалдыр да шыға бер!» деді. Ентелей ұмтылып, есіктің тұтқасын ұстай бергенім сол еді: «Әй, Құланбаев, бері кел!» деген дауыс селк еткізді. «Мына қағазыңа осы айтқандарыңның бірін қалдырмай толығымен түсір. Бізді де тексеретін адам бар» деп партаға қайта қонжитып қойды. Сонда барып қобалжыған көңілім басылып, күдік-тұман сейіліп, оқуға түсіп тұрғанымды сездім.  

Түстен кейін қабылдау емтиханының нәтижесі жарияланды. Деканымыз бірінші менің аты-жөнімді атады. Ол кезде курстастар бір-бірімізді жете тани қоймаймыз. Бірақ мені сонда алғаш құттықтаған әріптесімді ешқашан  ұмытпаймын. Ол – бес жыл университет партасында қатар отырған курс­тасымыз марқұм Роза Нұржанова еді» деп түйінделеді әңгіме. Сонымен бірге өзі туып-өскен сол шағын ауылдан мемлекет және қоғам қайраткері  Заманбек Батталханов, академик Мәкен Молдабаев, ғылым докторлары Сәйден Жолдасбаев пен Ерболат Батталханов, ақындар Ілия Бахтия мен Нұрлан Оразалин сынды белгілі тұлғалар шыққаны  баяндалады. 1969 жылы Үлкен диқан сегіз жылдық мектебін, 1971 жылы көршілес Кіші диқан ауылындағы «Октябрь» орта мектебін бітіргені, жазуға қанат бітірген алғашқы шағын мақаласы мектепте оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып, іле-шала мақалалары аудандық ұйғыр тіліндегі «Или вадиси» (ол кезде аудандық газет тек ұйғыр тілінде ғана шығатын), Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде жариялана бастағаны, 1972-1974 жылдары Кеңес Армиясының қатарында әскери борышын өтегені, әскер қатарында жүріп те «Жетісу», «Или вадиси» газеттеріне мақала жазып тұрғаны, үш жарым жылдай «Октябрь» ұжымшарында жұмыс істеп, екі жыл Үлкен диқан ауылындағы бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік еткені туралы мәліметтер келтірілген. 

«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» демекші, қашаннан кісіні ақыл-ойы мен парасат-пайымы, адамгершілік қасиеттері сыйлы, қадірлі етіп көрсететіні даусыз. Әлекеңмен бірге 23 жылға жуық «Егемен Қазақстанда»  қанаттаса қалам тербеппіз. Аз ба? Балалық пен жастық шақты қоса есептегендей әжептәуір мерзім екен. Осы уақытта оның бойынан нені аңғардық, қандай қасиеттерді бағалай алдық? Деген сұрақты алға тартқанда, адалдығы мен шыншылдығы, қарапайымдылығы мен ұстамдылығы тәнті ететін. Мән берсек, бұл қасиеттер оған отбасындағы өнегелі тәрбиеден дарыған тәрізді. Әкесі Мұқанәлі мен анасы Күмісхан он үш ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген, өрісті, тынысты болған кісілер екен. Ол естелігінде әсіресе әпкесі Айбаршаның атын айрықша атап өтеді. «Анамыз жиі ауырып, ауруханаға түсіп қала беретін. Сонда үй шаруасындағы жұмыстың бәрін әпкеміздің бір өзі жүріп тындырып тастайтын. Тіпті кейде сабаққа бармай қалатын еді. Бізді өмірге әкелген алтын құрсақ анамызға қалай қарыздар болсақ, әпкемізге де сондаймыз. Сегізіміздің жоғары білім алуымызға ол кісінің сіңірген еңбегі өте зор. Соған қарамастан мектепті өте жақсы бітірді. Әттең, оқымай қалды. Дегенмен, өз өміріне өкпелі емес. Ұзақ жыл мектепте хатшы болып істеп, зейнеткерлікке шықты» деп жазады... 

«Дүние, шіркін – серуен,Адам – бір көшкен керуен» дегендей, мына фәни жалғанда ешкімнің де мәңгілік өмір сүрмесі белгілі. Опасыз жалған дүниеде талқаны таусылмайтын тағдыр жоқ. «Өзекті жанға – бір өлім» деген тағы бар. Өмір өткелі – талбесік пен жербесіктің арасында жүріп өткен жол ғана, яғни адамның фәниден бақиға ұзауы –  бұлжымас қағида.

