Үкімет • 04 Қазан, 2018

Қайрат Әбдірахманов Үндістанның Қорғаныс министрімен кездесті

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Қорғаныс министрі Нирмала Ситхараманмен кездесті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қайрат Әбдірахманов Үндістанның Қорғаныс министрімен кездесті

Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестіктің дәйекті дамуын атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-министр Нарендра Моди тұрақты негізде кездесулер өткізуде және олар екіжақты қарым-қатынастарға оң ықпалын тигізуде.

Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында бітімгершілікке берілетін ерекше маңыздылықты атап өтті және Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) Үндістан батальонының құрамында Қазақстан бітімгершілік контингентінің өрістеуіне мүмкіндік туғызғаны үшін үнді тарапына алғысын білдірді.

Н.Ситхараман өз кезегінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі, Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтірудегі және Астана процесінің шеңберінде Сириядағы жағдайды реттеудегі Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті. Үнді министрі Қазақстанға бітімгершілік бойынша әріптес елді таңдауда Үндістанға білдірген сенімділігі үшін алғысын білдірді. «Біздің елдеріміз тарихта алғаш рет бітімгершілік контингентті өрістету мақсатында басын қосты және бұл басқа мемлекеттер үшін үлгі болуға тиіс. Тараптар бір-бірінен көп нәрсені үйреніп, бітімгершілік миссиясын күшейтетін болады», - деді министр.

Сапар барысында Үндістан Қорғаныс министрі өзінің қазақстандық әріптестерімен - Қорғаныс министрімен, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен кездесіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістетудің салтанатты рәсіміне қатысатын болады.