29 Желтоқсан, 2011

Байқаушы сұрақтарына нақты жауап

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның социал-демокра­тия­лық «Ауыл» партиясы өзінің сай­лау­алды жұмыстарын өрістете түсті. Со­ның ішінде Парламент Мәжілісі де­путаттығына кандидаттар еліміздің өңірлеріне шығып, мұндағы халық­пен, жергілікті жердің басшылығымен тікелей кездесулер өткізуде. Мәселен, «Ауыл» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат академик Көпмағамбет Елемесов Атырау, Маңғыстау облыс­та­рын­да болып, сайлаушылармен бір­қа­тар кездесулер өткізді. Онда халыққа «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген мәселелер түсіндірілді. Халықтың көкейінде жүр­ген сауалдарға жауаптар берілді. Көпмағамбет Елемесов осындай сапар барысында Атырау облысында жүрген ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді бай­қаушысы Александр Фон Аркспен кездесіп, оған «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасы туралы кең көлемді түсінік берді. Мұндағы бай­қаушылардың басты міндеті – саяси үгіт барысын, сайлау заңнамасын және оның іс жүзінде қолданылуын, сайлау кезіндегі БАҚ жағдайын, сайлау комиссияларының және басқа да мемлекеттік құрылымдардың жұмы­сын мұқият зерттеу. Парламент Мә­жі­лісі депутаттығына партия атынан кандидат пен байқаушы арасындағы бір сағаттан астамға созылған өзара үнқатысу осы тақырыптар төңірегінде өрбіді. Байқаушы «Ауыл» партия­сы­ның құрылымын, олардың мүше­лерінің белсенділігін, «Ауыл» тұр­ғындарының мүдделерін қаншалық­ты қорғайтындығын білгісі келді. Осы­лар­дың барлығына нақты жауаптар берілді. Сұхбат қорытындысында бай­қау­шы академикке өзіне көп мәселе жөнінде дұрыс түсінік алуына көмек­тескені үшін ризашылығын жеткізді. Көпмағамбет Елемесов осы сапар барысында сайлау науқанына жауапты болып табылатын облыс әкімінің орынбасары Асқар Керимовпен кездесіп, сайлауалды жұмыстардың қан­ша­лықты әділетті жағдайда жүріп жат­қан­дығымен танысты. Кездесу бары­сында облыс әкімінің орынбасары сайлау үдерісіне әкімшілік тарапынан ешқандай бір қысымшылықтың бол­май­тынын, сайлаудың әділ де ашық жағдайда өтетіндігін, билік органдары партиялардың барлығына тең көз­қа­рас танытатындығын айтып, осы жәйт­тердің орындалатындығына уәде берді. Кешегі күні дәл осындай кездесулер Шығыс Қазақстан облысының ор­талығы – Өскемен қаласында, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Алмалы кентінде, Жамбыл облы­сы­ның Мерке ауданындағы №18 орта мектепте, Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжінде, Қызыл­орда қаласындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институ­тын­да болып өтті. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.