30 Желтоқсан, 2011

Іскерлік байланыс өндіріс пен жоо арасын жалғастырмақ

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда Қазақ ұлттық тех­ни­калық университетінде әдемі кездесу өтті. Жоғары білімді өн­діріспен ұштастыру мақсатында «Дәуір» республикалық поли­гра­фиялық баспа кешені (РПБК) аталмыш оқу орнында полигафия мамандығы бойынша оқитын үздік әрі белсенді студенттерге шәкірт­ақы тағайындаған бола­тын. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына орай «Дәуір» РПБК төр­айымы Светлана Назарбаева ҚазҰТУ-ға келіп, шәкіртақы та­ғай­ындалған екі студентке сер­ти­фикатты салтанатты түрде та­быс етті. Сонымен қатар, «Полиграфия», «Көлік, көлік техникасы және технологиясы», «Тау-кен ісі», «Мұнай-газ ісі», «Металлургия» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттарға арналған «Ро­бот­ты техника және көтеріп-та­сымалдау жүйелері» атты оқу­лықтың тұсаукесерін өткізді. Оқу орнының басшылары, институт директорлары, «Поли­гра­фиялық өндіріс машинасы мен технологиясы» кафедрасының про­фессорлары, оқытушылары мен осы мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер қа­тыс­қан жиынды университет рек­торы Жексенбек Әділов сөз сөйлеп ашып, «Дәуір» РПБК мен ҚазҰТУ арасындағы іскерлік байланысқа тоқталып өтті. Одан соң сөз алған «Дәуір» РПБК бас директоры С.Назарбаева өзі басшылық жасап отырған кәсіпорынның қызметіне қыс­қа­­ша тоқтала келе, өздерінің Қаз­ҰТУ-да полиграфия мамандығы бойынша білім алып жатқан үз­дік және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттерге шәкіртақы тағайын­дап, қамқорлық көрсететінін, ал­да­ғы уақытта сол екі студентті оқу бітірген соң жұмыспен қамту мәселесін де қарастыратынын жет­кізді. Сондай-ақ, ол «Поли­графиялық өндіріс машинасы мен технологиясы» ка­федра­сы­ның студенттеріне «Дәуір» бас­паханасында тәжірибеден тегін өтуге мүмкіндік жасалатынын мәлім етті. Игі шараның бастамасы ретінде С.Назарбаева үздік үлге­рімімен және белсенділігімен көзге түскен екі студентке сертификат тап­сыр­ды. Шәкіртақы иелері өндірістік инженерия инс­ти­тутының 4-курс студенттері А.Жүсіпов пен Н.Тұр­лыкиева «Дәуір» баспа кешені мен оның басшыларына алғыста­рын білдіріп, сенімді ақтауға ұмты­ла­тын­­дарын айтты. Сонымен қатар, кездесу бары­сында жақында жарық көрген «Роботты техника және көтеріп-тасымалдау жүйелері» атты оқу­лық ҚазҰТУ мен «Дәуір» РПБК ара­сындағы іскерлік байла­ныс­тың жемісі болып табылатыны ай­тыл­­ды. Аталмыш оқу­лық­ты С.Назарбаева мен өндірістік инженерия инс­титутының оқы­ту­шылары Н.Т.Сұ­рашев пен М.И.Гу­дович бірлесе жазған бо­латын. Кітап ав­торларының бірі көтеріп-та­сымалдау маши­на­лары және гидравлика кафедра­сы­ның меңге­рушісі, профессор Н.Т.Сұрашевтың айтуынша, бұл оқулық металлургия, тау-кен ісі, мұнай-газ ісі, полиграфия салаларында қолданылатын көтеріп-тасымалдау жүйелерінің қазіргі заманғы үлгілері жайлы жазылған зерттеу еңбегі болып табылады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.