29 Желтоқсан, 2011

Үгіт-насихаттарын үдете түсуде

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партияның (ЖСДП) Мәжі­ліс және мәслихаттар сайлауы алдын­дағы үгіт-насихат жұмыстары Қызыл­жар өңірінде жалғасты. Құрамында партия төрағасы Жармахан Тұяқбай, төралқа мүшелері, «Халық Қаһар­маны» Тоқтар Әубәкіров пен белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаев болған топ қалалық мәдениет үйінде жұрт­шылықпен кездесті. Кездесуді ЖСДП облыстық фи­ли­алының төрағасы Владимир Андриевский ашты. Ол жиналғандарды депу­таттықтан үміткерлермен танысты­рып, сөзді қонақтарға берді. ЖСДП лидерлері толып жатқан сандар мен фактілерді келтіре отырып, елге нақты өзгерістер керек екендігін айтты. Өз­дерінің сайлауалды бағдарламасында осындай өзгерістердің қалай жасалуы керектігі нақты көрсетілгендігі атап өтілді. Ірі алпауыттардың есепсіз байлығын мемлекетке қайтару, салық жүйесін жетілдіру, бағаны өсірмеу, бюджеттен еңбекақы алатындардың жал­ақысын, зейнетақы мен түрлі әлеу­меттік төлемдерді арттыру мәсе­лелері қозғалды. Партияның халықты баспанамен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру мәселелері бойынша да нақты жо­балары барлығы көлденең тартылды. Сонымен бірге, елде демократиялық өзгерістер жасау қажеттігі ауызға алынды. Кездесуде сұрақ берушілер көп болды. Соның ішінде партия лидер­ле­рінің бұрынғы атқарған қызметтеріне сәйкес сұрақтар да болды. Тоқтар Әубәкіровтің ғарыш саласын дамыту бағытындағы ойлары да жиналған­дар­дың қызығушылығын тудырды.  Ал Балташ Тұрсымбаев осы жердің тума­сы ретінде өңірдің экономикасын, ха­лықтың әл-қуатын арттыру бағытында өзінің бірқатар нақты ойлары барын жеткізді. Сонымен бірге, ол халықты оппозициядан үрікпеуге шақырды. Бәріміз де Қазақстан азаматтарымыз, бәріміз де ортақ үйіміздің тынышты­ғын және халқымыздың әл-ауқа­тының өсіп, өмір сапасының биігірек дең­гейге көтерілгенін қалаймыз, деді ол. Жаңаөзен оқиғалары туралы сөз болғанда ЖСДП лидерлері Үкімет пен жергілікті басқару жүйесіндегі шенеуніктер тарапынан кеткен ағаттық­тар­ға, мұнай компанияларының адам құ­қын бұзуға жол бергендеріне үлкен сындар айтты. Сондай-ақ, кеше ЖСДП-ның алқа мүшелері Маржан Аспандиярова, Рыс­бек Сәрсенбайұлы, сондай-ақ Бауыр­жан Қарабеков пен Тұрарбек Құдай­бер­геновтен құралған тағы бір үгіт-насихат тобы Талдықорған қала­сын­да­ғы Эко­но­мика және құқық академиясында сайлаушылармен кездесті. Бұл кездесуде де сайлаушылар тарапынан белсенділік танытылып, көптеген сұрақ­тар қойылды. ЖСДП өкілдері өздері­ңіз­дің өмірлеріңізге жаңа жол ашқы­ларыңыз келсе, 15 қаңтардағы сайлаудан қалмай дауыс беріңіздер, деді. Жақсыбай САМРАТ.