29 Желтоқсан, 2011

Жас сайлаушылармен жүздесті

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан үміткер, ҚКХП Ақтөбе облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жанат Молдашев пен ҚКХП-дан Ақтөбе облыстық мәслихаты депу­таттығына кандидат Бота Жұмағұлова саз колледжінің акт залында Ақтөбе қа­ласының сайлаушыларымен кездесті. Ж.Молдашев Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламасы ту­ра­лы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Үміткер бірінші кезекте жастарға қатысты проб­лемаларға тоқталды. Атап айт­қан­да, ол тегін және сапалы білім беру, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың кепілді түрде жұмысқа орналасуы, өскелең ұрпақты гуманизм мен патриотизм құндылықтары негізінде тәрбиелеу мәселелерін қозғады. – Сендер оқу орнын бітіргеннен кейін қайда жұмыс істейтіндеріңді біле­сіңдер ме? – деп сұрады депутаттыққа кандидат студенттерден. – Жоқ, – деп жауап берді жас­тардың көпшілігі. – Біздің Коммунистік халықтық пар­тия сендер болашақтан қорықпай, керісінше, оған сену үшін, үміттену үшін әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуге ұмтылатын болады. Яғни, біз Мәжіліске өтсек, сендердің міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етіліп, мем­лекеттік бағдарлама бойынша тұр­ғын үй алуларың, ұл-қыздарыңның балалар бақшасы мен яслилерге бару­ла­ры, ата-аналарыңның лайықты зейнет­ақы­ға қол жеткізулері үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді Жанат Әб­діғалиұлы. Тұрғындардың қазіргі таңда әлеу­меттік жағдайын жақсарту қажеттігі жөнінде әңгімелей келе, Бота Ермек­қызы былай деді: – Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының өкілі ретінде мен сендерді партияның бағдарламасы елдің әлеу­меттік ахуалын түбірімен өзгертуге қабілетті екеніне сендіргім келеді. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының Ақтөбе облыстық комитетіндегі сайлауалды штабында Ақтө­бе қаласының комсомол белсенді-үгіт­ші­лері, музыканттар мен әншілер пай­даланатын үгіт пойызы жұмыс істеуде. Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының нышан-белгілерімен, пла­каттарымен безендірілген үгіт пой­ы­зы жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударуда. Пойыз қазірдің өзінде Ақтөбе об­лы­сының Қарғалы ауданының орта­лы­ғы – Бадамша кентінде, Мәртөк ауда­ны­ның 11 сайлау учаскесінде болып үл­герді. Сайлау учаскелеріндегі адам­дарға ҚКХП-ның бағдарламасы мен тұғырнамасы, плакаттар мен күнтіз­белер үлестіріліп берілді. Бұдан басқа, ауылдағы сайлау­шы­лармен жеке-жеке кездесулер өткізіліп, оларға да халықшыл коммунистердің сайлауалды құжаттары таратылды. Жақын күндері үгіт пойызы об­лыс­тың Әйтеке би, Хромтау, Мұғалжар және Алға аудандарында болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.  Ақтөбе облысы.