Қазақстан • 08 Қазан, 2018

Әлеуметтік жауапты мемлекет құру саясатының жалғасы

78 реткөрсетілді

Астанадағы академиялық кітап­хананың залын­да Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жол­дауындағы міндеттерді іске асырудағы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының орны мен рөлі тақырыбында ұйымның кеңейтілген отырысы болды.

Оны ҚХА Төрағасының орын­басары – Хатшылық мең­геру­шісі Леонид Прокопенко ашып, жүргізіп отырды. Оты­рысқа Парламент Мәжілісі Төр­а­ғасының орынбасары В.Божко, ҚХА Төрағасының орынбасары В.Тварионас, Мәжіліс депутаттары, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, этно-мәдени бірлестіктердің, БАҚ өкілдері қатысты. 

ҚХА Төрағасының орынба­сары Л.Прокопенко өзінің кіріс­пе сөзінде биылғы Жолдау­дың маңызына тоқталды. «Елба­сының биылғы Жолдауын айрықша әлеуметтік сипатта деп айтуымызға болады. Соның ішін­де бірқатар мәселелерді атай кетейік. Біріншіден, жаһан­дық қаржы-экономикалық тұрақ­сыздыққа қарамастан, Президент Н.Назарбаев әлеуметтік жауап­ты мемлекетті құру саясатын жалғастырып келеді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның өмір сүру деңгейінің жоғары болмағы дегенді Елбасы үнемі қадағалап отырады. ҚХА жұ­мысының да басты бағыты Пре­зидент жұмысының осы басымдығын жан-жақты қол­дау­ға бағытталады. Екіншіден, ха­лықты әлеуметтік қолдаудың мы­салына 2019 жылдың 

1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жа­лақыны 1,5 есе арттыруды атауға болады. Бұл жалақы бүгінгі 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіріледі деген сөз. Экономиканың барлық мен­шік түрлерінде істейтін 1 млн 300 мың адамға бұл тікелей қа­тысты болатындығы айтылды. Бюджеттен еңбекақы алатын 275 мың қызметкердің табысы орта есеппен 35 процентке дейін артатын болды. Бұлардың бәрін адам капиталына салынған инвестиция деп ұғу керек», дей келіп одан әрі Л.Прокопенко Жолдаудың бас­қа да ерекшеліктеріне тоқ­тал­ды. Сөзінің соңында ол әлеу­меттік пакет құнының 1,5 трлн теңгеге жетуі бұрын бол­маған оқиға екенін атап өтті. «Мұн­дай қадамдарды жасау кез келген мемлекеттің қолынан келмейді. Жолдау қоғамдағы тұрақтылықтың негізі болатын әлеуметтік әділеттікті орнатуға бағытталған деп айтуымызға болады. Қазақстан халқының бірлігі мұндай жағдайда нығая берері сөзсіз», деді ол. 

Сөзінің соңында Л.Про­копенко Ассамблеяның алдында тұрған міндеттерге де тоқталып, алдағы жұмыс жоспарларына Жолдауды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілетінін айтты. Со­нымен қатар Президенттің алдағы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланыс­ты Ассамблея құрылымының барлық филиалдары мен бөлім­шелерінде төрағаның жастар ісі бойынша орынбасарлары алынатынын ескертті. 

Отырыста алғашқы сөзді Мә­жіліс Төрағасының орынбаса­ры, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары ассоциа­циясының төрағасы Влади­мир Божко алды. Ол Прези­дент­тің жаңа Жолдауының маңыз­дылығын атап өтіп, онда айтыл­ған мәселелердің іске асуына қажетті заңнамалық актілердің біразы қазірдің өзінде Парламент қоржынында жатқанын айта келіп, депутаттық корпус олар­ды және осы бағыттағы жаңа­дан әзірленетін заң жоба­ларын да қабылдауда аянбай еңбек ететініне сендірді. Соның ішінде В.Божко қазір Парламент Президенттің Жол­дауын заңнамалық тұрғыдан іске асыруға тетік болатын ауыл­ ша­руа­шылығы өндірісі бойынша кей­бір заңнамалық актілерге өзге­рістер мен толықтырулар тура­лы, алдағы үш жылдық бюд­жет туралы заң жобаларын және т.б. белсенді түрде қарап жатқа­нын жеткізді. 

Жарыссөзде ҚХА Төраға­сы­ның орынбасары Виталий Тва­рионас, Мәжіліс депутаты На­талья Жұмаділдаева және т.б. сөйлеп, жаңа Жолдаудың ерек­ше­ліктеріне тоқталды. Бәрі де жаңа Жолдаудың маңызы халық үшін аса зор екенін атап өтті. 

Отырыс қорытындысында ҚХА Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдау бо­йынша Үндеу қабылдады. Үн­деудің мәтіні бөлек беріліп отыр. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар