Еліміздің халықаралық ауқымдағы бастамаларының барлығы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып келеді. Қазақстанның, әсіресе қауіпсіздік, терроризм және діни экстремизмге қарсы күрес саласындағы байыпты бастамаларының орны ерекше. Осы арада Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әрі қолдауымен үш жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңыздылығын айрықша атап көрсеткеніміз абзал.
Рухани келісім мен дінаралық татулық адамзаттың бейбіт өмір сүруінің басты кепілі екенін түсіне білгенге бұл Съездің мән-маңызы айтпаса да ұғынықты. Бүгінде Съезд түрлі діннің лидерлерін, танымал саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын біріктіріп, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін сана сарабына салатын, шешімін күткен түйткілдерге адамзат назарын аударатын рухани үнқатысу алаңы ретінде мойындалған. Бұл өз кезегінде қоғамдық үйлесім мен дінаралық татулықтың жарқын моделін қалыптастырған еліміздің және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгілікті ұстанымын, биік беделін айғақтайды.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында өркениетаралық диалогты қалыптастыруда және жаһандық ауқымда дінаралық қатынастарды толеранттылық қағидаттары негізінде дамытуда күш-жігерін барынша жұмсап келеді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бұған дейінгі съездерін жоғары дәрежеде ұйымдастырғанын айтуымызға болады. Осы жиындарда адамзатты толғандырып келе жатқан өзекті мәселелер сан қырынан талданып, оларға халықаралық қоғамдастықтың көңіл аударуы, көптеген тараптардың бір-біріне деген сенімі оянып, өзара үнқатысуға ниет білдіргені Съезд жұмысының нәтижелі болғанын көрсетсе керек. Аталған алқалы жиындар Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық қатынастарды нығайту саласындағы жинақтаған мол тәжірибесін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Астанада әлемдік дінаралық форумның бес рет ұйымдастырылуы рухани келісімнің жаңа әрі тиімді жолын түзіп, елімізді өркениетаралық диалогтың бүгінгі уақыт талабына сай келетін тың формасының авторы ретінде танытты.
Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ сынды ұйымдарға төрағалық етуі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы еліміздің конфессияаралық келісім мен толеранттылық қағидаттары бойынша жинақтаған бай тәжірибесінің лайықты мойындалғанын білдіреді.
Сәл шегіне сөйлесек, 2015 жылы өткен V съезге БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның, бірқатар мемлекет басшыларының және 42 елден 80-нен астам делегацияның қатысуы өз кезегінде құрылтайдың маңыздылығын нақтылай түседі. Бұл арада Съездің барлық қатысушыларды дінаралық қатынастар бағытындағы қасаң қағидаларды жоюға, толеранттылық пен өзара келісімнің заманауи үрдістерін жарыққа шығаруға үндегені осы халықаралық басқосудың салмағын арттырғанын айта кетейік.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің еліміздің әлемдік аренадағы бастамашыл рөлін, тартымды имиджін қалыптастыруда тиімділігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар осы Съездің Ислам әлемінің ажырамас бөлігі саналатын Қазақстанда ұйымдастырылуы да мұсылман қауымы үшін зор жетістік. Өйткені халқының 70 процентінен астамы Ислам дінін ұстанатын Қазақстанның асыл дініне жала жапқысы, күйе жаққысы келетіндер көбейіп тұрған бүгінгі заманда дінаралық үнқатысудың орталығына айналуы дінімізге деген біржақты, жағымсыз әрі орынсыз көзқарастарды тоқтатуға, сондай-ақ және оның беделін арттыра түсуге өзіндік ықпалын тигізбей қоймайды.
Қорыта айтқанда, алдағы 10-11 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезі еліміздің өркениет кеңістігіндегі байсалды әрі маңызды қадамдарының бірі болмақ. Ол Қазақстанның бүкіл адамзат алдындағы жауапкершілігін қаншалықты сезінетінін көрсететін жиын болады деп сенеміз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»