30 Желтоқсан, 2011

Спорт – ел намысы

405 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінде Қазақстан былғары қолғап шеберлерінің әлемдік деңгейдегі барлық жарыстардан жүлдемен оралып жүргенін білеміз. Бұл ретте бокстың тек жоғары шеберлік деңгейін ғана өсіріп қоймай, бүкіл ел бойынша дамуына жан-жақты жағдай жасап отырған Қазақстан Бокс федерациясына алғыс айту орынды деп санаймыз. Біз жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның мемлекеттік жат­тық­тырушысы, АИБА-ның техникалық делегаты Болат АБДРАХМАНОВПЕН әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз. – Болат Үкібайұлы, қай салада болса да жыл соңында бір есеп жасайтын сәт бо­ла­ды. Осы орайда Қазақстан боксының жалпы жағдайына тоқталып өтсеңіз. – Қазіргі кезде, өздеріңіз де білетін шығарсыздар, бүкіл әлем бойынша бокс өте дамып барады. Мәселен, осыдан 5-6 жыл бұрын Қытай, Моңғолия, Ир­ландия, Әзербайжан, Үнді­с­тан сияқты елдерде боксқа соншалықты мән берілмейтін еді. Ал бүгін ше?! Жағдай, көз­қарас мүлдем өзгерген. Демек, көптеген елдерде бокс көпшілік спортқа айналып отыр. Қазақстан Бокс федерациясы да осы жағдайды ескеріп, бүкіл республика бойынша боксты да­мытудың жаңа жобаларын іске асыра бастады. Боксты ал­дымен ел өңірлерінде дұрыстап дамыту қолға алынды. Бұл істі жергілікті мекемелер мен кәсіп­керлер қауымы қолдай түсті. Соның нәтижесінде еліміздің көптеген қалаларында, кейбір аудандарында арнайы бокс мектептері мен кешендері іске қосылды. Тағы бір айтарым, әр іс нә­тижесіне қарап бағаланады. Бұл орайда екі жылдан бері өткі­зі­ліп келе жатқан Қазақстан Бокс федерациясының кубогі үшін жарыс ел спортындағы ұтымды жобалардың бірі болды деп айтуға болады. Федерация ку­бо­гі өңірлердегі бокстың қан­ша­лықты дамып отырғанын аң­ғартады. Мәселен, былтыр Астана құрамасы жеңімпаз атанса, биыл Қарағанды облысының құ­рамасы жеңіске жетті. Биыл өткен жылы жартылай финалға шыққан командалардың бірі де оған жете алмады. Бұл дегеніміз, нағыз бәсекені көрсетеді емес пе?! Бокс осылайша іштен жан­данып, іштен жетілгені өте дұрыс деп ойлаймын. Сонда негізгі құ­рамаларға нағыз мықтыларды іріктеу-таңдауға жол ашылады. – Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыздың көрсет­кіш­терін қалай бағалайсыз? – Жасыратыны жоқ, елдік тұр­ғы­дан қарағанда, ірі ресми жа­рыс­тардың көрсеткішін алға тар­та­мыз. Менің ойымша, өткен жыл мен биылғы жылдың соңын алып қарасақ, екі боксшымыз Азия ойындарында чемпион атанды, биыл Астанада өткен жасөспі­рім­дер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион шықты. Азия чемпионатынан да екі алтын әкел­дік, тек бір өкініштісі – Бакуде өткен әлем чемпионатында ал­тын жүлдеге жетпей қалдық. – Жақындап қалған жаңа жыл спорт әлемі үшін ерекше бол­мақ. Жазда Лондон алаң­дарында Олимпия ойындары өткелі тұр, осы орайда жан­кү­йерлер Қазақстан боксшы­лары­на әдеттегідей үлкен үміт артатыны белгілі... –  Ойыңызды түсіндім. Олимпия ойындары, бұл – спорттың ең биік шыңы. Олимпиада чем­пио­ны – мәңгілік атақ. Тек қана спортшының атағы емес, мем­ле­кеттің мерейі, ұлттың абыройы. Сондықтан да Қазақстан Бокс федерациясы үшін Лондон ойын­дарында биік көрсеткішке қол жеткізу – ағымдағы ең басты мақ­сат. Осы орайда ҚБФ президенті Тимур Құлыбаев барлық ма­ман­дарға жоғары талап қойып отыр. Біз қалай да Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп, қа­сиетті Әнұранымызды әуелетуіміз керек. Ал боксшылар туралы айтсам, әзірге көздеген межеміз түгел сияқты. Әлем чемпионатынан 5 ли­цензия алынды, Қанат Әбу­тәліпов АИБА-ның WSB тұжы­ры­мы бойынша өткен чемпио­нат­тың жеңімпазы ретінде тағы бір жолдамаға ие болған. Енді үш салмақ бойынша лицензия үшін айқасатын жігіттеріміз бар. Бұл жарыс алдағы жылдың наурыз айында Астанада өтетін болады. – АИБА туралы айтып қал­дыңыз, осы әлемдік бокстың басқарушы органымен қарым-қатынастарыңыз қалай? – Өте жақсы. Қазақстан Бокс федерациясының президенті Ти­мур Құлыбаев АИБА-мен ара­да­ғы қатынасқа ерекше маңыз беріп отыр. Соның арқасында өз елімізде ірі халықаралық жарыстар өт­кізуге мүмкіндік алуда. Биыл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты, әйелдер боксынан Азия чемпионаты өтті. 2013 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өте­тін болды. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Сонымен қатар, Тимур Асқарұлы АИБА бас­шы­ларымен бірлесіп, елімізде халықаралық деңгейдегі бокс академиясын салуды да ойлас­тырып қойды. Осындай белсенділік пен беделдің арқасында Қазақстанның бірнеше өкілі АИБА-ның құрылымына мүше болды. Мәселен, мен өзім бірінші болып осы ұйымның техни­калық делегаты болып сайлан­ған едім. С.Қонақбаев пен Б.Мыр­жықбаев техникалық, Ю.Цхай жаттықтырушылық, И.Сатов ме­­дициналық, А.Сатқалиев әйел­дер боксы, М.Ни және А.Игубаев ІТО комиссияларына мүше бо­лып қабылданды. Бұл да Қа­зақ­стан Бокс федерациясына көр­сетіліп отырған сенімді білдіреді. – Ұлттық құраманың бас­ты мақсатын білдік, ал жастар мен жасөспірімдер, яғни Қазақстан боксының резервіне көңіл бөлу жағы қалай? –  Бұл жерде, біріншіден, мы­на жағдайды айтып өтсем. Қазір еліміз бойынша ұйым­дас­тырылатын барлық жарыс­тар халықаралық талаптарға сай өт­кізіледі. Екіншіден, спорт­шы­ларға медициналық қызмет көр­сетуге ерекше талап қойылған. Жастар мен жасөспірімдер ко­мандаларын да түрлі жарыс­тарға қатыстыру жүйесі қалып­тасты. Бапкерлер мен төреші­лердің шеберлігін жетілдіру де назарда ұсталады. Осының бәрі Қазақстан Бокс федерация­сы­ның резервті алдын ала тәр­бие­леуге бағыттап жасап жатқан жұмыстары. Мұндай мақсатты жұмыстардың нәтижесі бола­тыны сөзсіз.

 Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.