Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында биылғы жыл отырысы қорытындыланды. Одан белгілі болғанындай, биыл 36 жалпы отырыс өткізіліп, 152 заң қабылданыпты.
Сенат Төрағасы олардың ішінде қоғамымыздағы тәртіпті бақылауды нығайтуға, еліміздегі экономиканы өркендетуге қажетті заңдар көп екендігін баса айтып өтті. Соның ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін айқындайтын тарихи-саяси-құқықтық құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Елбасының рөлін айқындайтын Тұңғыш Президент күні – 1 желтоқсан бекітілді. Парламент тарихындағы бірінші рет аталған осы деңгейдегі декларация, мен ойлаймын, қоғамдағы мемлекеттік құрылым ішіндегі Парламенттің рөлін, қоғамдағы заң шығарушы органның маңызын, беделін одан әрі арттыра түседі, деді Қайрат Әбдіразақұлы.
Төрағаның айтуынша, экономикалық, тұрғын үй қатынастары, әлеуметтік-мәдени даму, білім беру және құқықтық тәртіп мәселелері бойынша Премьер-Министрге және басқа мемлекеттік органдарға, министрліктерге 206 депутаттық сауал жолданыпты. Осындай жемісті жұмыстары үшін Сенат Төрағасы алғысын білдіре келіп, әріптестерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Жылдан жылға Отанымыздың мерейі асқақтап, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқаты өсіп, жақсара берсін. Елімізге тыныштық, отбасыларымызға бақыт пен қуаныш, әрқайсыңыздың жеке басыңызға денсаулық тілеймін, деді Қ.Мәми.
Қылмыстық-атқару жүйесі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасын депутаттарға ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков баяндады. Одан белгілі болғандай, өзгерістер Әділет министрлігінің қылмыстар жасады деп күдік келтірілген және айыпталушы адамдарды ұстау, тергеу изоляторларындағы адамдарға қатысты қылмыстық жазаларды атқару жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін Ішкі істер министрлігіне берумен байланысты болып отыр. Осылайша қылмыстық-атқару қызметін бірінен екінші министрлікке қайтаратын заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Сондай-ақ орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді қарастыратын заңдық құжат та екінші оқылымда қолдау тапты. Аты айтып тұрғандай, заң жобасы табиғатты пайдаланудың реті мен маңызын жан-жақты қамтыған.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша баяндаманы Байланыс және ақпарат министрінің іссапарда болуына байланысты оның орынбасары Ләззат Танысбай жасады. Заң жобасының әзірленуінің басты себебі – қарқынды дамып келе жатқан телерадио саласында бірде-бір салалық заңның болмауымен байланысты. Оның үстіне 2015 жылы еліміз сандық (цифрлық) форматқа көшеді деп күтілуде. Ал бұл өз кезегінде көптеген құқықтық мәселелер туындатады. Сандық тарату арқылы отандық телеарналар саны артады. Жаңа қызықты арналардың ашылуына мүмкіндік туады, деді Ләззат Мұратқызы. Мұндай заңдық құжат көптеген Еуропа және өзге де елдердің қолданысында бар екендігі де назардан тыс қалған жоқ.
Заң жобасымен бірнеше мақсаттар көзделеді: азаматтардың отандық телеарналарға қолжетімділігі мен ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; отандық ақпарат кеңістігін дамыту арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, т.б. Осы ретте заңның телерадио саласындағы субъектілер қызметін де белгілейтіндігін айта кеткен жөн. Көп арналы хабар тарату мәселесі реттеліп, техникалық бірегей нормативтік талаптар енгізіледі деп күтілуде. Қазіргі телеарналарда қатыгездік пен зорлық-зомбылық, парнографиялық материалдар кезігеді. Сол себепті осындай бағдарламалар мен фильмдерді көрсетуге, әсіресе, балалардың психологиясына кері әсерін тигізетін шетелдік өнімдерді көрсетуге тыйым салынады.
Заң жобасы бойынша қазақстандық телерадиоарналардағы отандық контент көлемі 2018 жылы біртіндеп 50 пайызға жеткізіледі. Отандық контентті дамытуда арналардың қолжетімділігі мен міндетті пакеттері қалыптастырылады. Заң жобасында бекітілген ең маңызды мәселенің бірі – барлық отандық телеарналар сандық форматқа көшуде ұлттық оператордың сандық пакетіне қосылуға кепілдік алады. Әлеуметтік аз қорғалған отбасылар үшін отандық сандық арналарды көру үшін приставкалар бюджет қаржысына сатып алынып беріледі. Заң жобасы шетелдік телерадио-арналарды да уәкілетті органда есепке тұруға міндеттейді. Кабельдік телевизия тек есепке қойылған арналарды ғана тарата алады.
Сенатор Ғарифолла Есімнің Елбасының мемлекеттік тілді меңгеруді арттыру міндетіне байланысты қойған сұрағына министрдің орынбасары бұл мәселе бақылауда екендігін айтып жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, негізінен телерадиоарналарына мониторинг жүргізіліп келеді. Олар өз тарапынан қазақ тіліндегі хабар тарату уақытын сақтап отыр. Әйтсе де жеке меншік арналар 50 пайыздық үлесті сақтау үшін өздерінің өнімдерін орыс тілінде беріп, астына қазақ тілінде субтитр салады. Соны мемлекеттік тілдегі өнім деп есептеп, 50 пайыздың ішіне енгізеді. Енді заң жобасында нақты норма жазылып, субтитр қазақ тіліндегі өнімге жатқызылмайтын болады. Жалпы, биыл «Қазақстан» телеарнасы таза мемлекеттік тілге көшірілсе, сонымен қатар, қазақ тіліне басымдық берілген «Мәдениет» пен «Балапан» телеарналары ашылып отыр.
Сенаторлар Қуаныш Айтаханов, Ғани Қасымов пен Жабал Ерғалиев заң жобасына қатысты өз ойларын білдірді. Нәтижесінде «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасы қабылданса, оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Артынан заң жобасы күн тәртібіне қайта енгізіліп, екінші оқылымда қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.