Елбасы құттықтау хатында елімізде жұмыс істеп жатқан кәсіподақтар қоғамдастығы қозғалысының жоғары беделіне мән бере отырып, қоғамдағы қазақстандық кәсіподақ қызметін ерекше бағалады. Сонымен бірге олардың жұмысшы құқын қорғап, еңбек қауіпсіздігін сақтауда, жағдай жасауға байланысты оң пікірін жеткізді.
Құттықтауда: «Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – 2 миллиондай адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Жұмыс істеп жатқан 18 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек дауын шешуге, еңбекшілердің құқықтарын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр.
Үшжақты әлеуметтік әріптестік моделі де өзінің тиімділігін дәлелдеді, оның аясында жұмыс орындарын сақтау жөніндегі 115 мыңнан астам меморандумға қол қойылған. Кәсіподақтардың қатысуымен Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясы ратификацияланды. Бұл шаралардың бәрі еңбекшілердің жұмыс жағдайын жақсартып, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Кәсіподақтар федерациясы өзіне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілік ала отырып, жұмыс берушілермен бірге қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуы тиіс», деп атап өтілген.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде қоғамдағы қызмет формалары мен әдістерінің қайта қаралып, еңбек нарығының жаһандық трансформациясын ескере отырып, Қазақстан кәсіподақтары қозғалысын одан әрі дамытудың жаңа стратегиясы әзірленетініне сенім білдірді.
Бүгінде Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы 21 салалық кәсіподақтан және 17 аумақтық бірлестіктен құралады. Осы ұйымдардың басын қосқан кезектен тыс жиынның түске дейінгі мерзімінде съезд делегаттары мен шақырылған қонақтардың баяндамалары тыңдалды. Олардың қатарында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Т.Өміржанов және басқалар бар.
Бұдан өзге шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Қазақстанның барлық өңіріндегі салалық кәсіподақтардан 200-ден астам делегат қатысты. «Біздің басты ұранымыз «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел» деп аталады. Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Егер қызметкер кәсіпорынның тұрақты дамуын, өзінің әлеуметтік тұрғыда және заң жүзінде қорғалғанын сезінсе, демек оның отбасында да барлығы жақсы болады. Бұл бір-бірімен тығыз байланысты үдеріс», деді Бақытжан Әбдірайым Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде. Оның айтуынша, әлеуметтік серіктестермен бірге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары Қазақстанның әрбір кәсіпорнындағы әлеуметтік тұрақтылыққа қолдау жасаудың механизмдері мен стандарттарын әзірлеуі тиіс. ҚРКФ төрағасы өз баяндамасында ұйымның алдағы жылдардағы ең маңызды міндеттеріне, оның ішінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты нығайту, жұмыс істейтін адамның әлеуметтік қорғалу саласын жаңарту секілді мәселелерге назар аударып, кеңінен тоқталды.
Жыл басынан бастап, ҚРКФ жұмыс пен бастауыш кәсіподақ ұйымдарына ерекше мән беріп, еңбек саласындағы даулы мәселелердің шешілуіне басымдықты күшейтті. Аймақтардағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жандандырылып, Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз, Алакөл, Мерке курорттық демалыс аймақтарында форумдар ұйымдастырылды. Онда мүдделі серіктестер еңбек дауларын шешуге байланысты әріптестікті кеңейтуге күш салды. Бұл шараларға кәсіподақ ұйымдарының мыңнан астам өкілі қатысты.
Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы, Жоғарғы сот арасында еңбек дауын шешудің баламалы механизмдерін қолдануға және еңбек заңнамасын сақтауда қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған өзара әріптестік меморандумдарына қол қойылды. Айта кетер жайт, Жоғарғы сотпен арадағы меморандум шеңберінде Татуласу орталығы құрылып, онда ҚРКФ-ның кәсіби медиаторлары мен судьялар арасында еңбек дауы мен әлеуметтік және басқа да жанжалдар төңірегінде ортақ жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіподақтар федерациясы алдағы бес жыл ішінде еңбек нарығының қажеттілігіне орай кадрларды қайта даярлықтан өткізіп, біліктілікті арттыру мәселелерін қарастыратын болады. Сонымен қатар жас жұмысшылардың білімін көтеру, олардың қолжетімді білім алу мүмкіндігін арттыру, біліктілігін көтеру күн тәртібінен түспек емес.
Съезд делегаттары күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша шешім қабылдады. Осылайша кезектен тыс өткен ХХV съезд Қазақстанның ірі әлеуметтік-еңбек ұйымының мүшелерінің бірлігін, өз ұстанымдарының беріктігін паш еткен жиын болды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»