Қазақстан • 01 Қазан, 2018

Үздік әлеуметтік жобалар байқауының қорытындысы жарияланды

1184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» дәстүрлі байқауының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Парламент депутаттары, басқа да мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. 

Үздік әлеуметтік жобалар байқауының қорытындысы жарияланды

Биылғы байқау алғаш рет «Нұр Отан» партиясының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп ұйымдас­тыруымен өткізілді. Биыл алтыншы рет өткізілген байқауға еліміздің әр өңірінен 318 автор қатысып, өз жобаларын ұсынған. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен аймақтық және аумақтық кезеңдерден кейін байқау комиссиясының шеші­мі­мен 55 жоба іріктеліп, респуб­лика­лық кезеңге жолдама алған болатын. Олар 20 қыркүйекке дейін интернетте жүргізілген онлайн дауыс беруге қатысты. Ұйымдастырушылар онлайн дауыс беруге 56 мың қазақ­стан­дық қатысып, үздіктерді анықтауға үлкен үлес қосқанын айтып отыр.

Марапаттау рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу – Елбасы анықтап берген еліміздегі ең басты басымдықтардың бірі екенін айтты.

«Осы бағытта соңғы жылдарда мемлекеттік органдар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасы халықтың әл-ауқа­тын арттыруға арналған өзінің бес әлеуметтік бастамасын жария­лап, алдымызға жаңа міндеттер қой­ды. Осы ретте қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен бірге, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлер және саяси партиялар да белсенді әрекет етсе, көздеген межеге қол жеткізу жеңілдейтіні сөзсіз», деді М.Әшімбаев.

Жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтаған Мәулен Әшімбаев байқауға қатысқан барлық жоба авторлары жеңіске лайық екенін айтып, мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор  екенін атап өтті.

«Бұл, біріншіден, әлеуметтік салада белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік беретін болса, екіншіден, сондай бірлестіктерді көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге жол ашады. Қазіргі таңда елімізде ондай ұйымдар мен азаматтар мыңдап саналады. Біз олардың жұмыстарын жоғары бағалай отырып, аталған ұйымдарға тиісті жағдай жасауды барлық мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және саяси партиялардың жауапкер­шілігі деп қабылдаймыз. Өйткені олар осындай игі істерімен қоғамымызда қайырым­дылық мәдениеті мен әлеумет­тік жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен үлестерін қосып келеді. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы осы дәстүрлі байқауға атсалысып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізіп отыр», деді ол. 

Қатысушылардың өтініштері сәуір айынан маусым айының соңына дейін бес бағыт бойынша қабылданған. Оның 42-сі әлеуметтік мәселелерді шешудегі ақпараттық ілгерілеуге (13,1%), 53 өтініш әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамытуға (16,7%) арналған. 116 өтініш тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету (36,5%), 47 өтініш мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ету (14,8%) бойынша болған. Ал 60 өтініш қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмек көрсету (18,9%) бағытымен қабылданған екен. Соңғы бағыт бойынша қабылданған өтініштер қатарында түрлі келеңсіздіктерге тап болған жандарға, соның ішінде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, жазасын өтеп шыққан жандардың қоғамға бейімделуіне, үйсіз жандарға қолдау көрсетуге арналған жобалар да бар көрінеді.

Сонымен, 1-орынға «Зейнет­керлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева лайық деп табылды. 2-орынды «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов пен «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов иеленді. Ал 3-орын «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен қатысқан Маржан Мәдиева мен Сәния Араповаға берілді. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша, сондай-ақ Асхат Құсдәулетов, Жаннета Жазықбаева және Светлана Качура жүлдегерлер атанса, арнайы сыйлықтар Бибісара Бейсенбаева, Эмин Аскеров, Олжас Сыздықов, Ақбөпе Қаленова және Лейла Бай­рамоваға табысталды.

Марапаттау рәсімі өтуден бұрын республикалық байқауға қатысқан 55 жоба көпшілік назарына ұсыны­лып, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар мен инвес­тор­лардың қатысуымен көрме ұйым­дастырылды. Жобаларды көпшілік­ке өткен жылғы жеңімпаздар таныс­тырды. Мұны биылғы байқаудың басты ерекшелігі ретінде айтуға болады. Яғни, былтыр осы байқауда топ жарып, көпшіліктің ықыласына бөленген тараздық Исаак Мустопуло, «Асар» оңалту фитнес-орталығының негізін қалаушы Елдос Баялышбаев, «Амазонка» онкологиялық дертке шалдыққандарды қолдау қоры­ның директоры Анжелика Сарьян және тағы басқалары биылғы жеңімпаздарды марапаттауға арнайы қатысты.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»