Алыстан ат арытып келген алматылық әріптестерін Қазақстан Патриоттары партиясы Шымкент қалалық комитетінің төрағасы Владимир Нагисбаев қарсы алды. Владимир Иванович ҰҚК-нің запастағы генерал-майоры екендігін де айта кеткен жөн. Ол осында туып-өскен. Акционерлік қоғамның аккумулятор шығаратын цехының жұмысшыларымен болған кездесу барысында зауыттың жабылмауы қажеттігі кеңінен сөз болды. Жұмысшылар зауытты қаланың сыртына шығару мәселесіне өздерінің реніштерін білдірді. Зауыт толық жұмыс күшіне еніп, жергілікті жердің экономикасына оң ықпалын тигізуі қажеттігі жиын барысында өткір мәселе етіп қойылды.
Сондай-ақ кездесуде еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өңірлерде жаңа өндіріс орындарын көптеп ашу жөнінде де біраз ойлар ортаға салынды. Сонда аталған комбинаттың бір кездері дүркіреп тұрғаны мен қазіргі жағдайы айтылып, қалалық әкімдіктің зауытты қаланың сыртына шығару туралы ұсынысы жұмысшылар тарапынан сынға алынды. Партия өзі тарапынан бұл мәселеде олардың проблемасын көтеретіндіктерін жеткізді.
Шымкентте, сонымен қатар, депутаттықтан үміткерлер колледж шәкірттерімен, спортшылармен кездесу өткізді. Оңтүстік Қазақстан спорт қауымдастығы өкілдерімен болған кездесу кезінде ауыл, аудан және кішігірім қалаларда спорт кешендерінің жоқтығы көлденең тартылды. Өйткені, жастардың қазіргі таңда баратын жері болмай тұр. Бұл мәселенің түпкілікті шешім табуы үшін спортшылар бұл салаға инвестиция тарту қажет, деп есептейтіндіктерін де жасырмады.
Партия белсенділері Шымкент шаһарында да базарларды аралап көріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп шығару қажеттігіне көз жеткізді. Қазіргі таңда қала базарларына сапасыз жеміс-жидектер сырттан тасылса, сапалы да арзан өнімді өзімізде-ақ шығара алатын едік, деді патриоттықтар. Олардың пайымынша, оңтүстік өңірде жеміс-жидектерді көбірек өсіріп, оны өңдейтін өндіріс орындарын да салуға болар еді.
Патриоттар партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар кеше Алматы қаласында «Қазақ табиғат қорғау» қоғамында болып, онда экологиялық мәселелер талқыға салынды. Экология ғылымдарының кандидаты, белгілі эколог Айжан Сқақова Патриоттар партиясының жастар қанаты атынан сөз алып, бірқатар экологиялық бастамаларды көтерді. Осы жерде жұмыс істейтін көптеген экологтар өздерінің партияға өтетіндіктерін мәлімдеп, бас-аяғы 37 адам партия қатарына қосылғаны белгілі болды. Сол сияқты «Қазақ табиғат қорғау» қоғамының төрағасы, профессор Амангелді Сқақов өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, сенім білдірілген адам ретінде партия атына біраз жылы сөздер де айтты.
Осы орайда Тараз қаласында 5 адам партия қатарына өтсе, Шымкент шаһарында 7 ерікті өздерінің партия қатарынан көрінгісі келетіндіктері туралы ниет білдірді. Олар партияға қабылданды. Осылайша партия белсенділері өз қатарларына қосылғысы келетіндерді тіркеуден өткізіп, партия билетін қолма-қол тапсырып отырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.