30 Желтоқсан, 2011

Темір жол аруы мен жігіт сұлтаны байқауы

566 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қабырғасында өткен дәстүрлі «Жігіт сұлтаны» мен «Темір жол аруы» бай­қауы мәресіне жетті! Онда әділқа­зы­лардың шешімімен, көпшіліктің таң­дау-қалауымен бай­­­қаудың жеңімпазы болып «сегіз қыр­лы, бір сырлы» сай­ыпқыран жі­гіт Бағлан Дауысбаев пен ақы­лына көркі, біліміне білігі жарас­қан ару Кәмшат Кәкішева танылды. Бағланға «Жігіт сұлтаны–2011» дип­ломымен қатар, қазақы бөрік-ша­пан тарту етілсе, Кәмшатқа «Темір жол аруы – 2011» дипломы табыс етіліп, «Темір жол аруы – 2010» бай­қауының иегері Нұргүл Балтаева ау­ыспалы ару тәжін кидірді. Сондай-ақ, ұлттық нақышта жасалып, асыл тастармен безендірілген қос білезік, сақина-жүзік, шашпау-сырға, алқа бә­рі таза ақ күмістен жасалған әше­кей­лерді сыйға тартты. Бұған қоса, екі жеңімпазға да үлкен-үлкен теледидарлар сыйға берілді. Биыл ұлттық екі байқауда ұй­ым­дас­тырушылар қатысушыларға қойы­лар шарттарды барынша ши­ратқан бол­са, өз кезегінде сайысқа түсер жігіттер мен қыздардың бұр­нағы жыл­дардағыдан анағұрлым тиянақты дай­ындалғаны айдан анық көрініп тұр. «Жігіт сұлтаны» сайысына 21 жігіт түсіп, өз өнер­лерін сынға салса, «Темір жол аруы» байқауында 23 ару өнер жарысына шықты. Ежелгі қазақ арулары салта­нат­ты кештер мен той-жиындарда киген ки­імдердің сан үлгісі аққудай таранған арулардың салтанатымен сахнаға шық­ты. «Арулар асыл жан­дар, шуақ боп шашылғандар» деп, Мұқағали ақын мынадай керемет сұлулықты көр­генде жырлаған болар деген ой келеді. Бұл жылы көркіне ақылы сай ару тәжін киюге 23 керім кербез сұлу әрекет етті. Бірінен бірі өткен ару­лардың қай­сы­сының бағы жанары беймәлім. Олардың жүрген жүрісін, әр айт­қан сөзі мен көрсеткен өнерін бес бірдей қазы қас қақпай, қадала бақы­лап отыр. Байқамай бір ғана шалыс басқан қадам оңдырмай опық жегізері кәдік. Сондықтан арулардың бәрі қа­телік жібермей, өнерін жоғары дең­гейде паш етуге барын салып-ақ жүр. Шынын айту керек, ән шырқап, би билеген, өлең оқып, күй тартқан қыз­дардың өнері залды дуылдатып жіберді. Өз өнерлерін жұртшылыққа паш еткен 23 арудың арасынан ақылына көркі сай ең керімін таңдау әділ­қазыларға да, көрермен қауымға да оңай соқпағаны анық. Десек те, «Темір жол аруы – 2011» байқауының жеңімпазы бол­ған Кәм­шат Кәкішеваның өнері баршаны тәнті етті. Халқымыздың көркемсөз шебері, ұлы жазушы­мыз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көр­пеш-Баян сұлу» трагедия­лық дра­масының соңғы бөлімінен қо­йы­­лым жасаған Кәмшат қыз сахнада театр әртістерінен бір де кем түспеді десек асыра айтқандық емес. Драма үзіндісі өте қысқа болғанымен өзінің мақсаты мен драмалық сипатын толық ашып бере алғанына дау жоқ. Сайыстың тағы бір тапсырма­сы ұршық иіру бол­ды. Бұл кезде де Кәмшат қыз қатар­ластарын жеңіп шық­ты. Сай­ыс соңында 23 арудың арасынан озып шыққан Темір жол аруы «Жолау­­шылар тасымалы» АҚ бұ­қа­ралық ақпа­рат құралы және сырт­қы байла­ныс­тар­мен жұмыс жүр­гізу бөлімінің бас маманы  Кәмшат Кә­кішева  өзінің пікірімен  бөлісті: «Қазақ­стан темір жолы си­яқты ұлттық компанияда «Атына заты сай» ұлттық салт-дәстүрімізді дә­ріп­тейтін сайыстың бар екеніне қуаныш­ты­мын. Байқау жоғары дә­режеде өтті. Негізі мамандығым тілші болғандықтан ұлты­мыз­дың салт-дәстүрін бір адамдай білемін. Сайыстың бір тапсырмасы бой­ын­ша  ұршық иіру керек болды. Әж­ем­нің тәрбиесін көргендіктен ұр­шық иіру мен үшін  аса қиын болмады. Бұл жеңіс қазақ қызы­ның болмысын бой­ы­ма сіңіре білген, әсіресе әжемнің, ата-анамның жеңісі деп білемін, оларға  шексіз алғысымды айтамын.» Байқау мақсаты – қазақтың ұлт­тық құндылықтарын қайта жаң­ғыртумен бірге жас таланттарды анықтау. Әрбір қатысушы өнердің, спорттың сан са­ласы бойынша зал толы жұртшы­лық­тың алғысына бөленді. Қатысушы­лар­дың түрлі қойылымдары мен өнер­леріне кө­рермендер де тәнті болып, жиі қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Байқаудың барлық қатысу­шы­лары «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы дип­лом­дары мен естелік сыйлықтармен ма­рапатталды. Жеңімпаздарға туристік жолдамалар, ұлттық киімдер жинағы, тұрмыстық техникалар табыс етілді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51