Алайда көпшілік соған қарамастан кісі дүниеден өткеннен кейін де халқы­ның қазынасына, игілігіне жарар асыл мұрасы арқылы тағы бір балауыз жа­рық сәулесі – екінші ғұмыры басталады деп жатады. Қалай болғанда да, уақыт  өте келе өкініштің орнын сабыр жеңеді, тұлғаны есте сақтау, құрмет тұту қағидалары алға озады. Халқына сіңір­ген еңбегі, ізгілікті ізі, көркем мінезі өнеге етіледі. Сол тұрғыдан келгенде, Әлекеңнің қазынасын іздеген адамға мұның бәрі басылым бетінде айшықты өрнекпен алақандағыдай айқын көрініп тұр дер едік. Газетте жарық көрген дүние­лерінің бас-аяғын жиыстырып, кітап шығарып жүрген журналистер өте көп. Бірақ біздің Әлекең тағы да сондай көптің бірі бола алмады. Болмаса 1995 жылдың 12 наурызынан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып тапжылмай жұмыс істеген адамның осы уақытқа дейін бірде-бір кітабы жарық көрмепті дегенге кім сенеді?!  Президенттік пулдағы «Егеменнің» журналисі ретінде Елбасының шет мемлекеттерге жасаған сапарларын насихаттап, Еуропаның көптеген елдерінен, Қытай, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттерден Мемлекет басшысының жоғары дәрежедегі кездесулері туралы мақала жазудан Әлисұлтан Құланбайдай кәсіби биік деңгейге көтерілген журналист кемде-кем. Оның ЕҚЫҰ, Діндер сьезі, т.б. халықаралық ірі жиындардан жазғандары өңдеусіз, жөндеусіз, үстінен қалам түртілмеген күйі басылатын. Мақалаға деген жауапкершілігі айрықша сезілетін. Бүгін жазылуға тиіс мақаланы ертеңге қалдыру дегенді білмейтін. Ресми мақаланы қалай жазудың қыр-сырын меңгерген кәсіби біліктілігінің арқасында өзінен кейінгі жастардың ұстазына айналды. Газеттің саясат бөлімінде істейтін тілшілердің қиялға ерік беруіне, көркем теңеу мен бейнелі қисындарға бой ұруына, орайы келгенде өз ойын әңгіме арасына кіріктіріп жіберуіне, эмоцияға берілуіне... тағысын тағы әрекеттерге баруына болмайды. Бұл саланың сондай ерекше қырларына жетік Әлекеңді саясат бөлімінсіз, ал саясат бөлімін Әлекеңсіз елестету мүмкін емес-тін. Еңбек жолын «Жетісу» газетінде корректор болудан ­(үш айға жуық) бастап, одан кейін Қазақ зағиптар қоғамының басылымы – «Еңбек таңы» («Заря труда») журналында алты жыл аға тілші, аға редактор, 1995 жылға дейін «Дала дидары» («Ауыл») газетінде тілші, аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған оның журналистикадағы тәлім-тағылымы кәсіби білімін жетілдіргісі келген кейінгі жастарға қашанда үлкен мектеп болып қала бермегі сөзсіз. Еңбегінің еленіп, Қазақ­стан Президентінің БАҚ саласы бойынша грантын иеленуі, «Нұр Отан» партия­сының журналистика саласындағы сыйлығына ие болуы, Журналистер одағы­ның лауреаты атануы – соның айғағы.

...Адам – дүниеге бір-ақ рет келетін уақытша қонақ деген сөз рас болар, сірә. Өткен шаққа айналған өмірдің соңы өкініш десек те, сабырға қайрат қосатын, күйіктің демін басатын жұбаныш атты ұлы ұғым бар. Ғұмырдың келте жібі үзілгенмен, соңында үлбіреп үндері – ұрпағы желкілдеп өсіп келе­ді, әрдайым еске алып отыратын сүйген жары Керімжаны, тәрбиелі ұл-қыздары, немерелері бар. Соған жұба­намыз. Журналистикада ізгілікті ізі қалды. Әріптестері, курстас-достары ұмытпайды. Соған  жұбанамыз. Көңілді жұбататын басқа не бар?! 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»