Бұрнағы күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Миклоша Харастимен және миссия басшысының орынбасары Клаудия Волльмермен кездесті.
Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының өкілдерін сайлау науқанының барысымен таныстырып өтті және бұл ретте саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіті кезеңіне енгізілген төтенше жағдайға байланысты Жаңаөзен қаласында сайлауалды үгітті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктеріне, Жарлықпен белгіленген шектеулерді ескере отырып, кандидаттар мен сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қабылданып отырған шараларға ерекше тоқталды.
«Саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіті заң аясында өтіп отыр. Мониторинг нәтижелері бойынша, өткен кезеңде заңмен көзделген тепе-теңдік сақталған. Жаңаөзен қаласында партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлауалды көпшілік шараларын өткізуде белгілі бір шектеулер болады. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін бұл шектеулердің орны оларға бюджеттен бөлінген қаражатты БАҚ-тарда қосымша үгіт материалдарын жариялауға және баспа өнімдерін шығару үшін қайта бөлуге рұқсат ете отырып, толтыратын боламыз», деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.
Әрі қарай тараптар сайлау науқанының әртүрлі қырлары бойынша, соның ішінде дауыс беру күні азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сотқа шағым жасау және оларды қарау тәртібіне, саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгітін қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір алмасты. Кездесу соңында тараптар дәстүрлі қалыптасқан әріптестік пен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынастар 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында да жалғасын табатынына сенімділік білдірді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.