30 Желтоқсан, 2011

Көршілермен байланыс беки түспек

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласында бүгінде  халық үшін игілікті жұмыстардың көптеп атқарылып жат­қандығы бел­гілі. Бұл тұрғыда алыс-жақын шетелдермен  ба­рыс-келіс, тауар айналымын арт­ты­рудың маңы­зы ерекше орында тұрады.   Осы ­орайда ежелден   көрші  Ресей мен  Қазақстан бүгінде бұл  салада бірқатар  байыпты байламдар жасап, болашақта атқарылуы тиіс міндетерді жолға қоюда барынша қарқынды жұмыстар атқаруда. Қос мемлекет арасындағы темір жол төңіре­гін­­дегі ынтымақтастық  жылдан-жылға ны­ғайып келеді. Бұл сөзімізге  жуырда  Ресейдегі  Қазақ­стан елшілігінде  «Ресей темір жолы»  ААҚ президенті  Владимир  Якуниннің  Қазақ­станның жо­ға­ры мемлекеттік наградаларының бірі – «Дос­тық» орденімен марапатталғаны тағы бір дәлел бола алады. Ресей темір жол басшысын достық пен ынтымақтастықты ны­ғайтып, халықтар арасындағы өзара келісімді сақтаудағы  жемісті еңбегі үшін  Елбасы  Н.Ә.Назарбаев марапаттады. «РТЖ»  ААҚ  өзінің шекаралас елдерімен  көп жақты  ынтымақтастық қатынасты дамы­тып отырғандығын айрықша атаған жөн. Атал­ған ынтымақтастық  ТМД    Темір жол  көлігі   кеңесі­не қатысушылардың әріптестік мүдделі­лігі негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл ынтымақ­тас­тықтың еліміз үшін маңызы зор болғанын айтып жатудың өзі артық. Екі ел ара­сындағы темір жол саласындағы өзара тығыз байланыс Кеден одағы­ның құрылуымен айтар­лықтай жақсара түскен. Мәселен,  қазақстан­дық және ресейлік темір жол­дың электронды төлем жүйелерін біріктіру шара­сы қазіргі кезде  басталып та кетті. Ресей мен  Қазақстанда темір жолды басқару мен сараптау негізіндегі кездесулер уақтылы жүргізілсе, мұнда тарифтік  саясат, мүліктік қатынас және транзиттік тасы­малдың жақсаруы төңірегіндегі түрлі мәселе­лер талқыланып, шешімдер қабылданады. Темір жолы бар елге әрине, бірінші кезекте  темір жол техникасының түрлері қажет. Осы орайда елімізге темір жол техникасын жеткізу мақсатында   «РТЖ сауда үйі» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған.  Бұл  күндері аталмыш кәсіпорын  Ресейде өндірілген темір жол жабдық­тарымен   Қазақстан рыногын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар  «РТЖ» ААҚ-тың еншілес кә­сіпорындары мен темір жол техникаларын жасайтын өзге де кәсіпорындардың  инновация­лық жұмыстары да енгізілмек. Ресейлік темір жолмен серіктестік  Қазақ­стан­ға үлкен пайда әкелері сөзсіз. РТЖ халық­аралық тәжірибесі мен келешекке бағдарлы жоспары бар әлемдік көліктік  компаниялары  қатарында. Ол көлемі жағынан әлемде  АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алса, электр­лен­дірілген  магистралдық тораптарының  ұзын­дығы бойынша алғашқы орында тұр. Қазіргі таңда Ресей  Федерациясы  дүние жүзінің жүк айналымының  20 пайызын, ал жолаушылар ай­налымының 10 пайыздан аста­мын жүзеге асы­рып отыр. Жолаушы­ларға ыңғай­лы­лықты жо­ғарылату мақсатында  447 жаңа заманауи үлгі­дегі вагондар сатып алын­ған. Ал екі жылдың ішінде жоғары жылдамдық­тағы  «Сапсан» пойызы  Мәскеу мен  Санкт-Петербург бағы­тында 5 миллион жолау­шыны тасымалдаған. Келесі жылдан бастап  «Сименс» компаниясы «Сапсан» пойызына қосымша жабдық енгізуді баста­мақ. «Сименс» демекші,  «Сименс», «Тальго», «Альстом», «Ансальдо» компания­лары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен бірлесіп Қазақстанда жолаушылар вагонын және локомотив құрас­тыру зауыттарын, ел темір жолына қажетті электрмен жабдықтау, белгі беру және бай­ланыс құралдарын шығаратын кәсіпорындар сала бастағанын да  айтып өткен жөн. «Қазақстан темір жолы» АҚ 2008-2011 жылдары тарифты өсіру және қаржы тарту арқылы 2050 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіп, 12109 жүк вагоны  мен 134 локомотив сатып алған. 47 локомотив күрделі жөндеуден өткен. Магистралдық желі нысандары қайта құрылып, Достық стансасы дамытылған. 2012 жылға арналған бағдарламада жолдың жоғарғы қабатын жаңғырту,  инфрақұрылымды дамыту мен қайта жарақтандыру, пойыз қоз­ға­лысы қауіпсіздігін арттыру, Достық стансасын одан әрі кеңейту сынды өзге де шаралар қарастырылған. Компания магистралдық желінің тарифын көтеру арқылы 600 шақырым жолды жөндеу, 2699 жүк вагондарын, 134 локомотив сатып алу, Қостанай – Железорудный темір жол телімінің 46 шақырымын электрлендіруге мүмкіндік алмақ. Келер жылы «ҚТЖ»ҰК» АҚ  қызмет көрсету аясын кеңейте түседі. Оның ішінде жүк айна­лымы 2012 жылы 221 145 миллион тонна шақы­рым метрге жеткізіліп, 2011 жылғы көрсеткіштен 2,5 пайызға жоғары болады деп күтілуде. «ҚТЖ»ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ  үйлес­тірілген қатынастарды  жүзеге асыру мақсатын­дағы құжат шеңберінде  темір жол көлігі мен халықаралық жүк тасымалына кеден ісінде мүм­кін­дік жасау және аталған көлік пен  жүк тасымалына  тұрақтылық пен бақылаудағы  өзара көмекке келуді қамтамасыз ету көзделген. Соны­мен бірге, халықаралық жүк тасымалында ақпарат алмасуды ұйымдастыру, бірлескен жобалар мен жұмыстарды дамыту және кеден ісінде құқықтық негіздерді сақтауда ынтымақ­тас­тықта болу мәселелері сияқты кешенді  істер де атқарылуда. –  Қазақстан мен  Ресей  Еуропа мен  Азия құрлығының құрамдас бөлігі  болғандықтан, Азия мен  Батыс Еуропа елдері арасындағы  тиімділігі жоғары және жаңа бәсекеге қабілетті маршруттардың ішіндегі өзгеше транзитті көпір саналады. Темір жол көлігі  аясында  Қа­зақ­стан мен  Ресейдің өзара  тиімді ынты­мақтастығы болашақта да өзінің үлкен нәти­жесін береді. Біздің жүк тасымалдау­шылары­мыз әлемдік дәрежеге шыға отырып, мұны әрі қарай жалғастыра түсуі керек, – дейді  «ҚТЖ»ҰК» АҚ президенті  Асқар  Мамин. Әбдірахман  ҚЫДЫРБЕК.