Бокс • 01 Қазан, 2018

Василий Жиров пен Гонсалестің жекпе-жегі екі минутта аяқталды

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Фото-қоржыны шежіреге толы көзмергенінің бірі Юрий Беккердің ең сәтті түсірілген және бүкіл БАҚ-та жарық көрген суреті – 2001 жылы Алматыда өткен Василий Жиров пен Алекс Гонсалестің арасындағы жекпе-жек.  

Василий Жиров пен Гонсалестің жекпе-жегі екі минутта аяқталды

«Барыс» деген лақап атқа ие Балқаштың баласы қашан да бұл туралы: «Мен үшін ең есте қалған бәсеке – Қазақстанда Алекс Гон­са­лес­пен өткен жұдырықтасу, Әлем чемпионы титулын үшінші рет қатарынан қорғап қалуым еді. Оған Мемлекет басшысы келіп, мен өте қуанышты болдым. Бірақ бәрі қас пен көздің арасында өте тез аяқталды» деп еске алады.

Айтқандай, Жировқа «Барыс» деген ла­қап есімді берген де, кейін оны «Бал­қаш­тың барысы» деп әспеттеген де өзіміздің журналистер. 

Әрине боксшы Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы атақ­тарына қол жеткізгенге дейін тағ­дыры да, спорттағы ман­сабы да тақтайдай тегіс болмағаны бар­­шамызға аян. Алты бірдей бала­сын жалғыз өзі тұм­сығымен сүй­реп жүріп өсірген анасы Нина Гри­горьевна шешей­дің үмітін ақтаған ұл­дың тарихи суреті төмендегідей сөйлейді. 

– Бұл жекпе-жек 2001 жылы 6 ақпанда өтті. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та тамашалайтын болды. Спорт сарайы жанкүйерлерге лық толды. Нағыз аншлаг еді. Біз сол кездегі Елбасының жеке фотографы Иосиф Будневич екеу­міз буфеттен кофе ішеміз деп жүріп, залға сәл ғана кешігіп кірсек, рингтің айналасында тұмсық тыға­тын жер жоқ. Оны БАҚ өкіл­дері, фототілшілер, опе­­ратор­лар қоршап алған. Мен әрең дегенде ептеп жүріп, фотоаппаратымды қосып, рингке қарай жақындағаным сол еді, Вася Алекстің бауыр тұсына өзінің оңтайлы соққысын сілтеп жіберіп, нокаутқа бір-ақ түсірді. Фото­аппаратты басып үлгердім. Кездейсоқ түсірілген дәл осы кадр бүкіл басылымдарда жарық көрді. Жекпе-жектің ең оңтайлы жерінен аяқ астынан тапқан орным сәтті болып шықты. Әйт­песе, барлық фотографтар алдын ала орналасып, құралдарын оңтайлап 12 раундқа созылуға тиісті жекпе-жектен керемет кадр­лар түсіруге дайындалып тұрған-ды.

Менің білуімше, бәсеке бар болғаны шамамен 1 минут 45 секундқа ғана созыл­ды. Ертесіне басылымдар 2 минутта ғана аяқ­талғанын жарыса жариялап жатты. Жиров жұртқа жекпе-жек­ті айызы қанып тамашалауға мүмкіндік бермеді, – дейді Юрий Беккер. 

Жаттығу барысында қа­лыпқа сыймайтын әдістерді қол­дана отырып, жігері мен тө­зімін жа­ныған Балқаштың жігіті осылайша, спорттық ғұ­мырындағы 27 нокауттың 25-шісін Алматыда жүзеге асырып, «Акула» атанған Алекс Гон­салесті бірінші раундта-ақ жалп еткізіп, даусыз жеңіске жеткен. Сенімді дерек көздері сол жолы жеңімпаздың жүлдесі 150 мың АҚШ долларын құрағанын айтады.

Сөз соңында қазір АҚШ-та тұрса да Қазақ жеріне жиі оралатын Василий Жи­ров­тың 2017 жылы ислам дінін қабыл­дағанын, сол жеңісті күндері қолтықтасып жүрген жары Ребеккамен ажырасып кеткенін айта кетуге болады. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