29 Желтоқсан, 2011

Алғыс жауған ауыл

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұра ауданындағы Изенді ау­ы­лы­ның тарихы тың игеру кезінен тартылса да нағыз өркендеу кезе­ңі тәуелсіздікке қол жеткен жыл­дар­мен тұспа-тұс келді деуге болады. Оған дейін аймақтың бір бүйірінде оншалықты еленбей күн кешкен бұл елді мекен тұр­ғын­дарының  маң­дайы­на жазыл­ға­ны қой бағудан ай­нымау еді. Жа­нындағы шаруашы­лық­тар ас­тық өндіру арқылы асып-тасып жат­қан­да әлеуметтік-тұрмыс­тық жағ­дайы мүлдем тұралап қал­ған  бұл ауылға көңіл аудары­лып, ескеріле қоймаған-ды.

Осындай күйдегі  ауылға өт­пе­лі  кезеңнің бастапқы уақыты өте ауыр соқты. Әйтеуір жерлестерін ал­ға бастар алғыр азаматтар табы­лып, өмір көшіне ілестіріп әкетті. «От­қанжар» атты ЖШС құрған Қа­нат Отарбаевтың ұйытқы болуы­мен изен­діліктер еңсесі тіктеліп, жаңа жағдайда еңбек  етуге жұ­мы­лып, құл­­шынды.

Қазір адам танығысыз өзгер­ген Изенді облыстағы ең дәулетті әрі кө­рікті елді мекендердің шоқ­тысы са­на­лады. Қой саны қай­та­дан 15 мың­нан асса, егін егу де  6 мың гектарға жетті.  Алдағы уа­қыт­та  жыл­қы түлі­гін 700-ден асыру жобаланып отыр.

Тұрғындарға сүйініштісі – ең­бек игілігі ортақ. Серіктестік та­рапынан ұжым мүшелеріне қам­қор­лық молынан көрсетіледі. Мә­се­лен, соңғы жеті жылда серіктестік есебінен әлеуметтік саланы да­мытуға  150 миллионнан астам  тең­ге жұмсалды. Бұл күнде ауыл ажарын ашып тұрған қоғамдық қызмет көрсету орт­а­лы­ғы, атап айтқанда, құрамын­да­ғы кітапхана, байланыс бөлім­ше­сі, медицина­лық пункт «От­қан­жардың» өз күш-қаражатына салынып берілді. Кейінде олар селолық округ  қа­рамағына ерікті түрде  басыбайлы өткізілді.

Осылайша тұрғызылған ны­сан­дардың бірі – 30 орындық мектеп-ин­тернат болды. Алыстағы қыс­тақ­тардағы шопандар бала­лары­ның онда сабаққа алаңсыз дайын­далып, үлгілі тәрбие алу­ларына жақ­сы жағдай баршы­лық. Оқушы­лар­дың демалыс күн­дері үйлеріне барып-қайтуына арнайы көлік бөлінген. Жалпы, жеткіншектерге деген көмек-қолдау ау­қы­мы аса кең. «Жыл оқушысы» номина­ция­сы бойынша оқу жылы қорытын­ды­сында  озаттар­ды ынталандыру сыйлығы тап­сырылады. Сонымен бірге «Үз­дік сынып» атанған  топ та  көтер­меленеді. Оқушылар жыл сайын Астананың көркем, тарихи орындарын аралауға экскурсияға жіберіліп тұратын үрдіс те қа­лыптасқан. Боксшы Бақтияр Артаев атындағы  спорт кешені со­лар­дың еншісіне тиген. Мәдениет үйін­дегі көркемөнерпаздар үйір­ме­сінің тұ­рақты жұмыс істеуі, музыкалық аспаптар, киім-кешектер боса-болмасын серіктестік мой­нында.

Изендідегі жас отбасыларға ая­лы қамқорлық та бір бөлек. Тұр­ғын үймен қамтамасыз ету қарас­тырылған. Нәрестелі болу­шы­ларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы «Жөргекпұл» төленеді. Ауыл азаматтары арасы­нан мамандар даярланады.

Осындай игі іс-шаралардың бас­тамашысы ретінде серіктестік жетекшісі Қанат Отарбаев бұр­на­ғы жылы  Білім және ғылым ми­нистрлігінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың «Білім» мецена­ты  деп танылса, сон­дай-ақ биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» конкурсының алтын жүлде­гері екенін де  атай кеткен орынды.

Сөз басында айтылғандай, Изен­ді тазалығы мен мәдениет­тілігі жа­ғы­нан аймақтағы үлгілі ауыл. «Ең әдемі аула», «Ең әдемі үй»,  «Ең әдемі көше» тұрғындар көңіліне жаққан, белсене қатыса­тын  бай­қау­лар. Олар әдетте мерекелі думанға ұласып, сый-сияпаттар тарту етіліп, жұртты  туған орталары келбетін көріктендіруге баурайды.

Зәулім мешіт, жарқыраған мә­дениет үйі, сәнді тойхана, дөңге­лен­ген қымызхана, балалар ой­нау­ға ар­нал­ған алаңқай, сыңғырлаған спорт кешені, иісі бұрқыраған наубайхана міне, бүгінде  Изендінің көз сүй­сін­терлік, қызықтырарлық көрініс бей­не­сі осындай. Шаруа­шы­лығы ныға­йып, экономикалық қуаты күшейген сайын «Отқан­жар» ЖШС-нің ауыл­дың әлеу­мет­тік саласын әлдендіруге аса ын­та­лылығы қуантады. Көрген адам­ның жанын жадыратып сала беретін, тыныс-тіршілігі сүйсінді­ре­тін, ажары тамсандыратын бұл  ме­кен­­нің құттылығы әлеуметтік қам­қор­лықтың арқасы. Ел іші қамын ойлаған азаматтары барымен мерейлі. Мүдделерін қорғап, шына­йы кең­пейілділік, жайсаң жомарт­тық жа­саушы бауырластарына риза. Тәуел­сіз заманда өсіп-өркен­деу­дің бағы қонған Изенді қазіргі қазақ  ауылы­ның жұлдызды бейнесіндей  жаңа­рып-құлпыруы тәмам жұртты та­ңыр­қата, жарқырай түсіп отыр.

Тамаша өзгерістер жасаушы, алға ұмтылдырушы, шат-шадыман өмірге бөлеуші азаматтарына ақ алғыс жауған ауыл бұл.

Айқын   НЕСІПБАЙ.

Қарағанды облысы, Нұра ауданы.