30 Желтоқсан, 2011

Сайлау-2012

268 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

ЖЕЗДІ ӨҢІРДЕ БОЛДЫ

Қазіргі таңда Оңтүстік Жезқазған және тағы басқа 16 кеніште бір жылда 33 миллион тоннаға жуық мыс қорытылады. Ол 10 байыту фабрикаларында өңдеуден өт­кізі­леді. Осылайша кәсіпорын қорытынды өнімді өзі шығарады. Кеше нұротандықтар Жезқазған қала­сы­на келіп, сайлауалды тұғырнаманың негізгі ұстанымдарын өндіріс орналасқан жер астында кеншілермен талқылады. Кездесу барысында өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және өн­дірісті кеңейту мәселелері көтерілген болатын. Осы маңызды аспектілер бағ­дарламалық құжатта ескерілген. Бағ­дарламада ел Президенті, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастама­сымен қабылданған Ин­дустрияландыру стратегиясын іске асы­руға баса назар аударылады. Бұл туралы партия Төрағ­а­сы­ның бірінші орынбасары, респуб­ли­ка­лық штаб жетекшісі Нұрлан Нығматулин айтып өтті. Кездесуге қатысқандар партиялықтарды қолдап, таңдалған бағыттың кәсіпорынды бұрынғыдан да табысты ететініне сенім білдірді. Ол, әрине, тек Жезқазған емес, бүкіл еліміз үшін қажет. Шахтерлер «Қазақмыстың» жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар, қалаға да үлкен қолдау көрсетіп отырғанын жақсы біледі. Партиялық бағдарлама өндіріске, әлеу­мет­тік салаға құйылатын инвестициялардың өсімін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағ­дай туғызуды көздейді. Сондай-ақ осы құ­жатта жергілікті жұмысшылардың құқық­тарын қорғау мәселесі де қарастырылған. Шахтерлер инновациялық экономиканы құруға алынған бағдарды қолдайды. «Нұр Отанды» жезқазғандықтар тұрақтылық пен береке әкелетін партия ретінде түсінеді. Біз «Нұр Отанды» толық қолдаймыз, дейді олар үлкен сенімділікпен. Дастан КЕНЖАЛИН. Қарағанды облысы.

* * *

КӘСІПКЕРЛЕР ПАРТИЯҒА ҮМІТ АРТАДЫ

Қазақстан Патриоттары партиясы соң­ғы кезде кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету бағытында көптеген бастамалар көтеріп келеді. Астанада өткен партия белсенділері мен Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясы мүшелері арасындағы кездесуде осы мәселе кеңінен сөз болды. Аталған кездесуге кәсіпкерлер көп жиналды. Кәсіпкерлер Қазақстан Патриоттары пар­тиясы өкілдері алдында бірқатар проб­ле­малардың ұшығын шығарды. Соның ішінде кәсіпкерлерді мазалайтын мәселе салық төлеу тәртібі бойынша есептілік жүйесін оңтайландыруды жүзеге асыру. Соның ішінде артық төлем төлегені үшін айыппұл төлету немесе есеп-шотқа тыйым салу сияқты кедергі келтіретін тетіктерді алып тастау мәселесі қойылды. Осы ретте инвестициялық жобалар үшін жер телімдерін тегін беру сияқты мәселе де көтерілді. Кәсіп қуған азаматтар өз сауалдарында ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) неліктен жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету тарифтерін әр түрлі етіп тағайындайды дегенді алға тартты. Олардың пайымынша, қызмет екі жаққа да бірдей көлемде көрсетілгендіктен, кәсіпкерлерден артық төлем алудың еш реті жоқ. Патриоттар партиясы тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығынан үміткер Ботагөз Лесова бастаған белсенділер өз сөздерінде кәсіпкерлер еліміз азаматтарына жұмыс тауып беріп отырған ерекше кәсіп иелері екендігін баса айтып өтті. Қазіргі таңда осы салада жүрген азаматтарға ерекше үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әлемнің көптеген елдерін тығырыққа тіреген қаржы дағдарысы қыспаққа алған кезде осы орта және шағын кәсіп иелері жұмыс орын­дарын сақтап қалуға барын салды. Соның ішінде қазақстандық кәсіпкерлер де өз жұмысшыларына жалақыларын уақтылы төлеп, қолдарынан келгенше әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

