30 Желтоқсан, 2011

Қаллеки театрының қуанышы

423 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Биылғы жыл Қалибек Қуаныш­баев атындағы Қазақ музыкалық драма театры үшін де табысты жыл болды. Президенттің шешімімен бұл өнер ордасына академия­лық театр мәртебесі берілді. Тәуел­сіз­діктің төл құрдасы Қаллеки театры­ның ұжы­мы, осынау аз жыл­дардың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Театр тарихы 1991 жылдың 15 қарашасында Жақып Омаров сах­на­лаған Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымынан басталды десем, өнер ұжымы осы аз ғана жылдың ішінде көптеген белестерді ба­ғындырып үлгерді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ғана ака­демиялық мәртебеге ие болған Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры осы жаңа жыл қарсаңында тағы бір қуанышқа куә болды. Театрдың үш бірдей әртісі Мейрам Қайсанов, Нүркен Өтеуілов, Алтынай Нө­гер­бек Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері атағын алса, Гүлжан Әспетова «Құрмет» орденімен мара­патталды. Ал енді осы қос қуанышқа орай, өнер ұжымының белсенді өкілдеріне сөз кезегін берелік. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».

* * *

Тілектес МЕЙРАМОВ, Қазақстанның халық әртісі: Қаншама жылдан бері осы өнердің қазанында қайнап келеміз. Кезінде Ж.Омаров іргетасын қалаған, Әзекеңдер қолтаңбасын қалдырған бұл киелі шаңыраққа академиялық мәртебе берілуі заңдылық деп білемін. Елбасымызға, әртістердің әр қадамын қадағалап, өнеріне баға беріп отырған қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке айтар алғысымыз шексіз. Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед мырза да мәдениетіміз бен өнеріміздің даму жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі. Сондай-ақ, 3 жылдан бері театрымыздың мәр­те­бесін көтеруге жанын салып қызмет етіп келе жатқан Еркін Жуасбекке де мың алғыс.

* * *

Гүлжан ӘСПЕТОВА, Қазақстанның халық әртісі: Еңбегің еленіп, халықтың бағасын алып жатқанына не жетсін. 20 жылдық тарихы бар осынау өнер ордасының осындай мәртебеге ие болуы бүкіл қазақ халқының қуанышы деп білемін. Иә, бұл осы театр ұжымының күндіз-түні төккен маңдай терінің ақысы.

* * *

Лейло Бекназар-ХАНИНГА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор: Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов осында келгенде, біз де жолдасым екеуміз ол кісімен бірге келгенбіз. Одан бері де 12 жыл өтті. Әзекең театрдың осы мәртебеге ие болатынына нық сенетін. Тәубе, театр биік деңгейге көтерілді. Дү­ниежүзілік, халықаралық конкурстарға қатысып, үлкен олжаларға ие болды. Соңғы 3 жылда театрымызды театр сыншысы Е.Жуасбек басқарып отыр. Осындай өнер адамы­ның басқаруынан кейін театр өзінің екінші тынысын ашқандай болды. Әрбір қойылған спектакльге, әрбір ойналған образға анализ жаса­лынуы, талқылануы ұжымды жаңа ізденіске жетелеп отыр. Енді көрермен мол сиятын театр ғимараты болса, ұжымның жоғы түгенделер еді деген ойымды да осы қуаныш үстінде жасырғым келмейді.

* * *

Болат ҰЗАҚОВ, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Біз үлкен қуаныштың үстінде отырмыз. Акаде­миялық мәртебе жыл сайын немесе 10 жылда бір бе­ріп отыратын атақ емес. Бұл 50 жылда, 70 жыл­да жететін дәреже. Қазақстан Тәуелсіздігімен бірге өсіп келе жатқан театры­мыз үшін бұл үлкен баға! Шынайы көзқараспен қарағанда, театрдың осы дәрежеге лайық болуында шығар. Республи­ка­лық, халықаралық фестивальдарда жоғары жүлде­лерге ие болып жүргені ұжымның мүмкіндігі өте жоғары екенін көрсетеді. Театрдағы аға буыннан бастап, орта буын жастар Астанамен бірге өсіп-өніп жатыр. Осының айқын айғағы үш әртісіміздің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алуы дер едім. Иә, айтса айтқанда й, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан астаналық театрдың қол жеткізген биігі аз емес. Әйтсе де акаде­миялық деген атағына сай алар асуы, шығар биігі алда деп білеміз. Ләйім, солай болғай!