Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытындысы қаралды.
Осы мәселені қарамас бұрын Премьер-Министр Ақтау қаласымен он-лайн режімінде бейнебайланысқа шығып, жақында ғана «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы болып тағайындалған Өмірзақ Шөкеевпен, Маңғыстау облысының жаңа әкімі Бауыржан Мұхамеджановпен сөйлесті. Олардан Жаңаөзендегі қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы сұрап, атқарылып жатқан шаралардың орындалуын білді.
Алдымен сөз алған Өмірзақ Шөкеев үстіміздегі жылдың 20 желтоқсанындағы деректер бойынша бірқатар мәліметтер келтірді. Қазіргі күні Жаңаөзен қаласы мен Теңге және Шетпе ауылдарында қирандылардан пайда болған қоқыстарды тазарту жұмыстары қызу түрде жүргізіліп жатыр. Барлығы 100 тоннадай қалдықтар шығарылған. Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Ал коммерциялық нысандарды қайта қалпына келтіруде туындап отырған мәселелер бар. Сонымен қатар коммерциялық нысандардан өртелген және жоғалып кеткен заттардың орнын толтыру үшін жергілікті «Жарылқау» қайырымдылық қорының қаржыларын пайдалануға тура келеді. Ол үшін бұл қорға үкіметтік резервтен тыс қаржы көздері қарастырылуы керек. Залал келген 31 нысанның 12-сінің иесі өз шығындарын 208 миллион теңгеге балап отыр. Өмірзақ Шөкеев осының анық-қанығына жету үшін сарапшылар комиссиясының құрылатындығын мәлім етті. Шығындарды қалпына келтірудің тағы бір жолы – жеке меншік иелеріне жеңілдікті несиелер беру. Бұл үшін де арнайы шешім қажет.
Осы мәселеге байланысты Кәрім Мәсімов Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, жағдайды жеделдетіп шешу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Премьер-Министр қаржы мәселесін жаңа жылға дейін жеделдетіп шешу үшін әрбір облыстан орта есеппен 100 миллион теңгеден көмек жинау қажеттігін ескертті. Кейбір мәселелерге байланысты тиісті заңдар мен қаулыларға да өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін айтты.
Жаңаөзенде жұмыс істеп жатқан комиссия осы уақыттың ішінде халықпен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз жеті рет кездесу ұйымдастырып, кейбір даулы мәселелерді талқылаған. Халық қазіргі күні мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан істерді құптап, қолдап отыр. Жұмысқа орналасу туралы өтініш берген 104 адам үкіметтік комиссия ұсынған жұмыстарға баруға келісімін берген.
Облыстың жаңа басшысы Бауыржан Мұхаметжанов бүгінгі күні «Өзенмұнайгазға» қарасты компаниялар толық жұмыс істеп тұрғандығын, жұмысшылардың барлығы жұмысқа шыққандығын мәлімдеді. Маңғыстау жерінде жүрген Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов тергеу жұмыстарының барысы жайлы мәлімет берді.
Сондай-ақ, халықпен жүргізілген кездесулерде адамдар Елбасының коменданттық сағат енгізу жөніндегі Жарлығын толық құптап, тәртіп толық қалпына келгенінше оны одан әрі соза түсуді сұраған.
Өмірзақ Шөкеев өз сөзінің қорытындысында мұндағы әлеуметтік мәселелерді толық көлемінде шешу үшін осында жұмыс істеп жатқан битум зауыты секілді бірқатар нақты жобаларды жүзеге асыру қажет болар деген пікірін білдірді. Мәселен, азық-түлік қымбатшылығына тұсау салу үшін «ҚазАгро» холдингін тарта отырып, мұнда азық-түлік белдеуін қалыптастырған жөн болар деген ұсынысын айтты.
Аталған мәселелердің барлығы комиссия мүшелерінің Үкімет басшысымен бетпе-бет кездесулерінде талқыланатын болып шешілді.
Мұнан кейін Үкімет күн тәртібіндегі мәселені қарауға кірісті. Осы бойынша негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, өткен 11 айдың ішінде ішкі жалпы өнім көлемі 7,5 пайызға өскен. Мұндағы бір қуанышты жәйт, елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынып жатқан жұмыстар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібімен салыстырғанда, озық жағдайда дамып, оның көлемінің өсуі 6,7 пайызды құраған. Бұған негізінен химия өнеркәсібінің, мәшине жасау саласының, металлургия өнеркәсібінің қарқынды даму нәтижесінде қол жеткізілді.
Аталған мәселе жөнінде кейінірек кең көлемде баяндамақпыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.