* * *

АҚЖОЛДЫҚТАР – АБАЙ ЕЛІНДЕ

Ақжолдықтар Семейге келіп, осындағы қала жұртшылығымен жүздесті. Кездесуге халық айтарлықтай көп жиналды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жиналғандарды өз партияларының та­рихымен және сайлауалды бағдарла­ма­сымен таныстырды. Келер жылы құрылғанына он жыл то­ла­тын партияның бағдарламасы салмақты ма дедік. Он бағытты қамтитын бұл бағдар­ла­мада, әсіресе, әлеуметтік мәселелер кеңі­нен қозғалғаны байқалады. Соның ішінде сынақ салдарының зардаптары да назардан тыс қалмаған. Сынақ туралы Үкімет қаулысына сәйкес семейліктерге ай сайын экологиялық төлем төленуі тиіс деді партия басшысы. Ал соны мұнда жекеменшік кәсіпорын иелері төлейтін көрінеді. Бұл деген әлеуметтік әділетсіздік емес пе? Үкіметтің мұны жеке кәсіпкердің мойнына іліп қойып отырғаны дұрыс емес. Партия төрағасының Семей сынды үлкен қаланы дамыту, жылу, жарық төлем­дерін төмендету, медицина сапасын жақ­сар­ту секілді ой-пікірі жиналғандардың кө­ңі­лінен шыққаны аңғарылды. Жедел жәр­дем­ге дейін ақылы етуге тырысып жатқан­дар­дың тірлігін түсінбеймін, деді ол. Осы мәселелерге орай жиынға қатысушылар та­ра­пынан да сұрақтар көптеп қойылды. Ай­та­лық, сұрақ иелерінің бірі қала тұрғын­да­ры­ның сынақ туралы заңда қарастырылған көптеген жеңілдіктерден сырт қалып отырғанын айта келіп, сонда бейбіт заманда қырық жылға созылған апатты жағдай Семей қаласын айналып өткен бе деді. Өзіне қойылған қай сұраққа болсын тиянақты жауап беруге тырысқан Азат Перуашев өз партияларының Парламентке өт­кен жағдайда халықтың көңіліндегі мұндай мәселелерді назарларынан тыс қалдыр­май­тынына сендірді. Жүздесу соңы Қазақстанның еңбек сің­ір­ген әртісі, профессор, белгілі әнші Кен­же­ғали Мыржықбаевтың тамаша концертіне ұласты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

* * *

САЙЛАУ МҰРАТЫ – ЖЕҢУ

Жол мұраты – жету болса, сайлау мақсаты – жеңу. Бұл күндері Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның серкелері Жаңаөзен оқиғасына орай баспасөз мәслихатын жиі ұйымдастыруда. Кеше ЖСДП жетекшілері өздерінің Ал­матыдағы бас кеңселерінде БАҚ өкіл­де­рі­мен қайта кездесіп, Жаңаөзен оқиғасына қатысты қо­ғамдық комиссия қойып отыр­ған талап­тар­ды қайта алға тартты. Ал бұл кезде Жал­пы­ұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқ­бай Ал­ма­ты­да­ғы «Шаңы­рақ» шағын ауданы­ның тұрғын­дары­мен жүздесіп, партия көздеген көкей­кесті мә­селелермен бө­лісіп жатқан болатын. Жал­пыұлттық со­ци­ал-демократиялық партия­ның өкілдері «Шаңыраққа» сайлау кезінде ғана келіп отырған жоқ. Олар «Шаңырақ» мәселе­сі­мен екі жылдан бері айналысып келеді. Олар мұндағы тұрғын­дар­дың әрбіріне көмек беруге әзір екендіктерін білдіруде. Бұл ауданның тұрғындары үшін жер телімдері мен салынған үйлерді заңдастыру басты түйткіл болып отыр. Тұрғын үйлері заңдастырылмағандықтан, өз­дері тіркеуде жоқ азаматтар сайлауға қа­тыса алмайды. Партия өкілдерінің ай­ту­ынша, бұл – азаматтардың конституциялық құқығының шектелуі, сондықтан 15 қаңтарға дейін бұл мәселе шешілуі тиіс. Партия белсенділерінің айтуынша, қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау үшін кешенді іс-шаралар керек. Сондай-ақ, олар өз бағдарламаларын әрбір сайлаушыға етене жақын деп мәлімдеуде. Социал-демократтар қоғамның әл-ауқат деңгейін әлеуметтік саясатты күшейту арқылы көтеру қажет деп санайды. ЖСДП атынан сайлауға түскелі отырған үміткерлер күнкөріс деңгейінің төмен мөлшерін есептеуді өзін­дік әдістерімен жасамақшы. Партиялықтар еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер көлемін осыған сай есептеп ұсынбақ. Айнаш ЕСАЛИ. * * *

ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ЖАЛҒАСТЫРУДА

Қазақстан Коммунистік халықтық пар­тия­сы Орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев Өскемен қаласындағы тәуел­сіз баспасөз-клубында баспасөз мәс­лиха­тын өткізді. Оған В.Косаревтен басқа ҚКХП-ның Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы Ю.Кушкунов пен қа­лалық мәс­лихат депутаттығына кандидаттар Г.Ботабаева, Н.Борисова, В.Литвинов қатысты. В.Косарев партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасымен таныстырып, ҚКХП алдын­да тұрған перспективалы міндеттер мен оларды шешудің жолдары туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ, алдағы сайлауға байланысты қойылған журна­лис­тердің көптеген сұрақтарына жауап қай­тар­ды. Мәслихаттан соң В.Косарев партия­ның облыстық комитетінің офисінде ҚКХП-дан қалалық мәслихат депутат­тығына кандидаттармен кездесу өткізді. Үгіт-насихат жұмыстарымен Қараған­ды­ға партиядан Мәжіліс депутаттығына кан­дидаттар Жамбыл Ахметбеков, Борис Сорокин және Төлеш Кенжин келді. Серік­тері­нің қолдап, қолпаштауымен олар қала­да­ғы орталық базарда болып, Д.Қонаев атын­дағы университетте сайлаушылармен кездесті. «Шығыс» базарына Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының мүшелері түстен кейін келді. Кіре берісте қызыл жамылғы мен сондай түстегі шарф таққан адамдар пайда болғаны сол еді, базар­да­ғы­лар бірден оларға назар аударды. Халық­шыл коммунистер көптеген сату­шылар мен сатып алушыларды, олардың проб­лема­ла­рын үкіметтік деңгейде көтеру­ге уәде етіп, алдағы сайлауда өздеріне дауыс беруге шақырды. Партияның Ақмола облыстық комитеті мектептерді қолдау мақсатында «Болашақ» акциясын ұйымдастырды. Мамандан­ды­рылған мектепте халықшыл коммунистер ертеңгілік өткізді. Балаларға кітаптар мен сыйлықтар тарту етілді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

