Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда. Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде» деді.
Расында, жаңа ғасырдың екінші онжылдығындағы әлем адам танымастай өзгерді. Жаңа ғасыр, төртінші өнеркәсіптік революция бізге өзінің жоғары сападағы, ғылыми-технологиялық жаңалықтарымен ғана келген жоқ. Біздің алдымызға жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерді ала келді. Соның ішіндегі ең қауіпті де шетін сын-қатер – діни алауыздық, экстремизм мен терроризм.
Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризмнің жергілікті немесе жаһандық сипаты жоқ. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл проблема тоғысып, бүгінгі күні бүкіл әлемнің басты қатерлерінің біріне айналып отыр. Бұл қатердің бұлтын сейілту үшін саяси ерік-жігер мен парасаттылық, діни ымыра мен татулық қажет. Осы тұрғыда 10-11 қазан аралығында Астанада өтетін VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі дүние жүзі көз тігіп отырған, халықаралық ауқымдағы беделді басқосу екені даусыз. Себебі біріншіден, діни сипаттағы шиеленістер, қақтығыстар, экстремизм мен терроризм өршіп тұрған қазіргідей уақытта халықаралық қоғамдастық та, мемлекеттер мен халықтар да бейбітшілікке, толеранттылыққа үндейтін, қару мен өшпенділік емес, бірлік пен имандылық жолын ұсынатын осындай жоғары дәрежедегі диалогқа зәру болып отыр. Екіншіден, діндер арасындағы диалог көпконфессиялы, көпэтносты мемлекетте тыныш та бақуатты өмір сүрудің соны үлгісін қалыптастырған, халықаралық, өңірлік деңгейде әрдайым бейбіт әлемнің дәнекері, жақтаушысы болып келе жатқан Қазақстанда өткізіледі. Үшіншіден, елімізде алтыншы мәрте өткізіліп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері жиынының дінаралық қарым-қатынас пен диалогтардағы тарихы мен бай тәжірибесін, табысты нәтижелерін де ескеру керек.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, алғаш рет 2003 жылы шақырылған болатын.
Осы жылғы 13 ақпанда мұсылман, христиан және еврей ұйымдары қатысқан, діндердің, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарған бейбітшілік пен келісімнің Халықаралық конференциясында Мемлекет басшысы сөз сөйледі және барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасын айтты. Бастама қызу қолдау тапты.
Қазақстан бастамасының аса өзектілігі мен өміршеңдігін 2003 жылы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезі-ақ әйгілеп берген болатын. Осы жиында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Съезд өткізетін арнайы ғимарат салу жоспарын жариялап, келесі кездесуді жаңадан салынатын «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткізу туралы шешімін хабарлады.
Дінаралық саммит жұмысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезіне қатысушылардың Декларациясы қабылданды. Осылайша, алғашқы күннен бастап Астана съезінің маңызы мен ауқымы айқындалған еді.
Сол уақыттан бері 2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес басқосуы өткізілді. Бұл басқосуларға әлемдегі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге де дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері дерлік қатысты.
Тіпті, саяси, теологиялық тұрғыдағы қатынастары аса қайшылықты саналатын, ғасырлар бойы өзара дүрдараз болып жүрген дін жетекшілері де Астана төрінде бір үстелде отырды.
Бүгінгі дәуірдің рухани қайраткерлері, гуманитарлық ойдың алып өкілдері мен ғұламалар, БҰҰ Бас хатшысы, корольдер мен мемлекеттер басшылары қатысып, сөз сөйледі.
Съездің пікірталас алаңдарында діни қауымдастықтарды рухани жақындастыруға бағытталған мазмұнды әңгімелер айтылды, азаматтарға, халықтар мен үкіметтерге жолданған декларациялар мен үндеулер қабылданды.
Астана съезі ешқашан өзінің алдына қойған қағидаттары мен мақсаттарынан айныған емес.
Биылғы 10-11 қазанда өтетін басқосудың жөні тіпті бөлек.
Геосаяси, геоэкономикалық жағдай жыл сайын емес, ай сайын, күн сайын өзгеріп жатыр.
Адам өмірінің айнымас қағидаттары саналып келген бейбітшілік пен келісім, төзімділік төңірегіндегі әңгімелерді қайта оралған «Өркениеттер қақтығысы» ұғымы ығыстыра бастағандай.
Мемлекетаралық сауда соғыстары, Мьянмадағы діни зорлық-зомбылық, Сириядағы ұзаққа созылған шиеленіс, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық және т.б. баршамызды осы әлемдік құбылыстарға басқа, жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүрлейді.
Ауғанстандағы ахуалдың қайтадан ушығуы Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға да салқынын тигізетіні алаңдатпай қоймайды.
Мұндай жағдайда біз үшін Қазақстанның ішкі, сыртқы қауіпсіздігін бекемдеп, діни тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау міндетіміз екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шаралар өз нәтижесін беріп отыр.
Қазақстандағы діни ахуал – тұрақты. Мемлекеттің дін қатынастарын реттеудегі зайырлылық ұстанымы халықтың қолдауына ие. Елдегі 18 діни конфессияның өкілдері діни бостандықта, толерантты, тату-тәтті өмір сүруде. Біз қазіргі уақытта дін саласындағы уәкілетті орган қызметінің жаңа бағыт-бағдарларын жасап, іске асырып жатырмыз. Соның ішінде, негізгі қағида – халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу, қоғамдық ортада, жастардың арасында үздіксіз ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастыру болып табылады. Ол үшін Қоғамдық даму министрлігі жанынан діни мәселелер жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған.
Жетекші ислам ұйымының әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әсіресе отандық діни кадрлардың, имамдар мен теологтардың біліктілігін арттыру тұрғысында кешенді шаралар қолға алынды. «Нұр-Мүбарак» университеті жанынан діни экстремизмнің алдын алу саласында теологтарды қайта даярлау жөніндегі институт құрылды. Орта мерзімдік стратегиялық бағыттарды айқындайтын, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылуда.
Сондай-ақ рухани және ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыруға, қазақстандық қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізілуде. Қазақстан діни бостандық мәселесі бойынша халықаралық, құқықтық міндеттемелерін де мүлтіксіз орындап келеді.
«Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Қазақстанның дін қатынастарын реттеудегі осы үлгісі де сөз болары анық.
Астана съезінде Қазақстанның осы саладағы жетістіктері лайықты аталып өтеді деп ойлаймыз.
«Қазақстанның бастамасы бойынша шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де осы заманғы діндер арасындағы жаһандық үнқатысудың құрамдас та ықпалды бөлігіне айналды. Ол елеулі рөл атқарып, діни лидерлердің, діндер мен халықтардың арасындағы өзара түсіністіктің өсуіне жәрдемдесуде» деп Елбасымыз айтқандай, Астанадағы әлем дінбасыларының жиыны табысты өтіп, тәуелсіз еліміздің әлемдік дәрежедегі абыройы мен беделін тағы да асқақтата түседі деген сенімдеміз.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі