Қазақстан • 08 Қазан, 2018

«Миллион кімге бұйырады?» эфирге қайта оралды

1345 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Хабар» телеарнасында «Миллион кімге бұйырады?»  телешоуы қазақ тілінде жарық көруде. Бұл көрермендердің өтінішімен жасалды дейді арна басшылығы. Интелектуалдық ойынды журналистиканың майталманы ұзақ жылдар  әртүрлі телеарналарда жаңалықтарды жүргізген, белгілі журналист Досымбек Өтеғалиев жүргізеді. Осы орайда біз Досымбек Өтеғалиевпен жаңа маусым туралы тілдескен едік.

«Миллион кімге бұйырады?» эфирге қайта оралды

– Жаңалықтан соң шоу жүргізу қалай екен? Сіз бұған дейін осындай форматтағы бағдарламаны жүргіздіңіз бе? 

– Мен «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын жүргізе бастағалы сұхбаттың барлығы осындай сұрақтан бас­талатын болды. Әрине ток-шоу мен ақпараттық бағдарламаның, әсіресе, жаңалықтардың форматы екі бөлек дүние екендігі түсінікті. Дегенмен, барлығы бір телевизиялық өнім болғандықтан соншалықты үрке қарадым деу­ге болмас. Рас, жаңалықтарда жеңіл күлкі, бос сөзге жол жоқ. Онда айтып отырған ақ­па­ра­тыңа барынша дендеп, жа­ңалықты шынайы, көрерменге ұғынықты етіп жеткізу негізгі мақсат. Күнделікті өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты оқып жатқанда ыржалаңдап отырсаң көрерменнің көңілі қалары хақ. Сондықтан кез келген мәліметті алдымен өзің оқып, түсініп, өзіңнен өткізіп алып, сосын барып көрерменге жеткізу маңызды. Ал ток-шоуға қа­тысты талап мұндай емес. Алайда, бұл жерде де жұмысыңа жүрдім-бардым қарауға болмайды. Айтар сөзің нақты, ойың орамды болғаны абзал. «Ер­кіндік бар» деп ауа жайылып кетсең көрерменді мезі етіп алуың бек мүмкін. Оның үстіне, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы ондаған жылдар бойы әлемнің жүзден астам елінде жүріп келе жатқан дүние. Мұнда да айтылар сөз, қимыл-қозғалыс бәрі қалыптасқан және нақты бір ережесі бар. Сол тәртіптен шықпай, нақты бір ізбен жүріп-тұруға тура келеді екен.     Ал бұ­ған дейін шоу форматындағы бағдарлама жүргіздің бе? - дегенге келер болсақ. Мен «Хабар» Агенттігінде Нұртілеу ағамыздан кейін «Бетпе-бетті», «31 арнада» «Тұжырым» деген бағдарламаны, «Қазақстан» арнасында «Алаң» мен «Заң және біз» хабарларын жүргізген едім. Алғашқы екеуі сұхбат жанрындағы бағ­дарламалар да, соңғы екеуі ток-шоу болатын. Бірақ, қай-қайсысы да жеңіл тақырыпқа, ойын-күлкіге емес, әлеуметтік маңызы бар, салмақты дүниелер талқыланатын бағдарламалар болды. Сол себепті, мен бұған дейін ток-шоу жүргізсем де шоу жүргізгенім жоқ десем болатын шығар. 

– «Миллион кімге бұйы­рады?» бағдарламасын жүргізу қан­шалықты қиын немесе оңай? Жалпы, бағдарламаға қа­лай келдіңіз? 

– Кез келген жұмыстың өзін­дік қызығы мен шыжығы болары белгілі. Бағдарламаны жүр­гізу қиын дей алмаймын. Бірақ, жоғарыда айтқандай, жыл­дар бойы қалыптасқан қалып­тан шықпай отыру аздап қинайды екен. Оңай деп те айтуға келмейді. Әр нәрсенің өзіндік ауырт­палықтары бар. Әсіресе ойыншы жеңіл сұраққа жауап бере алмай, қиналып отырғанда өзің де бірге қиналып кетеді екенсің. 