* * *

АУЫЛДЫ КӨТЕРУ – БАРШАНЫҢ МІНДЕТІ

«Ауыл» партиясының өкілдері мұ­най­лы өңірдегі ауыл шаруашылығымен көбі­рек айналысатын Махамбет, Қызылқоға аудан­дарына бет бұрды. Ауыл еңбеккер­лері­нің мұң-мұқтажын көбірек білетін, со­ған орай сайлауалды бағдарламасына осы саланың проблемаларын молырақ түзген партия өкілдері келешекте шопандар мен егіншілердің мүддесін қорғауды көздейді. Өңір орталығындағы кездесу Атырау аграрлы техникалық колледжінде жалға­сын тапты. Мұның өзіндік себебі бар. Бұл – облыста ауыл шаруашылығы маман­да­рын даярлайтын бірден-бір оқу орны. Колледжде болашақ мал дәрігерлері мен зоотехниктер, механизаторлар мен балық өнеркәсібінің мамандары дәріс алып жүр. Оқу орнының мәжіліс залына жиналған болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын «Ауыл» партиясының өкілдері өздерінің сай­лауалды бағдарламасымен таныстырды. Ауыл-селолар мен ауыл шаруашылығын да­мытудың жолдары туралы ойларын ор­та­ға салды. «Ауыл» деп аталғанымен, біздің партия қала мен далаға ортақ проблема­лар­ды қамтиды. Себебі, елімізді азық-түлікпен қамтып отырған ауыл шаруашылығы екені даусыз. Ендеше, ауыл тұрмысы, ондағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын бар­ша­мыз бірлесіп шешуіміз керек. Өйткені, ауыл – қазақтың алтын бесігі». Бұл – «Ауыл» партиясы өкілдерінің жүрекжарды пікірі. – Ауыл шаруашылығы саласын өркен­дету үшін лизингтік жолмен жұмыс жасау тиімдірек болады. Бұл салада бірден та­быс­қа жету мүмкін емес. Яғни, ұзақ үдеріс шыдамдылықты қажет етеді. Сол себептен, ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді несие берілуі керек деп есептейміз. Біз осы мә­се­ленің оң шешілуін қалаймыз. Бұл – біздің бағдарламамыздың басты тармағы, – дейді «Ауыл» ҚСДП төрағасының орынбасары, академик Көпмағамбет Елемесов.  Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * *

 ӘДІЛЕТТІЛІККЕ ҮН ҚОСУДА

«Әділет» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары біздің өңірде де белсенді жүргізілуде. Облысқа Парламент Мәжілісіне депутаттыққа «Әді­лет» партиясының тізімімен түскен үміт­керлер – партия төрағасының бірінші орын­басары Уәлихан Қайсаров және төр­аға орынбасары Мәди Артығалиев келді. Олар Ақтөбе қаласындағы «Бұлбұл» бала­бақшасының, Қ.Жұбанов атындағы университет пен колледж қызметкерлерімен және студенттерімен кездесті. Ақтөбе қала­сындағы №КА–168/1 қылмыстық-атқару жүйе­сі мекемесінің қызметкерлерімен, жыл­жымалы механикалық стансадағы темір жол қызметкерлерімен, №7 лицей ұжымымен де жылы жүзді жүздесулер өткізілді. Кездесулердің басты мақсаты «Әділет» партиясының бағдарламасымен халықты таныстыру, тұрғындардың көкейкесті мәсе­ле­лері бойынша сұрақтарына жауап беру, сонымен қатар, азаматтарды белсенді түрде сайлауға қатысуға шақыру болып табылады. Олар бұл жұмыстарды өңірде ұйымшыл­дық­пен өткізуде. Әділеттіктер Қазақстан Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға өздері ұсынған үміткерлердің сайлауда жеңіске жететініне сенімді. Жүздесулерде “Әділет” демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Уәлихан Қайсаров партияның сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын жүйе­лей әңгімелеп, бірталай өзекті мәселелерге тоқ­талды. Ол Отанымыз үлкен мүмкін­дік­тердің алдында тұрғанын, өздерінің мақсаты – күрмеуі қиын мәселелердің түйінін шешуге құқықтық тұрғыдан көмектесу екенін жеткізді. Қазақстанның «Әділет» демократиялық партиясынан Парламент Мәжілісі депу­таттығына кандидаттар сондай-ақ «Капитал Плаза» бизнес-орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, оған облыстағы қоғам­дық бірлестіктер өкілдері, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, денсаулық сақтау орган­да­ры­ның қызметкерлері және мүгедек азаматтар мен шетелдік байқаушылар қатыс­ты. Мұнда да Парламент Мәжілісіне және бар­лық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау­дың ашық және заңдылықтарға сай өт­кізілуі, еліміздің экономикалық дамуына қатысты мәселелер төңірегінде, құқық және заңды­лық талаптарын сақтау жайы әңгіме болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.