Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Қызылжарда «Конфедерация кубогы – 2018» жарысының алғашқы іріктеу туры өтті

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжарда спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогы үшін алғашқы іріктеу сайысы өтті. Таэквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрестерден ұйымдастырылған турнирдің «Д» тобында Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстарының құрамалары күш сынасып, өзара мықтыны анықтады.

Қызылжарда «Конфедерация кубогы – 2018» жарысының алғашқы іріктеу туры өтті

Қазақстанда «Конфедерация кубогы» осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанын айта кетейік. Жарыстың іріктеу туры еліміздің 4 қаласында өтеді. Келесі кездесу қазанның 13-14 күндері Талдықорған қаласында өтеді. Оған Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Астана және Шымкент қалаларының құрамалары қатысады. Одан кейінгі кезеңдердің кестесіне сәйкес, Семейде қазанның 20-21 күндері Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары спортшыларының шеберлігі сыналады.

«Жарыс алғаш ұйымдастырылған жылы Солтүстік Қазақстан облысының грек-рим құрамасы үшінші орын алған болатын. Ал былтыр жолымыз болмады. Сондықтан биыл барынша тыңғылықты дайындалдық. Түркістан облысының спортшылары мықты болғанын мойындау керек. Дегенмен, қызылжарлықтар басым түсті. Енді желтоқсан айында Алматы қаласында өтетін жарысқа дайындаламыз», – дейді грек-рим күресінен СҚО құрамасының аға бапкері Қонысбек Түкенов.

Келесі кездесу желтоқсан айында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

«Жарыс тартысты өтті. Өзім – Түркістан облысының еркін күрес құрама командасының мүшесімін. Бүгінгі додаға біздің өңірден сайдың тасындай іріктелген 6 балуан келді. 86 келі салмақ жәрежесінде боз кілемге үш рет шығып, алқашқысында қызылордалық Ғалымжан Нөсербаевтан жеңіліп қалдым. Соңғы екеуінде қарсыласымнан басым түстім. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деді ҚР спорт шебері, түркістандық Саид Аббазов.

Конфедерация кубогы 6 спорт түрі бойынша ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ: бокс, таэкван-до, дзюдо, грек-рим, қазақ және еркін күрес. Бұл Қазақстанда өтетін сайыстардың ішінде жүлде қоры ең көбі. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, 5 олимпиадалық спорт түрінің әрқайсысына 25 миллион теңгеден бөлінген. Қазақ күресі елімізде жаңа дамып келе жатқан спорт түрі болғандықтан оның жүлде қоры 20 миллион теңге.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»