Бүгінде Қазақстан былғары қолғап шеберлерінің әлемдік деңгейдегі барлық жарыстардан жүлдемен оралып жүргенін білеміз. Бұл ретте бокстың тек жоғары шеберлік деңгейін ғана өсіріп қоймай, бүкіл ел бойынша дамуына жан-жақты жағдай жасап отырған Қазақстан Бокс федерациясына алғыс айту орынды деп санаймыз.
Біз жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы, АИБА-ның техникалық делегаты Болат АБДРАХМАНОВПЕН әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Болат Үкібайұлы, қай салада болса да жыл соңында бір есеп жасайтын сәт болады. Осы орайда Қазақстан боксының жалпы жағдайына тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі кезде, өздеріңіз де білетін шығарсыздар, бүкіл әлем бойынша бокс өте дамып барады. Мәселен, осыдан 5-6 жыл бұрын Қытай, Моңғолия, Ирландия, Әзербайжан, Үндістан сияқты елдерде боксқа соншалықты мән берілмейтін еді. Ал бүгін ше?! Жағдай, көзқарас мүлдем өзгерген. Демек, көптеген елдерде бокс көпшілік спортқа айналып отыр.
Қазақстан Бокс федерациясы да осы жағдайды ескеріп, бүкіл республика бойынша боксты дамытудың жаңа жобаларын іске асыра бастады. Боксты алдымен ел өңірлерінде дұрыстап дамыту қолға алынды. Бұл істі жергілікті мекемелер мен кәсіпкерлер қауымы қолдай түсті. Соның нәтижесінде еліміздің көптеген қалаларында, кейбір аудандарында арнайы бокс мектептері мен кешендері іске қосылды.
Тағы бір айтарым, әр іс нәтижесіне қарап бағаланады. Бұл орайда екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан Қазақстан Бокс федерациясының кубогі үшін жарыс ел спортындағы ұтымды жобалардың бірі болды деп айтуға болады. Федерация кубогі өңірлердегі бокстың қаншалықты дамып отырғанын аңғартады. Мәселен, былтыр Астана құрамасы жеңімпаз атанса, биыл Қарағанды облысының құрамасы жеңіске жетті. Биыл өткен жылы жартылай финалға шыққан командалардың бірі де оған жете алмады. Бұл дегеніміз, нағыз бәсекені көрсетеді емес пе?! Бокс осылайша іштен жанданып, іштен жетілгені өте дұрыс деп ойлаймын. Сонда негізгі құрамаларға нағыз мықтыларды іріктеу-таңдауға жол ашылады.
– Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыздың көрсеткіштерін қалай бағалайсыз?
– Жасыратыны жоқ, елдік тұрғыдан қарағанда, ірі ресми жарыстардың көрсеткішін алға тартамыз. Менің ойымша, өткен жыл мен биылғы жылдың соңын алып қарасақ, екі боксшымыз Азия ойындарында чемпион атанды, биыл Астанада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион шықты. Азия чемпионатынан да екі алтын әкелдік, тек бір өкініштісі – Бакуде өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге жетпей қалдық.
– Жақындап қалған жаңа жыл спорт әлемі үшін ерекше болмақ. Жазда Лондон алаңдарында Олимпия ойындары өткелі тұр, осы орайда жанкүйерлер Қазақстан боксшыларына әдеттегідей үлкен үміт артатыны белгілі...
– Ойыңызды түсіндім. Олимпия ойындары, бұл – спорттың ең биік шыңы. Олимпиада чемпионы – мәңгілік атақ. Тек қана спортшының атағы емес, мемлекеттің мерейі, ұлттың абыройы. Сондықтан да Қазақстан Бокс федерациясы үшін Лондон ойындарында биік көрсеткішке қол жеткізу – ағымдағы ең басты мақсат. Осы орайда ҚБФ президенті Тимур Құлыбаев барлық мамандарға жоғары талап қойып отыр. Біз қалай да Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп, қасиетті Әнұранымызды әуелетуіміз керек.
Ал боксшылар туралы айтсам, әзірге көздеген межеміз түгел сияқты. Әлем чемпионатынан 5 лицензия алынды, Қанат Әбутәліпов АИБА-ның WSB тұжырымы бойынша өткен чемпионаттың жеңімпазы ретінде тағы бір жолдамаға ие болған. Енді үш салмақ бойынша лицензия үшін айқасатын жігіттеріміз бар. Бұл жарыс алдағы жылдың наурыз айында Астанада өтетін болады.
– АИБА туралы айтып қалдыңыз, осы әлемдік бокстың басқарушы органымен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Өте жақсы. Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев АИБА-мен арадағы қатынасқа ерекше маңыз беріп отыр. Соның арқасында өз елімізде ірі халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік алуда. Биыл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты, әйелдер боксынан Азия чемпионаты өтті. 2013 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өтетін болды. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Сонымен қатар, Тимур Асқарұлы АИБА басшыларымен бірлесіп, елімізде халықаралық деңгейдегі бокс академиясын салуды да ойластырып қойды. Осындай белсенділік пен беделдің арқасында Қазақстанның бірнеше өкілі АИБА-ның құрылымына мүше болды. Мәселен, мен өзім бірінші болып осы ұйымның техникалық делегаты болып сайланған едім. С.Қонақбаев пен Б.Мыржықбаев техникалық, Ю.Цхай жаттықтырушылық, И.Сатов медициналық, А.Сатқалиев әйелдер боксы, М.Ни және А.Игубаев ІТО комиссияларына мүше болып қабылданды. Бұл да Қазақстан Бокс федерациясына көрсетіліп отырған сенімді білдіреді.
– Ұлттық құраманың басты мақсатын білдік, ал жастар мен жасөспірімдер, яғни Қазақстан боксының резервіне көңіл бөлу жағы қалай?
– Бұл жерде, біріншіден, мына жағдайды айтып өтсем. Қазір еліміз бойынша ұйымдастырылатын барлық жарыстар халықаралық талаптарға сай өткізіледі. Екіншіден, спортшыларға медициналық қызмет көрсетуге ерекше талап қойылған. Жастар мен жасөспірімдер командаларын да түрлі жарыстарға қатыстыру жүйесі қалыптасты. Бапкерлер мен төрешілердің шеберлігін жетілдіру де назарда ұсталады. Осының бәрі Қазақстан Бокс федерациясының резервті алдын ала тәрбиелеуге бағыттап жасап жатқан жұмыстары. Мұндай мақсатты жұмыстардың нәтижесі болатыны сөзсіз.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.