Бағдарламаға қалай келге­німе қатысты айтарым... қате­леспесем, жазда болуы керек, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын жүргізу туралы ұсыныс түсті. Бұрын мұндай ток-шоудың тізгінін ұстамаған соң «қалай болар екен?» деп қобалжығаным рас. Алайда, кастингке барып қатыстым. Кейін менің өткенім туралы айтты. Сөйтіп, міне осы бағдарламаны жүргізіп жатырмын. 

– Өзге мемлекеттегі жүр­гізушілерді көрдіңіз бе, олардың әдіс-тәсілдерін қолданасыз ба? 

– Осы бағдарламаны жүргізе­тінім белгілі болғаннан кейін ресейлік тележүргізуші Дмитрий Дибров пен өзіміздің Серік Ақышевтің бірер бағдарламасын көріп шықтым. Алайда, олардың әдіс-тәсілдерін қолданып жүрмін деп айта алмаймын. Жалпы, еліктеген дұрыс шығар. Бірақ  өзге біреудің әдіс-тәсілін, мәне­рін көшіру жақсы әдет емес сияқты, меніңше. Көрерменді алдай алмайсың. «Өй, мынау пәленшенің қимыл-әрекетін түгел көшіріп алыпты ғой» деп, қолды бір-ақ сілтейді. 

– Қазақ тілді көрермендердің деңгейі қандай екен? 

– Көрермен дегеніміз теледидар алдында отырған күллі халық. Ал олардың деңгейі төмен, не жоғары деп баға беру дұрыс емес. Ал бағдарламаға қатысып жатқан ойыншыларға келер болсақ, бес саусақ бірдей емес. Мықтысы да, әлсіздеуі де бар. Негізі, телекамера, микрофон, айналадағы шамдар адамның мысын басады. Қарапайым ойыншы тұрмақ, он жылдан астам уақыт сол телевидениенің ішінде жүрген менің өзім, «Камера, мотор, кеттік» – деген режиссердің бұй­рығын естіген кезде іштей тол­қып кетемін. Телестудияға бірінші рет кіріп отырған адам­ның халін содан кейін түсіне беріңіз. Олар мұндай жағдайда абдырап, білгендерін ұмытып қалып жатады. 

– Өзіңіз ойынға қатысып көргіңіз келе ме?

– Жоқ. Ондай ой келмепті басыма. 

– Қалай ойлайсыз, ойын жүргізушісінің білімі қандай болуы керек? 

– Тек ойын жүргізушісі ғана емес, бағдарламаға қатысып жатқан әрбір адам эрудит болса, қанеки!? Онда ойын да қызықты өтетіні кәміл. Ал жүргізуші білімді, жан-жақты болса тіптен жақсы. Қойылған сұраққа қа­тысты көрерменге түрлі ақпарат беріп отырсаң хабардың таным­дық қыры арта түсері сөзсіз. Жа­қауратып қайтеміз, кейде сұрақ­тың жауабын білмей отыратын да сәттер болады. Бұл бағдарламада бармақ басты, көз қыстыға жол берілмейді. Ойын барысында қандай сұрақтардың болатынынан мен де бейхабармын.

– «Миллион кімге бұйы­рады?» бағдарламасы алғаш рет 2000 жылдары эфирге шық­ты. Сіз сол кезде көретін бе едіңіз? Сол уақыттан бері не өз­герді? Аудитория қалай қабыл­дауда? 

– Бұл бағдарламаны тұрақты болмаса да аракідік көріп тұра­тынмын. Бірақ, өзім осы хабардың жүргізушісі боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Ол кезде қателеспесем, ең жоғарғы ұтыс сомасы бес миллион теңге болды. Қазіргі қаржы қоры екі есеге ұлғайды. 15 сұраққа дұрыс жауап берген ойыншы он миллион теңгені еншілейді. Сондай-ақ, күймейтін сомалар да еселене түскен.

Ал аудиторияның қалай қабылдап жатқанын айта алмаймын. Мені танитындар «жақсы» деп қояды. Ол шын сөз бе, әлде, көңіл жықпастықпен айтылған әңгіме ме, білмедім.

Әңгімелескен Гүлнұр ДОСБОЛ