29 Желтоқсан, 2011

«Нұр Отанды» қолдауға дайын

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» халықтық-демократия­лық партиясы республикалық сай­лау­ал­ды штабы мүшелері үгіт жұмыстарын Қа­рағанды облысында жалғастырып, ірі кәсіпорын өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасының басым бағыттары талқы­лан­ды. «Нұр Отан» партиясы Елбасы пар­тиясы ретінде, ең алдымен, эконо­ми­каны модернизациялау тапсырмасын жү­зеге асыруды көздейді. Бұл партия­ның қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру мақсатына жетуге де жол ашады. «Арселор Миттал Теміртау» метал­лург­теріне сөзін арнаған партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Республикалық сайлауалды шта­бы­ның жетекшісі Нұрлан Нығматулин: «Нұр Отан» үшін дауыс бере отырып, сіздер тұрақтылық пен бейбіт өмір үшін, береке-бірлік пен ынтымақ үшін, бү­гі­ні­міз және болашағымыз үшін дауыс бересіздер. Біз Тұңғыш Президентіміз, Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқа­сын­да жеткен жетістіктерді жаңа Парламентте, мәслихаттарда одан әрі жал­ғас­ты­ратын боламыз. Сол үшін 15 қаңтар күні өтетін сайлауда бүкіл халқымыз жұ­дырықтай жұмылып, «Нұр Отан» партиясына дауыс береді деп сенім білдіреміз», деді. Қарағандылық металлургтер әр­қа­шан­да Елбасын және ол басқарған пар­тияны қолдап келгендіктерін сөз етті. Себебі, дәл осы жерде Президент, «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы өзі­нің еңбек жолын және саяси өмірін бас­та­ған болатын. Сондықтан қараған­ды­лық металлургтер үшін Елбасының бар­лық бастамалары мен ұстанған бағыты көңіліне жақын. Сондықтан болар, кездесуге келген  «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорны жұмысшылары «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғыр­на­масын бірауыздан қолдап, 15 қаң­тарда болатын сайлауда өз дауыстарын беру туралы шешім қабылдады. Дәл осы күні штаб мүшелері Қара­ған­ды облысының көмір шахталарының  кәсіподақтары, соның ішінде «Қорғау» кәсіподағы жетекшілерімен де кездесті. Кездесу барысында «Нұр Отан» пар­тия­сы­ның қазақстандықтардың заманауи мамандықтарды меңгеріп, қауіпсіз жұ­мыс жағдайымен қамтамасыз етуге, құ­қық қорғауға бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыратыны баса айтылды. Бұл мә­се­лелер әрқашанда партияның басты наза­рын­да және кез келген өтініш жауапсыз қалмайды.  Айталық, «Нұр Отан» партия­сы­ның атына 2006 жылғы қыркүйекте Ленин атындағы шахтада көз жұмғандардың жұбайларынан өз мә­се­лесін қарау туралы өтініш түскен еді. Мәселенің өзегі – оларға міндетті сақ­тандыру жөніндегі келісім-шарттар бой­ын­ша төленетін өтем­ақы көлемі жұмыс берушілерден тікелей өтемақы алатын жұмысшылардікінен біршама төмен. «Нұр Отанның» бастама­сы­мен «Арселор Миттал Теміртау» басшы­лы­ғымен келіссөздер өткізіліп, нәти­же­сінде осы мәселе оң шешімін тапты. «Нұр Отан» партиясы қазақстандық­тар­ды толғандырған кез келген мәселені жан-жақты қарап, барлық жағдайды ескере отырып шешуге тырысады. Сон­дық­тан болар, кездесу қараған­ды­лық­тар­дың «Нұр Отанның» мақсат-мүд­де­сімен таныс екендіктерін және пар­тия­ны толыққанды қолдайтындықтарын көрсетті. Олар 15 қаңтар күні сайлауда «Нұр Отанды» қолдауға дайын екендіктерін мәлім етті. Дастан КЕНЖАЛИН. Қарағанды облысы.