Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Таразда Елбасы Жолдауын іске асыруға арналған жиын өтті

464 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған облыстық  актив жиналысы өтті.

Таразда Елбасы Жолдауын іске асыруға арналған жиын өтті

Алқалы жиынға облыс және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің және жоғары оқу орындарының басшыларымен қатар, түрлі сала өкілдері қатысты. Мыңға тарта адам қатысқан жиында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов баяндама жасап, басты құжат аясында Әулиеата өңірінде атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жоспарлы жұмыстар туралы xабарлады.

– Бірінші басымдыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан  бастап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28284 теңгеден 42426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Бұл бюджеттен төленетін төлемдер бойынша. Осыған орай, бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін, еңбек өнімділігін арттырулары қажет. Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген. Сондықтан, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдері қабылданған шаралардың ауқымын кеңейтіп, бағытталған жұмысты күшейтетін болады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 миллиард теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажет. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30 пайызға арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Ал, ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,0 миллиард теңге бөлініп, жалпы сома 5 миллиард теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз,  – деді әкім.

Асқар Мырзахметов өз сөзінде қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жолдаудың маңыздылығын атап өтіп, ондағы халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру,  азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы секілді алты басымдыққа жекелей тоқталды. Жолдау аясында Жамбыл облысында әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде баспана, сапалы білім, денсаулық сақтау салалары туралы да айтып өтті.  

– Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр. Жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Бүгінде, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз. Олардың санын көбейту үшін осы жылы жүзеге асатын 4 жоба өңірдің арнайы картасына  енді. Бұдан бөлек, құны 8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты, – деді әкім.

Өңір басшысы Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен талаптарды жұмыла орындауға барша жамбылдықтарды шақырып, ел дамуына елеулі үлес қосу әрбір қазақстандықтардың мерейлі міндеті екенін баса айтты.

Бұдан кейін «Саха» шаруа қожалығының жетекшісі Саха Манатов, «Жамбылгипс» АҚ техникалық директоры Болат Таласбаев, Тараз қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектептің мұғалімі Гүлшат Өтегенова, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қайрат Жетібаев, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев, Тараз Мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Үміт Сейсенғали және өзге де бірқатар азаматтар Елбасы Жолдауындағы игі мақсаттарды зор ықыласпен қабылдағандарын жеткізіп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.  

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы