30 Желтоқсан, 2011

Батырға лайықты марапат

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына орай Түрксібтің бел баласы, Үштөбе қаласының байырғы тұр­ғыны, Алматы облысындағы қа­зір­гі бірден-бір көзі тірі Кеңес Одағының Батыры, «Қаратал ау­данының құрметті азаматы», «Құр­метті теміржолшы» Иван Васильевич Косенков «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Осылайша хас ба­тырдың омырауындағы егемендікке қол жеткен тәуелсіздік жыл­дары иеленген «Құрмет» ордені мен «Ерен ерлігі үшін» медалінің қатары тағы бір айшықты наградамен толыға түсті. Бүгінгі таңда толықтай мемлекет қамқор­лы­ғы­на алынған ерен ерге Үкімет наг­радасын Қаратал ауданының әкімі Сұлтан Дүйсенбінов салтанатты жағдайда табыстап, қарт майдангерге зор денсаулық, қажымас қай­рат тіледі. Өз кезегінде даңқты батыр өзіне жасалып отырған тұрмыстық жағдайға, Елбасының сарабдал саясатына аталық ри­за­шылығын білдірді

Өткен ғасырдың 1941-1945 жыл­­дары адамзат баласына қи­сап­сыз қайғы-қасірет әкелген Отан соғы­сына бастан-аяқ қаты­сып, жалын­да­ған от пен ыс­қыр­ған оқ көрген аға буынның суа­рыл­ған құрыштан да бетер болып жаратылған өкілі бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шықса да өзін сергек сезінеді. Хақ Тәңірінің шарапаты тиіп, ұзағынан сүй­сін­діре берсе, батыр ағамыз араға екі жыл салып (1923 жылы туған) тоқ­сан деген асуды да бағын­дыр­ға­лы тұр. Шағын қала – Үштө­бе­нің ғана емес, күн шұғыла­лы Қазақстанның мақтанышы са­на­­ла­тын Иван Косенковтың өнегелі өмір жолы жастарды отансүй­гіш­тікке және патриоттық рухта тәр­биелеудің жарқын мысалы, ізгі көрінісі бола алады.

Қараша ҚАРАМАН.

Алматы облысы, Үштөбе қаласы.